Жаңалықтар

Көрме — достық көрінісі

Ақтөбе қаласындағы «Жұбановтар әлемі» мәдениет және өнер шығармашылық орталығында Қытай Халық Республикасының құрылуына 70 жыл толуына орай «Жетістіктің 70 жылдығы» атты фотокөрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Фотокөрменің мақсаты  — аспан асты елінің уақыт межесіндегі өткені мен бүгінін және болашағын көрсету.

Шараның ашылуына Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо қатысты.
Бізді осы шараның ұйымдастырушысы ретінде көрмеге келетін көрермендердің көп болуы қуантады. Бұл көрмеде қысқаша Қытай Халық Республикасының құрылғаннан бері жүріп өткен 70 жылдық жолын көрсеткіміз келді. Қытай елі үшін бұл айрықша жылдар болды. Осы жылдарда Қытай халқы бірігіп, экономикасы еселенген, өндірісі дамыған елге айналды.

Көрмені Ақтөбе қаласымен бірге, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Шымкент және Павлодар қаласының тұрғындары тамашалай алады. Ақтөбе — Қазақстандағы ең дамыған әрі ірі облыстардың бірі. Мұндай шаралар екі ел арасындағы бірнеше жылдар бойы қалыптасқан көршілес қатынасты нығайтуға сеп болады. Бұған биыл қыркүйекте қос мемлекеттің Президенттері қатысқан Пекиндегі ұлттық жиын үйінде өткен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік қатынасты дамыту шешімі дәлел, — деді Чжан Сяо.  

Сонымен қатар шарада Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Халықаралық қатынастар орталығының директоры Гүлжан Шоқым ұйымдастырушыларға  ризашылығын білдірді. Фотокөрменің мәдени құндылықтармен алмасып, достық қарым-қатынасты реттеудегі маңызды рөлін атап өтті.

Фотокөрме «Қытай халқының аяққа тұруы», «Алға, жаңа дәуірге нық қадам» және «Реформалар мен ашықтықтың жарқын сәті» атты 3 тақырып бойынша жинақталған. Суреттер 70 жылға жалғасқан аспан асты еліне тән социализмді құрудағы қиындықтарды да паш етеді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button