Спорт

Біздің фристайлшы әлем чемпионатына қатысады

Ақтөбелік Нұрсейіт Досмағамбетов фристайл футболынан 13 қарашада Майамиде өтетін әлем чемпионатына қатысады. Жерлесіміз 2014 және 2017 жылдары Қазақстан чемпионатында күміспен күптелсе, 2015, 2016 жылдары алтын медаль иеленген. Сегіз жылдан бері осы спорт түрімен кәсіпқой деңгейде айналысып жүр. Күнделікті 4-5 сағатын жаттығу жұмыстарына арнайды. Бүгінде Нұрсейіт өз есімін республикаға ғана емес, әлемге танытып үлгерді. Әлемдік деңгейдегі жарыстарда да жеткен біршама жетістіктері бар. Халықаралық онлайн турнирлердің чемпионы. Биыл Қазан қаласында өткен Ресей ашық біріншілігінде қола жүлде жеңіп алса, Уфадан алтын медальмен оралды. 2015 жылы Джакартада жалауын желбіреткен Азия чемпионатына қатысып, үздік 10 фристайлшының қатарына кірген. 2017 жылы Чехия астанасы Прагадағы «Superball 2017» ашық әлем чемпионатында бағын сынап, өзін үздік қырынан көрсеткен. Ол Майамидегі әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы қатысатындығына қуанышты екендігін жеткізді.

  • Бұл жарысқа Қазақстан құрамасы өз тарихында алғаш рет қатыспақ және ол жерде сайысқа түсетініме қуаныштымын. Бұл нағыз чемпиондардың турнирі. Себебі әр елдің атынан бірінші нөмірлі фристайлшылар қатысып, әлемдік аренада жүлдеге таласады. Бұл турнирге қатысуыма Әлемдік фристайл футбол федерациясы демеушілік жасап отыр, — дейді спортшы.

Сонымен қатар, ақтөбелік спортшы басқа фристайлшылардың жасайтын әдіс-тәсілдерін қайталамай, жеке шеберлігіне сүйенетінін айтып өтті.

— Менің жеке мойындайтын кумирім жоқ. Мотивацияны өзімнен аламын. Әлемдік деңгейдегі фристайлшылардың әдістерін қайталамай, жеке стилімді қалыптастырғым келеді. Әлем чемпионатына қатысуыма да сол көмектесті. Бұл спортты 2009 жылдан бері білемін. Ғаламтордан кәсіпқой деңгейдегі фристайлшылардың бейнежазбаларын көргенде әдістерді үйренетініме күмән басым болды. Бірақ 2012 жылдан бастап осы спортқа толықтай бет бұрдым. Маған жалғыз жаттыққан ұнайды, нәтижелеріме де көңілім толады, — дейді ол.

21 жастағы Нұрсейіт биыл Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін транспорттық технологиялар мамандығы бойынша тәмамдаған. Бірақ білім алған мамандығын емес, спортты таңдаған. Нұр-Сұлтан қаласынан спорттық мекемені жалға алып, 20 шақты баланы осы спорт түрінен жаттықтырып жүр. Бүгінде ол Майами қаласында өтетін әлем чемпионатына қызу дайындалып жатыр.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button