Басты бет » Мәдениет » «Асыл әжелердің» жеңісі

«Асыл әжелердің» жеңісі

Ақтөбедегі «Геолог» мәдениет үйінің халықтық «Асыл әжелер» ән ансамблі Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен «Бейбітшілік әлемі» атты халықаралық фестиваль-байқауда жүлделі І орынға ие болды. Биік рухымен, жігерімен кейінгі жас буынға үлгі болып жүрген «Асыл әжелер» ансамблін сенбіде Ақтөбедегі теміржол вокзалында жерлестері зор құрметпен күтіп алды.

— Биыл — «Өзбекстандағы Қазақстан жылы». Осы атаулы жыл аясында өтіп жатқан халықаралық форумға қатысып қайттық. Форумның ашылу салтанатында біздің «Асыл әжелер» Ескендір Хасанғалиевтің «Жасай бер, қазақ» әнін айтты. Форум шеңберінде  фестиваль-байқау ұйымдастырылды. Өнерпаз әжелер әуелі халық әні «Бір баланы» акапелла жанрында шырқады. Одан соң қазақ әндерінен попурри орындады. Сол жақтағы қазақтар біздің ансамбльге ерекше қошемет көрсетіп, тағы да ән айтуларын сұрады. Сосын әнші әжелер «Илигай» халық әніне салды. Өзбекстан сапары ерекше әсерлі болды, қасымызға гид еріп жүріп, бәрін аралатты, экосаябаққа бардық, біраз саябақтарында болдық, — дейді ұжым жетекшісі Бибігүл Сейітова.

Байқау соңында халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтып, үлес қосқаны үшін ұжым жетекшісі Бибігүл Сейітова «Әлемнің мейірімді адамы» атты медальмен, ансамбль құрамындағы барлық әжелер «Бейбітшілік әлемі» медалімен және Алғыс хаттармен марапатталды.

Әжелердің жасы 60-75-ке келсе де әлі тың әрі қимылдары ширақ. Өнерге деген ықыластары ерекше. Айтпақшы, ансамбль мүшелері мен жетекшісі бұл сапарға барып-келу шығындарын өздері көтеріпті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.