Жаңалықтар

Медиацияның маңызы артып келеді

Сейсенбі күні Шығармашылық академиясында Ақтөбе қаласы әкімі Мавр Абдуллиннің қатысуымен «Инвестициялық, еңбек, отбасылық және әлеуметтік дауларды реттеу үшін келіссөздер мен медиацияның заманауи технологиялары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Ақтөбе қаласы Астана ауданы  әкімдігінің ұйымдастыруымен дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеудің баламалы тәсілдерін талқылау үшін өткен шараға  Алматы қаласынан арнайы келген «Қазақстан медиаторлар ассоциациясы» ЗТБ  Бас директоры, медиатор-жаттықтырушы, кәсіби медиатор Жанділдә Жақыпов, судьялар мен прокурорлар, Nur Otan қалалық партиясының филиалының өкілдері, қалалық маслихат депутаттары, облыстық кәсіподақ қызметкерлері, ардагерлер ұйымы, мемлекеттік қызметшілер қатысты. Дөңгелек үстелге қатысушылар қақтығысты төмендету, даулардың алдын алу және шешу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау жөніндегі шараларды, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін проблемалық әлеуметтік мәселелер мен ұсыныстарды талқылады.

— Елімізде күн сайын мемлекеттік құрылымдар, сот және құқық қорғау органдары, түрлі ұйымдар өз қызметтерінде медиация әдісін қолданады. Тек осы жылдың өзінде елімізде 400-ден астам медиация кабинеті ашылып, 1000-нан астам татуласу орталығы іске қосылды.

Бүгінде әлемнің көптеген дамыған елдері бұл бағытта қарқынды жұмыс жасауда. Олардың кез келген полиция пункттері мен құқық қорғау органдары ғимараттарында медиаторлар кабинеті жұмыс жасайды. Мәселен, Испания елінде дауласушылар сотқа бармай тұрып алдымен медиаторлармен кездесу өтеді. Өйткені мұнда медиаторлармен кездеспей тұрып, ешкім тікелей сотқа бара алмайды.

Медиация әдісі біздің қоғамға да жат ұғым емес. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, ХVІІ-ХVІІІ ғасырда біздің елімізде түрме деген ұғым болмаған. Адамдар арасында пайда болған дауларды ақсақал-билер өзара реттеп, нағыз кінәлі адамдарға жаза түрлерін қолданып отырған. Еліміздің тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтып өткендей, түрме адамды ешқашан тәрбиелемейді, — деді шарада сөз алған Жанділдә Жақыпов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта заң жобасы әзірленді, ол қазір Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында қарауда. Заң жобасында отбасылық істер бойынша, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің еңбек даулары бойынша сотқа дейінгі міндетті медиация енгізілуде, дауларды жеке санаттары бойынша талап қою үшін мемлекеттік бажға жеңілдіктер қарастырылған. ҚР Үкіметінің сайтында медиаторлардың бірыңғай республикалық тізілімін жүргізу, медиация саласындағы уәкілетті органды анықтау, сараптама, аударма, медиация рәсіміне тартылған маман туралы нормалар енгізілді.

Шара соңында Ақтөбе қаласы әкімдігі мен «Халықаралық құқық қорғау орталығының» РҚБ Батыс Қазақстан Аймақтық филиалымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Айта кетейік, медиатор — дауласушы тараптарға жанжалды бейбіт жолмен шешуге көмектесетін бітімгер. Оның көмегі арқылы тараптар дауды бейбіт жолмен шешеді. Елімізде жасы 25-ке толған, кез келген мамандық бойынша жоғары білімді азамат Халықаралық құқық қорғау орталығының Медиаторлар мен келіссөз жүргізушілер мектебінде дайындық курсынан өтіп, медиатор бола алады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button