Мәдениет

Күй күмбірі

Өнер

Өнер орталығында Ақтөбеден шыққан белгілі күйші, ҚР еңбек сіңірген артисі, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Тұрар Әліпбаевтың «Күй күмбірі» атты кеші өтті.

Тұрар Әліпбаев А. Жұбанов атындағы музыка колледжін және Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. 1984 жылы «Жігер» фестивалінің, 1990 жылы Құрманғазы атындағы республикалық байқаудың лауреаты атанды. Кейін Қазақ ұлттық өнер университетінің проректоры болып еңбек етті. Кеште күйші Қазанғаптың, Құрманғазының, Махамбеттің күйлерін тартып, көпшілікті бір серпілтті. Концертті А.Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі сүйемелдеді. Оркестрдің орындауындағы Тұрар Әліпбаевтың күйлері көрерменге ерекше әсер қалдырды. Әсіресе «Ақтөбеге тарту» деп аталатын күйі көрерменге шабыт берді. Кеште облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов сөз сөйледі.

Ақтөбе өңірінен шыққан талантты ұл-қыздар көп. Оның ішінде Тұрар Әліпбаевтың орны ерекше. Қазақ күй — құдырет, күй — кие деп түсінген. Құдайберген Жұбанов Махмұд  Қашқаридың еңбектерін, оның ішінде күй өнерін зерттегенде «күй»  сөзі көне түркі тілінен аударғанда «көк» деген мағына беретінін анықтаған. Демек күй — Тәңірлік музыка. Ал Тұрар ағамыз  Құдайберген мен Ахмет Жұбановтай ғалымдардың  ізін жалғастырып, күй өнерін зерттеп, ғылымға үлес қосты, — деген облыс әкімінің орынбасары күйшіні 60 жас мерейтойымен құттықтап, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің ыстық ықыласын жеткізді. Шапан жапты, ықылас гүлін сыйлады. Сондай-ақ кеште  ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Раушан Мұсақоджаева мен Гүлзат Дәуірбаева өнер көрсетті. Кеш соңында қайраткерлер күйшіні құттықтады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button