Басты жаңалықтарЭкономика

Жанар-жағармай жеткілікті ме?

Қай нәрсенің де қымбаттауы тасымалға байланысты. Ал тауар тасымалы жергілікті жанар-жағармайдың бағасына тәуелді. Соңғы жылдары облыстағы көліктердің дені сұйытылған мұнай газына ауысып болды. Бұл бензиннен екі-үш есе арзан әрі тиімді. Алайда жүк көліктерінің көбі дизель отынымен жүретін болғандықтан жанармайға деген сұраныс түскен жоқ. Керісінше, оның бағасы өзге мұнай өнімдерінен гөрі қымбаттай түсуде. Қазір дизель отынының бағасы ең жоғары сұрыптағы бензиннен де қымбат. АИ-95 маркалы бензин 166 болса, дизель отыны — 190-200 теңге. Оның себебі де бар.

Облыс жанармайды Ресей федерациясы мен көрші Атырау облысынан тасиды. Өйткені бізде мұнай өңдеу зауыттары жоқ. Ал облыстағы шағын зауыттардың жылдық қуаты аз. Олар облысты түгел қамти алмайды. Оның үстіне мұнай өңдейтін шағын зауыттардың сауда нарығындағы бағыты басқа. Дизель отыны өзімізде жеткілікті өңделмегеннен кейін халықаралық нарық  бағасына бағыныштымыз. Егісті аудандар мен ауылдық жерлерде шаруа қожалықтары жанармайдың бұл түрін көп тұтынады. Оның үстіне қазіргі күзгі жиын-терім мен қысқы мал азығын дайындау, қысқа дайындық науқанында дизель отыны тонналап керек. Бұл жанар-жағармайдың тек ауылшаруашылығы саласына ғана қатысы бар деген сөз емес. Қала көшелеріндегі қаптаған шетелдік маршруттар, автобустар, тағы басқа көліктер дизель отынымен жүреді. Жанармай бекеттерінде дизель отынының міндетті түрде болуы, оның бағасы түспейтінін ескерсек, бүгінгі таңда тұтынушылардың аз болмағанын көреміз.

Энергетика министрлігі ай сайын ірі оператор ресурстарынан мұнай өнімдерін жеткізу жоспарын бекітеді екен. Шілде айына Ақтөбе облысына 13 500 тонна дизель отыны бөлінген. Энергетика министрлігі және ауыл шаруашылығы министрлігінің келісімімен ауылшаруашылығы құрылымдарына 175 теңгеден ұсынылады. Бұл негізінен шаруа қожалықтарына арналғанымен бәрі бірдей үкіметтің осы жеңілдігін пайдалана бермейді. Үкіметтің жеңілдетілген дизель отынын жеткізумен «Батыс жер» ЖШС айналысады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Аптиев осы күзде 8,500 тонна дизель отыны алынатынын айтады. Уақытында қаражаты болмай немесе басқа себептермен ала алмай қалғандар жергілікті нарықтағы бағаға ұрынады. Арзандатылған дизель отынының тек жазғы түрі ғана болатынын айта кету керек. Қазір облыс орталығында бір литр отынның бағасы —190-195 теңге. Ал аудандарда кейде екі жүз теңгеден асып жатады. Өйткені сатумен айналысатын кәсіпкерлер шалғай ауылға тасымалдың шығынын алға тартады. Шаруалардың айтуынша, қымбат.

Аудандар не дейді?

Облыстағы егісті өңірдің бірі — Қарғалы ауданы үшін дизель отыны қымбат тауардың қатарына жатады. Көктем басталысымен қара күзге дейін жанармайдың осы бір түріне тәуелді ауыр техникалары бар аудан арзан бағамен келген жанар-жағармайды алып қалғанды қолай көреді.

Күзгі науқанда ауданның ауылшаруашылығы өндірісіне  2042 тонна жазғы жанар-жағармайға тапсырыс береміз. Бөлінген дизель отыны қажеттілікті толық өтейді. Шаруа қожалықтар 175 теңгеден сатып алады. Тамыз-қазан айларында үкіметтің жеңілетілген бағасын пайдаланатындар жанар-жағармайды жеткілікті алып қалулары керек. Кешіккен жағдайда бұл мүмкіндіктен айырылады. Себебі оны басқа жаққа жібереді, — дейді  Қарғалы аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жаңылсын Ертайқызы.

Негізінен теміржолы, өндірісі жоқ аудандарда жанар-жағармайдың құны қымбаттау келеді. Ал, теміржол бойында орналасқан немесе мұнай кен орындары бар аумақта сәл арзандау болады. Теміржолды айтпағанда  республикалық жолдың бойында болғандықтан жанармай таситын арнайы көліктердің де көптігі жергілікті тұрғындар үшін пайдасы бар. Арзан дизель отынын табудың  бірнеше жолдары болады.

Жанар-жағармай шаруа қожалықтары үшін қымбатқа түсіп тұр. Ол болмаса барлық шаруа жүрмейді. Үкіметтің арзан жанармайын алып қалуға тырысамыз. Оның өзі 175 теңге болып бекітілгенмен өзіміз барып аламыз, сол кезде тасымалымен 180 теңгеге шығады. Жыл сайын 20 тоннадай тұтынамын. Жанар-жағармай көтерілсе, мал азығынан бастап бәрі қымбаттай бастайды. Бірақ біздің Ырғызда жанар-жағармай тапшылығы болмайды, — дейді «Өркен» өндірістік кооперативінің төрағасы Қажымұқан Тілеуғабыл.

Ақтөбе облысында бензин және дизель отынымен қамтамасыз ету және баға мәселесі күнделікті бақылауда.

Облыстағы жанар-жағармай бағалары нарықтағы бағаға сай келеді. Біз өзге облыстарды да салыстырып, қадағалап отырамыз. Жыл басынан бері бағаны негізсіз өсіру фактісі тіркелмеді. Ал алыс аудандарда баға белгіленген межеден өсіп кетсе, жергілікті әкімдік соған байланысты бізге хат жолдайды. Егер заңсыз бағаға жол берген кәсіпкерлер болса ескерту жасап, қайталанған жағдайда тиісті шара қолданамыз, — дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің облыстық бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің талдау бөлімінің басшысы Хайдар Ермашев.

Бірақ алдағы уақытта жанар-жағармай бағасына қатысты ішкі нарықты реттей аламыз. Облыстық индустриялық-иновациялық даму басқармасы инвестиция бөлімінің басшысы Нұртуған Оралбаевтың айтуынша, келер жылы Ақтөбеден арнайы экономикалық аймақ салынайын деп жатыр. Сол кезде мұнай өнімдерін өңдейтін тағы бір зауыт іске қосылуы мүмкін.

Қай  тауардың да жыл өткен сайын бағасы түспесі анық. Дегенмен мұнай өңдеу зауыты салынатын болса, жанар-жағармай арзандап кетпегенімен қымбаттауына жол берілмейді. Бір шүкір етері, қазіргі уақытта Ақтөбе облысының мұнай өнімдері нарығының ағымдағы жағдайы тұрақты. Жанар-жағармай шектеусіз және еркін сатылуда және тапшылығы байқалмайды.

Облыс бойынша 114 жанар-жағармай бекеті  болса, оның ішінде 63-і  Ақтөбе қаласында орналасқан. Жанар-жағармайдан 7,752 тонна қорымыз бар. Бұл орта есеппен 20 күнге жетеді.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button