Пікір

Нарықтық дамудан рухани дамуға өтуіміз керек

Мирас АСАН,

Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты:

Форум аға буын мен жаңа буынды жақындастыратын тетік дер едік.

Бүгінде бәрі виртуалды болып кеткенін жасыра алмаймыз: онлайн-ойлар, онлайн-оқырман, онлайн-кітап, онлайн-өмір. Бұл адамзаттың жедел дамуына қарқын қосты дегенімізбен, кейбір моральдық нормаларды адам өмірінен алыстатып үлгерді. Кейде кітап оқу, ақынмен жүздесу, сырласу сияқты сезім құндылықтарын өмір салтымыздан мүлдем алып тастағандай сезінемін.

Бұл ретте осы сезімдерді жүйке-жүрегімен бірінші кешетін ақын-жазушылар деп ойлаймын. Шығармашылық адамдарына еркіндік керек десек, әдеби ортамен араласу ой еркіндігіне қанат бітіреді. Ақтөбеде өтейін деп жатқан форумнан үлкен серпіліс күтеміз. Себебі, ақын-жазушылар жаңағы «онлайн шығармашылықтан» осындай кездесулерде ғана арылатын дәрежеге жеттік. Өмірде өзін көрмеген, бірақ жақын адамдай танитын оқырмандармен кездесу, жаңа ақындарды жолықтыру біз үшін аса қажет.

Ақтөбе біз үшін жастықтың жанары сияқты жарқырай елестейді. Ол ойымыздың рас екеніне жақында жарық көрген бір топ жас ақынның жауқазын кітаптары арқылы көз жеткіздік. Әдеби форумдардан қоғам қашпауы керек. Өткенде Азия елдері қаламгерлерінің І форумында қырғыз ағайындардың ақынымен қатар отырып қалдық. Өздерінде мұндай форумдардың жиі өтпейтінін айтып, ренжіп отырды. Қазақстанның идеялогиялық даму бағытына оң баға бере сөйлеп отыр. Кей кезде көпшіліктің пікірі мұндай форумдардың бес тиынға қажеті  жоқтығын айтып, мұқатқандай болады. Ол — қате байламр. Біз, нарықтық дамудан рухани дамуға жедел өтуіміз керек. Бұл форумдар — сол жолда жасалып жатқан ізгі қадамдардың бірі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button