Басты жаңалықтарМәдениет

«Екі жұлдыз» — ерекше жұп

«Екі жұлдыз» гала-концерті мүгедектігі бар талантты ақтөбеліктердің жаңа мүмкіндіктерін ашты.

Қалалық Мәдениет үйінің концерт залы танымал артистермен бірге жастарды да қолдауға келген адамдарға толы болды. Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының атқарушы директоры Гүлмирам Сражова бұл шара әншілерді ғана емес, мемлекеттік мекемелерді де тағы да бір рет ортақ іске жұмылдырып отырғанын әңгімеледі.

— Біздің қормен бірге бұл жобаны әзірлеуге облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама, ішкі саясат және жастар саясаты жөніндегі облыстық басқармалар да қатысты. Қабілетті жастарды қолдауға бағытталған мұндай шаралар он жылдан астам уақыттан бері жүргізіліп келеді. «Екі жұлдыз» бағдарламасымен бірге «Алтын жүрек», «Қала мен бала» фестивальдары да дәстүрлі түрде өткізіледі, — дейді ол.

— Бұл байқаудың алғашқы кезеңі облыс аудандарында өткізілді. Қазылар алқасының мүшелері мүгедектігі бар әншілердің өнері қамтылған отыздан астам аудио және бейнежазбаларды қарап шықты. Олардың арасындағы үздіктері осылайша (Ақтөбе қаласы, Шалқар, Ойыл аудандары) кәсіби әртістермен бірге сахнаға шығуға мүмкіндік алды. Сөйтіп, сахнаға сегіз жұп шықты.

Ақтоты Нетуллина мен Нұртас Омаров, Назым Жұрымбай мен Еркебұлан Құмаров, Эрик Ибрагимов пен Гүлхан Бөрібасова, Мейрамбек Қаныбеков пен Бағдат Балмағамбетова Отан, ана, достық, махаббат туралы танымал әндерді орындады. Конкурсқа қатысушылардың барлығына дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Ұйымдастырушылардың ойластыруымен әншілер сол бойда алған әсерлерін айтып, жүргізушілердің сауалдарына жауап берді. Мысалы, Алтынбек Жаңбырбаев артист болуды бала кезінен армандағанын әңгімеледі. Ол музыкалық колледж бітірген. Бұл шарада ол Әкімжан Шәкірмен қосылып «Мұңайма» әнін орындады. Ернар Дүйсенмен бірге сахнаға шыққан болашақ дизайнер Диана Мақсат болашағы туралы әңгімеледі. Екі баланың әкесі Ерлан Оразғұлов ұйымдастырушыларға сахнаға шығуға мүмкіндік бергендері үшін алғысын білдірді. Ол белгілі әнші Жұлдыз Нұрқасымовамен бірге ән шырқаған болатын. Ал Аймұрат Мәжікбаевпен бірге сахнаға шыққан Жұлдыз Елманова қиындықтан қайыспау басты мақсаты екенін айтты.

«Екі жұлдыз» концерті жиналғандарды риза етті.

Гүлсім НАЗАРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button