Жаңалықтар

Қытай елшісімен кездесті

Дүйсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяомен кездесті, — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында екіжақты әлеуметтік-экономикалық, білім, мәдени қарым-қатынастар жайы сөз болып, аймақ басшысы Ақтөбеге алғаш рет келіп отырған Чжан Сяоға облыстың қарқынды дамушы өңірекендігін жеткізді.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пекинде өткен Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің алтыншы отырысының ашылуында Қытай Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда және экономикалық әріптестерінің бірі екендігін айтты.

Мәселен, тек биылғы жылдың 8 айының өзінде Ақтөбе облысы мен Қытай арасындағы

тауар айналымы 664,6 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 34%-ға өсті, — деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келісім аясында Ақтөбе облысында 695 миллион АҚШ долларын құрайтын 4 жоба іске асырылуда.

Кездесу барысында облыс әкімі Оңдасын Оразалин  жоғары технологиялық жобалар ашуға ниетті инвесторларға толық жағдай жасалатындығын, дегенмен де инвесторлар тарапынан қызметкерлердің жалақысын арттыру, қызметкерлерді оқыту, қауіпсіздік техника мен экологиялық талаптар сақталуы тиіс екендігін айтты.

Екі ел арасындағы мәдени байланысқа тоқталған облыс әкімі:

— Ақтөбе облысының мақтанышы Димаш Құдайберген алғаш рет Қытайда әлемге танымал болды. Қытайдағы жанкүйерлері әлемнің түрлі елдерінде Димашпен бірге жүреді. Мұның бәрі туристер арасында Ақтөбе облысының танымалдығын еселеп көтереді,— деді.

Өз кезегінде ҚХР ҚР-ғы Төтенше және өкілетті елшісі  Чжан Сяо Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 27 жыл бойы екі мемлекеттің достық қарым-қатынасын нығайтуға қосқан зор үлесі мен үлгілі сара жолын әрі қарай жалғастыру қажет екенін жеткізді. Елші сондай-ақ инвесторларға қатысты айтылған пікірмен келісетіндігін және осы бағытта жұмыстар жасалатындығын айтты.

Жиын соңында облыс басшысы бұл кездесу екіжақты мәдени, білім, әлеуметтік экономикалық саланың дамуына септігін тигізеріне сенім білдірді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button