Жаңалықтар

Еліміздің ең үздік полицейлері Ақтөбеде жиналды

Ақтөбе облысында «Ерлік — елге мұра, ұрпаққа — үлгі» ұранымен «Қазіргі заман қаһарманы» атты республикалық акция басталды. Осыған орай Ақтөбедегі Nur Otan партиясының мәжіліс залында дөңгелек үстел өтті.

Аталған шараға ҚР ІІМ кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев, облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов, облыс прокуроры Марат Қайбжанов, ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментінің бастығы Марат Ирменов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Мирлан Мұхамбетов, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, полиция қызметінің ардагерлері, еліміздің әр түкпірінен келген, ерлігімен көзге түскен, ержүрек 14 полицей қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов кіріспе сөз сөйледі. Ал Қазақстан Республикасы ІІМ кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Бейсеев қазіргі уақытта мемлекет пен қоғам полиция қызметкерлеріне жаңа талап қойып отырғанын, оның бастысы — тұрғындардың ішкі істер органына сенімін күшейту екенін баса айтты. «Сондай-ақ, біз қазіргі заман талабына жауап беретін Қазақстан полиция қызметкерінің жаңа бет-бейнесін қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды түбегейлі қайта қарауымыз керек», — деп бір түйіндеді Бақытжан Бейсеев.

Дөңгелек үстел басында қатысушылардың біразы сөз сөйледі. Айталық, Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Шериязданов аудандық ішкі істер бөлімімен бірігіп, қылмыстардың алдын алу, ұрлықты болдырмау бағытында көптеген жұмыстар атқарып жатқандарын, негізі, полицейлерді қолдау, ынталандыруға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп отырғандығын тілге тиек етті.

«Қазіргі заман қаһарманы» акциясына қатысушы он төрт полицейдің бірі — ақтөбелік Жандарбек Әбішев. Он жыл бұрын өз қызметін мамандандырылған күзет қызметі басқармасынан бастаған Жандарбек — қазір облыстық ҚАЖ департаментінің КА-168/3 мекемесінде режим бөлімінің жедел уәкілі, кіші лейтенант. Ол өзінің қандай ерлігімен көзге түскенін баяндап берді.

— Биыл қаңтар айында Қарасай батыр көшесіндегі бір үйде оқыс оқиға орын алды. Мен ол кезде үйімде демалып жатқан едім. Бір қыз баланың көмек сұрағанын естіп, солай қарай бардым. Барсам, бір кісі енесін бес жерден, әйелін жеті жерден пышақтап үлгеріпті. Әйелінің аяғы ауыр екен. Дереу қылмыскердің қолын қайырып, ішкі істер бөліміне хабарласып, полицейлерді, сосын жедел жәрдем шақырдым. Оқиға үстінде ұсталған жігіт Қылмыстық Кодекстің 99-бабының 2-бөлігімен 11 жылға сотталып кетті. Қазіргі таңда әже мен жүкті келіншек емделіп, тәуір боп кетті. Айтпақшы, жүкті келіншек аман-есен босанды. Менің орнымда басқа адам болғанда да осылай жасар еді, — дейді Жандарбек Әбішев.

Алайда енесі мен әйеліне бірнеше мәрте пышақ салған адам мұны да жарақаттауы мүмкін еді ғой… Полиция қызметкерлері осындай қылмыскерлермен күн сайын бетпе-бет келіп жатады. Мемлекет пен қоғам ішкі істер органдарының әрбір өкілінің жанқиярлығын жоғары бағалайды.

Дөңгелек үстел аясында жергілікті атқарушы органдардың, күш құрылымдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен басшылары ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың Алғыс хаттарымен марапатталды.

Батыр полицейлер бұл күні Ақтөбе қаласындағы №21, №60, №10, №40 мектептер мен Н.Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінің оқушыларымен кездесіп, онда өздерінің қызмет барысындағы қызықты да қиын сәттері туралы әңгімелеп берді. Сондай-ақ, оқушыларға полицейлердің өмірі бейнеленген бейнероликтер көрсетілді.

Аталған акция 15 қарашаға дейін Ақтөбе облысында жалғасады. Батыр полицейлер акция аясында Хромтау мен Темір аудандарына барып, оқу орны мен мектеп оқушыларымен кездесетін болады.

Ал 15 қараша күні Өнер орталығында салтанатты шарамен түйінделеді деп жоспарланып отыр.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button