Пікір

Қаламгерлерге құрмет көрсетілетіні қуантады

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы:

— Ақтөбе — қазақтың әдебиетіне, мәдениеті мен өнеріне талай дарынды тұлғаларды, ұлы таланттарды сыйлаған қасиетті өңір. Ақтөбеде Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толуына орай республикалық деңгейдегі үлкен форумның ұйымдастырылуын біз қуана құптадық. Оның үстіне, форумның аясында осы өңірден шыққан қазақтың аса дарынды ақын-жазушылары Ізтай Мәмбетов, Сағи Жиенбаев пен Тобық Жармағамбетовтердің мерейтойлары атап өтіліп, олардың есімдерін ұлықтап, құрметтеуге арналған бірқатар шаралар өткізілгелі отыр. Біз осыған ерекше ризамыз.

Ізтай ақын, Сағи мен Тобық — қазақ әдебиетіне үлкен олжа салған қаламгерлер. Жазушы Тобық Жармағамбетов пен Ізтай ағамызды мен көрген жоқпын, ал Сағаңмен Сағи Жиенбаевпен 1979-1983 жылдар аралығында бір ұжымда қызмет еттік. Сондықтан өмірде де, өлеңде де ол кісіден үйренгенім көп деп айта аламын.

Ізтай Мәмбетов — ең алғашқы «Табантал» кітабымен-ақ бүкіл әдеби қауымды, жырсүйер қалың оқырманды өзіне жалт қаратқан ақын. Оның:

«Мен туыппын ақпандатқан боранда

Кім біледі, бәлкім, әлде содан ба?!

Алақұйын мінезім бар ашулы,

Қапелімде басылам ба, болам ба?!» — деп басталатын өлеңін бәріміз де жаттап өстік.
Қазақ поэзиясынан ойып алған орны бар Ізтай ақынның лирикалық өлеңдері ешкімге ұқсамайтын, шымыр, шебер сөз қолданыстарымен ерекшеленеді, оның балталасаң бұзылмайтындай ұйқастары, сезіммен, пайыммен суғарылған шумақтары бір оқығаннан баурап, ешқашан ұмытылмай, тіл ұшында тұрады. Ізтай ақын Ғафу Қайырбековпен егіздің сыңарындай болған деседі. Егер өмірден тым ерте кетпегенде, Ізтай Мәмбетов біздің әдебиетіміздің ең төрінен орын алып, ең биік сый-құрмет пен атақ-даңққа лайық тұлғаға айналған болар еді деп ойлаймын.

Өзім көзін көрген, үлгі-өнеге тұтқан Сағи ақын да, өкінішке қарай, 60 жасқа енді келген туған күнінде өмірден өтті. Қазақтың жан серігі саналатын жылқы лай суға жоламай, тұнық суды таңдап ішеді. Сол тәрізді Сағаң да өлеңнің тұнығын ғана жазып, бізге ең бір мөлдір, аппақ ағыстардан құралғандай, ғажап мұра қалдырып кетті.

Мен Сағи Жиенбаевтың 60 жылдық мерейтойына орай «Жорға жырдың сейісі» деген мақала жазған едім, оны туған күнінде газетке беріп, қуантпақ болдық. Бірақ ақын кенеттен көз жұмып, бұл мақала кейінірек жарыққа шықты. Ақтөбеде Сағи ақынның мерейтойлары аталмай қалған тұстар да болды. Сонда осы мәселені «Қазақ әдебиеті» газетінде көтердім. Сағи — ұмытуға, елеусіз қалдыруға болмайтын тұлға. Ол — өзінің тұстастары Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұқағали Мақатаевтармен терезесі тең, қазақтың поэзиясына солармен бірдей еңбек сіңіріп, үлес қосқан ақын.

Тобық Жармағамбетов те қазақтың ерте танылып, өмірден тым ерте кеткен талантты перзенті. Ол өзінің алғашқы әңгімелерімен-ақ болашағынан үлкен үміт күттіретін дарынды жазушы ретінде ауызға ілікті. Оның 1957 жылы жарыққа шыққан «Егіз жүрек» әңгімесі талай оқырманды тебірентті. Ал «Отамалысын» алғаш оқығанымда, нақ бір философиялық өлең оқығандай, естен кетпес ерекше әсерде болғаным есімде. Оның шығармаларының қазақ прозасының ең үздік туындылары қатарынан орын алуға лайық екендігі — еш даусыз жайт. Сонымен бірге, оның адамгершілігі, ізіне ерген жастарға деген қамқорлығы — өз алдына бөлек, үлкен әңгіме. Кезінде жырсүйер қауым: «Қазақ поэзиясына өз Пушкині келді» деп зор қуанышпен қабылдаған Өтежан Нұрғалиевтің ең алғаш жарыққа шығуына себепкер болған да Тобық Жармағамбетов еді. Қазақтың осындай аяулы перзентінің нағыз кемел шағына енді аяқ басқан 39 жасында өмірден өткені өкінішті-ақ…

Мен, әрине, Ақтөбе топырағынан шыққан басқа да көрнекті қаламгерлер, соның ішінде қазіргі қазақ поэзиясының мақтаныштары — Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаевтар туралы да айтқан болар едім, бірақ әңгімеміз ұзап кететін секілді…

Бір атап өткім келетіні, осындай таланттар шыққан өңірге солардың қадірін білетін, руханиятқа, өнерге жанашыр басшы келіп, қалың жұртшылықтың көңілін әдебиетке, ақын-жазушылардың мерейтойларына бұратын іс-шараларды қолға алуы бізді қуантады. Ақтөбеде өтетін әдебиет форумына сәттілік тілеймін!

Басқа жаңалықтар

Back to top button