Басты жаңалықтарЭкономика

Мавр АБДУЛЛИН, Ақтөбе қаласының әкімі: Қала тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруіміз қажет

Кеше Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған көшпелі баспасөз мәслихатын өткізді. Қаланың дамуында ерекше орны бар 5 нысан журналистер назарына ұсынылды.

Шаһар басшысы журналистерге арналған баспасөз мәслихатын әдеттегідей өңірлік коммуникациялар қызметінде емес, қала аумағындағы проблемалық аймақтарда кездесуді жөн санапты. Мавр Абдуллиннің айтуынша, осыдан екі ай бұрын облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасына сәйкес, қаланың дамуына байланысты жоспар жасалған. Жоспардағы аялдама, жол мәселесі, қаланы одан әрі көркейту сияқты мәселелерді шешуде қоғамдық пікірлер де басты назарға алынады.

40 жол және 11,8 миллиард теңге

Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллиннің журналистер мінген көлікпен барған алғашқы нысаны қаланың 12-шағын ауданындағы №51 мектептің алдында орташа жөндеуден өткен автомобиль жолы. Бұл аумақтың көше жолы көктемгі, күзгі жауын-шашындар кезінде лайланып, тұрғындар үшін қиындық туғызатын еді. Сол аумаққа мердігер компания «Ерхат Жолдары» ЖШС жиек тастар төсеп, асфальттаған. Қазіргі күні брусчатка төсеп жатыр. Сол сияқты бұл аумақта автотұрақ орнатылуда.

Жолы жөнделіп жатқан аумақтың ұзындығы — 423 метр, кеңдігі — 6-12,5 метр, тротуар ені — 1,2-2 метр. Бұл жердегі жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін биыл  68 миллион теңге қаражат бөлінді. Жол учаскесіне суағар да салынды. Жұмыс барысында көрші үйдің аула жолдары да қамтылды. Айта кету керек, мұндай көше жолдарын жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес, қаланың барлық бөліктерінде жүргізу жоспарланды. Бір ескеретін жайт, жалпы қала бойынша жөнделетін көше жолдарының жанынан тротуар, суағарлар мен жиек тастарды бірден салуға жағдай жасап жатырмыз , — деді М.Абдуллин.

Қазір қала көшелеріндегі жолдың 50 пайызы ғана асфальтталған. М.Абдуллиннің айтуынша, кейбір көшелер бүгінгі күннің талабына сәйкес келмейді. Бұл бағытта 40 жолды жөндеу үшін 11,8 миллиард теңгеге жобалық-сметалық құжат әзірленген. Биыл 33 шақырымдық жол жөнделеді. Негізінен Батыс-2, «Нұр Ақтөбе» шағын аудандарындағы жолдарға басымдық беріледі. Сол сияқты Ясный, Өрлеу, Заречный елді мекендеріндегі жолдарды жөндеу де жергілікті биліктің назарында.

Негізгі мақсат — қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру. Ол үшін өмір сүру деңгейін көтеруіміз қажет. Қазіргі күні осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз, — деді қала әкімі.

Кездесу барысында қала әкімі Ақтөбедегі қоқыс проблемасын да сөз етті. Оның айтуынша, қазіргі күні қоқыс тазарту жұмыстарымен үш мердігер мекеме айналысады.

Қазіргі күні қалалықтар үшін шешілмей жатқан проблеманың бірі — ірі көлемді қоқыстар мен қалдықтарды шығару. Бүгінгі күні «Нео Плюс» мекемесі өз күшімен жаңа контейнерлер жасап, орнатуда. Ірі көлемдегі қалдықтар қоқыс алаңына қойылған арнайы контейнерге салынады. Қазіргі күні аталған мекеме қаланың 4-5 жеріне осындай контейнер орнатты. Егер осындай әдіс ойымыздан шығатындай болса, онда қаланың барлық аймағына ірі көлемдегі қалдықтарды салатын контейнерлер қойылатын болады, — деді М.Абдуллин.

