Спорт

Чемпионат мәреге жетті

Премьер-Лига

Биылғы чемпионатта барлығы 198 кездесу өткізіліп, қақпаларға 513 гол соғылды. Ойындарды 735 650 адам тамашалады. Ең көп жанкүйер «Ақтөбе» командасы қатысқан ойындарға жиналды — 179 200. Біздің ізімізді басып тұрған «Қайраттың» ойындарына 167 800 адам келсе, одан кейінгі «Ордабасы» 137 400 адам жинаған екен. Сондай-ақ еліміз бойынша ең көп жанкүйер жинаған орталық та біздің Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион болды, осында өткен кездесудің әрқайсысына орта есеппен 8071 адам келіпті. Ал, мысалы, бізден кейінгі орында тұрған Алматының көрсеткіші — 6165 адам. Тағы бір дерек — биылғы чемпионатта ең көп жанкүйер жинаған он кездесудің алтауы «Ақтөбе» командасының қатысумен өтіпті.

Чемпионаттың соңғы турында «Ақтөбе» Қостанайда «Тобылмен» кездесті. Алғашқы минуттардан бастап-ақ екі команда да допқа бақылау жасауға тырысып бақты. Бірақ алғашқы гол жарты сағаттан соң ғана соғылды. «Ақтөбенің» айып алаңында жүрген Сенин Себаи біздің қорғаушылардың аңғырттығын тиімді пайдаланып кетті. Өзіне әуелете тасталған допты ортадан суырыла көтеріліп, баспен соқты да, қақпаның сол жақтағы тоғыздығын дәл нысанаға алды — 1:0.

39-минутта қонақтар есепті теңестірді. Виталий Волков алаңның орта тұсынан жойқын соққы жасады да, обалына не керек, оны қақпашы Эмиль Балаев шалт тойтарды. Дегенмен кері қайтқан допты ентелей жеткен Ардақ Сәулет қайтара соғып, жібек торды бүлк еткізді — 1:1.

Екінші таймда да алма-кезек шабуыл жалғасын тапты. Расы керек, тәп-тәуір ойнағанымен бұл кездесуде біздің футболшыларымыз көбірек қателесті, доптан жиі айырылып қалып жатты, пас беруде де түпкілікті тиянақтылық болмады. Сондай сәттердің бірінде алаңның орта тұсында жүрген Әділхан Таңжарықов аяғындағы добынан айырылып қалды да, қостанайлықтар біздің қақпаның алдына жылдам жетті. Бұл жолы он метрдей жерден Бауыржан Тұрысбек тепкен допты қақпашы Мұхамбет Тамабайдың кері қайтаруына өзіміздің қорғаушы кесірін тигізді, ыңғайсыз құлаған қорғаушыға тиген доп бағытын өзгертті де, лып етіп қақпаға енді де кетті — 2:1.

Бұдан соң да футболшылар алаңды әрі-бері ойқастағанымен гол соғудың реті келмеді. Алаң иелерімен тең дәрежеде арбасқан «Ақтөбе» еш ұпай ала алмады, ал «Тобыл» өзіне чемпионат қорытындысына қатысты еш пайда әкелмеген жеңіске жетті.

