Пікір

Билік пен әдебиеттің арасы жақындай түсті

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ, ақын,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты
Жақында әлеуметтік желіден ақын Бауыржан Бабажанұлының «Ақтөбеде Әдебиетшілер үйі салынады» деген сүйінші хабарын оқыдық. Оның алдында облыс әкімдігінің қолдауымен  ақтөбелік ақын-жазушылардың кітаптары шығып жатқанын білдік. Билік пен әдебиеттің арасы жақындай түскеніне қуандық.  Осындай сүйінші хабар өзге облыстарда да болса деген тілегіміз бар.

Қазақстан Жазушылар одағы — руханияттың қара шаңырағы. Одақтың 85 жылдық мерейлі мерекесінің Ақтөбеден басталуы әдебиетке деген құрметті көрсетеді. Біз осындай құрметке ризамыз. Қазір уақыт, қоғам жаңарып жатыр. Бұрынғы кеңес дәуіріндегі ақын-жазушылардың қадір-қасиетін қайтадан өз биігіне қайтаратын кез келді. Бұл — уақыттың талабы. Жазушылар одағына жаңа басшылық келген екі жылдың ішінде біраз шаруа атқарылды. Ақын-жазушылар басқа мемлекеттермен байланыс орнатты. Түрлі халықаралық форумдардың өтуі игілікті іске айналды. Себебі бұрын ақын-жазушылар томаға тұйық, қарым-қатынасы жоқ, бірін-бірі тек өлім-жітімде ғана көретін еді. Облыстық филиалдарда жан жоқ болатын. Жаңаша бір бетбұрыстың келе жатқаны қуантады. Жылылық байқалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» деген 13 томдық шығарылды. Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалға жаңа ғимарат беріліп, жақында ашылуы болады. Билік пен халық арасындағы алтын көпір саналатын ақын-жазушылардың баяғы биігіне шығуына осылай қадам жасалып жатыр. Соның бір шынайы көрінісі — Ақтөбедегі осы форум.

Басқа жаңалықтар

Back to top button