Пікір

Күтеріміз көп…

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ,

ақын, филология ғылымдарының докторы

Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдығы — республикалық деңгейде атап өтетін, ауыз толтырып айтуға тұрарлық үлкен іс-шара. Осы орайда биыл республикада жақсы істер атқарылып жатыр. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында ұйымдастырылып жатқан форумдар соның дәлелі әрі осы іске есеп беруге арналған шаралар деп ойлаймын. Сол сияқты Ақтөбе өңірінде өткелі отырған әдеби форумның да үлкен мәні бар.

Ақтөбе өңірі — мәдениеттің үлкен ошағы. Бұл жер, ар жағына барсақ, ірі-ірі классиктер — Тахауи Ахтанов, Тобық Жармағамбетов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, одан бергіде Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Гүлімай Әбішқызы сияқты белгілі ақындар дүниеге келген өскен құтты мекен.

Жалпы қазақ мәдениетін, қазақ әдебиетін сөз еткенде бұл өңірдің алатын өзіндік орны бар. Осы өңірде туып-өскен, қалам тербеп жүрген, керемет туындыларды дүниеге әкелген әдеби ортаның өзі үлкен қарашаңырақ — Қазақстан Жазушылар одағының бір жақсы жерден, киелі қоныстан жарқыратып тіккен әдемі отауы сияқты. Сондықтан осындай үлкен форумның Ақтөбе жерінде ұйымдастырылуы қазақ қаламгерлерінің, оның ішінде Ақтөбе жерінде туған, осы жерде өмір сүріп жатқан қаламгерлердің жалпы руханиятта алатын беделді, салмақты орнын көрсетеді деп білемін.

Ақтөбе топырағының даңқты ұл-қыздарын, жалпы қазақ әдебиетіндегі белгілі қаламгерлердің, ақын-жазушылардың басын қосатын бұл форумнан біз рухани азық болар құнды дүниелер мен көпке дейін есте сақталатын ерекше сәттерді күтеміз.

Сөзімнің соңында мен осы форумды ұйымдастыруға атсалысқан барлық азаматтарға өз алғысымды айта отырып, ақтөбелік қаламгерлерге шығармашылық табыстар тілеймін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button