Иә, «Ақтөбе» осылайша чемпионатты ең соңғы орынмен аяқтады. Бұл үшін команданы айыпқа жығу да қиын. Маусым басталмай жатып 12 ұпайды қысқартып тастау, оған қоса сырттан еш футболшы алғызбау команданы тығырыққа тіреді. Тәжірибелі футболшылар жоқтығына байланысты алаңға дубльде ойнап жүрген өспірім жастарды тартуға тура келді. Алаңды жіті сезінетін ойыншылардың жетіспеуіне байланысты әр кездесу сайын құрамды жүйелі түрде алмастырып, өзгертіп отырудың да мүмкіндігі болмағаны және белгілі. Жарақат алып қалған ойыншының орнын жоқтатпауға қатысты бейнеттің азабын тап биыл «Ақтөбе» тәрізді бастан кешкен команда жоқ та шығар. Солай болған күннің өзінде де «Ақтөбе» өте күрделі бұл маусымда жанкүйерлер мен футболға адалдығын әбден танытты, жанкешті қимылдарынан жаңылған жоқ, жақсы ойын өрнегін көрсетті. Бұл ретте байсалды бас бапкер Александр Седневтің зор еңбек еткенін ерекше атап өткен жөн. Әттең, маусым бойы бір ғана құраммен ойнаған командамыз кемі екі-үш құраммен ойнайтын командаларға басы артық тіс батыра алмады. Дегенмен «Ақтөбе», қажет болса, өзі сияқты кез келген команда жергілікті футболшылардың нағыз ұстаханасы бола алатындығын дәлелдеді. Сол үшін де жанкүйерлер сүйікті командасын еш өкпесіз қолдап отырды. Міне, осындай оптимистік жігері мен сенімді жанкүйерлері бар «Ақтөбенің» алдағы қадамдары оңға басатындығына ешкім күдік келтіре алмаса керек.

«Тобыл»-«Ақтөбе» —2:1

Гол авторлары: Сенин Себаи, 30-минут (1:0); Ардақ Сәулет, 39-минут (1:1); Бауыржан Тұрысбек, 58-минут (2:1).

Ескерту қағазын алғандар: С.Себаи, 62-минут; С.Жарынбетов, 73-минут; В.Дмитренко, 83-минут («Тобыл») —  А.Шурыгин, 43-минут; В.Волков, 52-минут; А.Сәулет, 60-минут; Е.Жасанов, 83-минут («Ақтөбе»).

«Тобыл»: Эмиль Балаев (қақпашы), Дмитрий Мирошниченко, Джаба Канкава, Виктор Дмитренко, Витаутас Андрюшкявичюс, Артурас Жулпа (Сұлтан Әбілғазы, 87-минут), Ника Квеквескири (Самат Жарынбетов, 71-минут), Азат Нұрғалиев (капитан), Максим Федин, Сенин Себаи, Бауыржан Тұрысбек (Артем Шерстов, 79-минут).

Бас бапкер Тимур Оразов.

«Ақтөбе»: Мұхамбет Тамабай (қақпашы), Виталий Волков (капитан), Рустам Темірхан, Антон Шурыгин (Рустам Сахибов, 58-минут), Бағдат Қайыров, Есен Жасанов, Әділхан Таңжарықов, Әлішер Әжімов (Әділхан Әбдікәрімов, 90-минут), Ардақ Сәулет, ​Асланбек Кәкімов, Абат Айымбетов.

Бас бапкер Александр Седнев.

10 қараша 2019 жыл, Қостанай, «Тобыл Арена»,  2000 адам.

*   *   *

Басқа кездесулердің нәтижелері:

«Астана» (Нұр-Сұлтан)-«Ертіс» (Павлодар) — 0:2

«Ордабасы» (Шымкент)-«Тараз» (Тараз) — 3:0

«Қайсар» (Қызылорда)-«Оқжетпес» (Көкшетау) — 1:1

«Жетісу» (Талдықорған)-«Шахтер» (Қарағанды) — 3:2

«Қайрат» (Алматы)-«Атырау» (Атырау») — 2:1

*   *   *

Бұл турда 18 гол соғылды. Бір ірі есеп нәтижесі тіркелді, бір ойын тең есеппен аяқталды. 2:1 есебі екі рет қайталанды.

28 рет ескерту қағазы көрсетілді, жасыл алаңнан қуылғандар жоқ.

Шапшаң гол авторлары — Пауло Жоао, 5-минут («Ордабасы»); Сергей Зенев, 10-минут («Шахтер»).

Бір автогол соғылды — Раде Дугалич, 77-минут («Қайрат»).

