Экономика

Жоба кейін қайтарылды

Мәслихат

Облыстық мәслихатта бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Жиында Ақтөбе қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы талқыланды.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Гүлназ Сисенова қаланың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын бекіту бойынша баяндама жасады. Стратегияда қала алты бағыт бойынша дамиды. Бірінші — қаланың қазіргі жағдайына талдау жүргізу, екінші — халықаралық тәжірибе, үшінші — даму жоспары, төртінші — креативті экономика,  қоршаған орта, цифрландыру, бесінші — нысаналы индикатор, алтыншы — мниторинг жүргізу. Қала әкімінің орынбасары осы бағыттарға жеке-жеке тоқталды.

Соңғы жылдары қалада адам саны көбейген. 2009-2018 жылдар аралығында халық саны 23,4 пайызға өскен.  Биыл жыл басындағы есеп бойынша,  қалада 487 992 адам тұрады. Аталған алты бағыт бойынша инфрақұрылым, шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

— Ақтөбе — батыс аймақтағы ірі қала. Экономикалық және өзге де көрсеткіштер бойынша жетекші орын алады. Қалада адам саны көбейген сайын әлеуметтік  бағыттар бойынша жұмыс күрделене түседі. Сондықтан білім беру, денсаулық және өзге де бағыттар бойынша тиімді жоспарлар қолға алынады, — деді Гүлназ Сисенова.

Жиында республикалық мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастр орталығының аумақтық жоспарлау басқармасының жетекшісі Нұргүл Кенжарина баяндама жасады. Оның айтуы бойынша,  2017-2018 жылдар аралығында «Мемқалақұрылысыкадастры» республикалық мекемесі  Ақтөбе қаласының агломерациясын аумақтық дамытудың схемасын, яғни стратегиялық жоспарын әзірлеген. Оның ішінде экологияны жақсарту, энергия үнемдеу, көгалдандыру секілді бірнеше бағыттар бар. Қоқыс сұрыптау, экологиялық тұрғыда тиімді көліктерді пайдалану мәселелері де қамтылған.

Өкінішке қарай, стратегиялық жоспарда кемшіліктер көп болды. Кейбір мәселелер бойынша күмәнды тұстарды депутаттар ескертіп,  жобаны қайта әзірлеуді тапсырды. Соның ішінде  жобаның қазақша нұсқасында қателіктер көп болды. Депутат Асқар Садықов пен комиссия мүшесі Көшкінбай Ахметов мемлекеттік тілдегі нұсқаны қайта қарап, олқылықтарды түзетуді қатаң тапсырды.  Облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова қаланың даму жоспары қалай болса солай әзірленбеу керектігін ескертті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button