Бір пенальти белгіленіп, орындалды — Абдулай Диакате, 53-минут («Ордабасы»).

*   *   *

Биылғы 28-чемпионаттың жеңімпазы алдын ала, дәлірек айтқанда, 32-турдан соң белгілі болып еді. Дегенмен сол турдан кейін елордалықтар чемпионға лайық өнер де көрсете алмады. Өткен бейсенбіде олар Еуропа Лигасы ойындары барысында «Астана Аренада» өткен кездесуде голландиялық «АЗ Алькмар» командасынан 0:5 есебімен таяқ жесе, өзіміздің чемпионаттың кешегі соңғы турында көштің соңғы жағында жүрген «Ертістен» 0:2 есебімен ұтылды. Рас, «Астана» биыл қатарынан алтыншы рет чемпион атануы арқылы өзіндік рекорд та орнатты. Дегенмен биыл Еуропа алаңдарындағы топтық кезең ойындарындағы төрт кездесуде өз қақпасына 14 гол жіберіп алып, оған 1 ғана доппен жауап берген команданың, әрі-беріден соң, бізді өз чемпионатымыздың деңгейіне күдікпен қарауға мәжбүр етіп тұрған жайы бар. Дегенмен, қалай болғанда да, «Астана» келер жылы тағы да УЕФА Чемпиондар Лигасында өнер көрсететін болады.

Ал өзін «халықтық команда» деп есептейтін, сырт елдерден небір көкжал футболшыларды жинап алған «Қайрат» биыл да екінші орынмен қанағаттанды. 14 (әлде 15) жылдан бері ішкі чемпионатта жеңіпаздық тәжге қолы жетпей жүрген бұл команданың Еуропа Лигасы ойындарында да бірінші, екінші іріктеу кезеңдерінен аса алмай діңкелеп келе жатқаны және мәлім. Ал алдағы маусымда қайтер екен?

Шымкенттік «Ордабасының» жұлдызы чемпионаттың соңғы кезеңінде ерекше жарқырап жанды. Шымкенттіктер соңғы үш турда ылғи көш соңында жүрген командалармен ойнады да, «Астана», «Қайрат» тәрізді мықтылармен кезіккен (әрине, ұтылған) «Тобылдан» үшінші орынды тартып алды, сөйтіп, Еуропа Лигасында ойнау мүмкіндігіне қол жеткізді.

Ал үштікті былай қоғанда, чемпиондыққа таласатыны туралы болжам айтылған, расында да чемпионат барысында бірнеше рет көш басынан көрінген «Тобыл» маусымның соңына қарай, неге екені белгісіз, кәдімгідей тәлтіректеп қалды да, төртінші орынға ығысты. Ал қостанайлықтардың, өкінішіне қарай, биыл төртінші орын алған командаға Еуропа Лигасы ойындарына жолдама берілмейді. Өйткені бұл жолдама биыл Қазақстан Кубогының жеңімпазы атанған қызылордалық «Қайсар» командасына тиесілі. Қызылордалықтар Еруопа Лигасы ойындарына екінші іріктеу кезеңінен бастап қосылады.

Регламент бойынша көш соңында қалған екі команда — «Атырау» мен «Ақтөбе» Премьер-Лигадағы орындарын бірінші топтан келетін көкшетаулық «Қызылжар СК» (Петропавл) мен «Каспийге» (Ақтау) беріп, өздері солардың орнына баратын болды.

Ал «Тараз» Премьер-Лигадағы орнын сақтап қалу үшін оралдық «Ақжайықпен» 15 қарашада сырт алаңда, ал 18 қарашада өз алаңында екі қосымша кездесу өткізеді.

*   *   *

Қарсыластар қақпасына ең көп гол соққан алғашқы бестік былай түзіліп тұр:

Адеринсола Эсеола («Қайрат», Украина) — 19;

Марин Томасов («Астана», Хорватия) — 19 (1);

Мартон Эппель («Қайрат», Венгрия) — 16 (1);

Абат Айымбетов («Ақтөбе», Қазақстан) — 16 (2);

Пауло Жоао («Ордабасы», Бразилия) — 15.

* * *

«Ақтөбе» өз алаңымызда 16 кездесу өткізіп, 4 ойында жеңіске жетті, 3 тең ойын нәтижесі тіркелді, 9 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 23:32 (-9). Ұпай — 15.

Сырт алаңда 17 ойын өткізіп, 3 кездесуде жеңіске жетті, 3 ойынды тең аяқтады, 11 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 12:43 (-31). Ұпай — 12.

ТУРНИРДІҢ ҚОРЫТЫНДЫ КЕСТЕСІ

 Команда                  О         Ж        Т         Ұт        Д         Ұп 

1.Астана                  33       22       3          8          67-28  69

2.Қайрат                  33       22       2          9          65-32  68          

3.Ордабасы           33       19       8          6          52-24  65

4.Тобыл                    33       19       6          8          45-27  63

5.Жетісу                   33       16       8          9          45-25  56

6.Қайсар                   33       12       6          15       37-43  42

7.Оқжетпес              33       11       7          15       44-49  40

8.Ертіс                      33       11       4          18       30-45  37

9.Шахтер                  33       9          8          16       40-47  35

10.Тараз                   33       7          8          18       28-60  29

11.Атырау               33       6          8          19       25-58  26

12.Ақтөбе                33       7          6          20       35-75  15

 

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

*«Ақтөбе» командасынан ФИФА шешімімен 12 ұпай шегерілгенін еске саламыз.  

* * *

Біздің мергендеріміз:

Абат Айымбетов — 16 (2 доп пенальтиден соғылды);

Асланбек Кәкімов — 4 (2);

Сәулет Ардақ — 3;

Маркос Пиззелли — 2;

Әлішер Әжімов — 2;

Рустам Темірхан — 1;

Есен Жасанов — 1;

Виталий Волков — 1;

Хрвое Милишевич — 1;

Александр Кицак — 1;

Антон Шурыгин — 1;

Милан Радин — 1.

1 допты Жан Мартинс («Тараз») өз қақпасына соғып алса, біздің өз қақпамызға Жамбыл Көкеев 1 гол соғып алды.

*   *   *

Биылғы маусымды «Ақтөбе» төмендегі құраммен ойнады.

Қақпашылар:
№13 Рамиль Нұрмұхаметов (1987), №32 Мұхамбет Тамабай (1996), №42 Игорь Трофимец (1996).

Қорғаушылар:
№5 Бағдат Қайыров (1993), №6 Рустам Темірхан (1997), №17 Есен Жасанов (1998), №18 Рустам Өксімбаев (1996), №22 Виталий Волков (1981), №25 Саят Жұмағали (1995), №28 Рустам Сахибов (1996).

Жартылай қорғаушылар:
№7 Асланбек Кәкімов (1993), №12 Әлішер Әжімов (2001), №19 Ардақ Сәулет (1997), №20 Нұрболат Батырханов (1998), №23 Хрвое Милишевич (1993, Хорватия), №31 Әділхан Таңжарықов (1996), №77 Жамбыл Көкеев (1988), №86 Александр Кицак (1996, Украина), №88 Антон Шурыгин (1988), №72 Әбілхан Әбдікәрімов (1998).

Шабуылшылар:
№95 Абат Айымбетов (1995), №10  Маркос Пиззелли (1984, Армения), №83 Максим Самородов (2002), №96 Ұлықбек Сырлыбаев (1996).

Басқа командаға ауысып кеткендер:

№24 Милан Радин (1991, Сербия), №11 Саша Марьянович (1987, Сербия).

Бас бапкер:
Александр Седнев (Беларусь).

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button