Даңғыл жолы кеңейтіледі

Шаһар басшысы барған екінші нысан — Сәңкібай батыр даңғылы бойындағы 12-шағын ауданның айналма жолынан Ә.Молдағұлова даңғылына дейінгі аралықтағы автомобиль жолы. Бұл — қаладағы көлік нөпірі ең көп жолдардың бірі. Бұл аралықтағы жол соңғы рет 2009 жылы күрделі жөнделген, келесі жылы қайта жаңарту жоспары бар. Жобаның жалпы құны — 1,62 млрд теңге. Даңғыл бойының 3 384 метрі қайта жаңартылады. Айналма жолдан Ғ.Жұбанова көшесіне дейінгі бөлігі 4 жолақты, ал Ғ.Жұбанова көшесінен Ә.Молдағұлова даңғылына дейінгі бөлігі 6 жолақты етіп кеңейтіледі. Мавр Абдуллиннің айтуынша, жобаның 3 метрі жаяу адамдарға арналған жол, ал 1 метрі веложолақтар болады.  Көшені LED жарықтандыру да осы жоба аясына еніп отыр.

Қала жолдарының мәселесі өзекті екені белгілі. Оны кезең-кезеңімен қалыпқа келтіруді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні жолдарды реттеуге қатысты жоспар-жобаларымызды қоғам белсенділері арқылы қала тұрғындарының талқылауына ұсындық. Жалпы, қала бәрімізге ортақ. Өзін ақтөбелікпін деп санайтын нағыз отансүйгіш тұрғындарымызды қаланың тағдыры бейжай қалдырмайтыны анық. Оның жолдарын реттеу, сәулетті, көрікті ету, суағарларын, аялдамаларын, көшелерін қалыпқа келтіру, абаттандыру, тазалығын сақтау бәрімізге бірдей сын, — деді қала әкімі М.Абдуллин.

Қала әкімінің айтуынша, Сәңкібай батыр даңғылы мен Бөкенбай батыр көшесі қиылысындағы айналма жол бойына қосымша жолақтар да салынбақ. Бұл — көліктердің кедергісіз қозғалуы үшін жасалатын шара.

Қалада үш ауысымда оқытатын 8 мектеп бар

Бұдан әрі баспасөз туры қаланың Батыс-2 шағын ауданындағы №64 мектепке барумен жалғасты. Жыл өткен сайын қала халқы санының артуына байланысты жаңа шағын аудандар пайда болып жатқаны белгілі. Жаңа ауданның жаңа мектебіндегі бір проблема — оның үш ауысымдық болуында. Аталған мектептің директоры Әліби Латыптың айтуынша, бұл екі кезеңде 1200 балаға арнап салынған мектеп. Алайда қазір бұл мектеп үш ауысымда 1600 баланы оқытып жатыр.

Қазіргі таңда сыныптағы балалардың орташа сыйымдылығы — 29-30 оқушы. Кейбір сыныптарда 34 оқушы бар. Талапқа сәйкес, бір сыныпта 25 бала оқуы керек. Бірінші кезеңде оқитын оқушылар үшін сабақ ертеңгі сағат 8.00-де басталса, екінші кезеңде оқитын оқушылар үшін сабақ 11.10-да басталады. Ал үшінші кезеңнің сабағы 14.15-те басталып, оқушылар қараңғы түсе, яғни сағат 19.30-20.00 шамасында тарайды. Осы мәселе қиындық туғызып тұр. Тағы бір мәселе — екінші сынып оқушылары екінші ауысымда оқығандықтан, бұл ата-аналар үшін де үлкен проблема. Себебі бастауыш сынып оқушыларын ата-аналар мектепке өздері әкеліп, алып қайтуы қажет. Бұл — қызметтегі, жұмыстағы ата-аналар үшін беймезгіл уақыт, — деді Ә.Латып.

М.Абдуллиннің айтуынша, қазір қалада үш ауысыммен оқытатын 8 мектеп бар. Ал орын тапшылығы мәселесін Батыс-2 ауданынан 1200 орындық және 600 орындық екі мектеп салу арқылы шешу қарастырылуда. Құрылысы басталған ғимараттар  2020 жылдың

1 қыркүйегінде пайдалануға беріледі.  Бұл мектептер мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс жасайтын болады.

Бүгінгі күні қаладағы №56 мектеп ғимаратын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, қаладағы №9, №21 және №27 мектептердің ғимаратын кеңейту жұмыстары да жүргізілген болатын. Қазіргі күні аталған мектептерде үш ауысымдық негізде  оқыту мәселесі шешілді. Өткен жылы қала көлемінде 7 үш ауысымдық мектеп болса, оның төртеуін ауыстырдық. Есесіне, балалардың саны көбеюіне байланысты үш ауысымды негізде оқытатын мектептер саны қайта қосылып жатыр. Биыл жаңа оқу жылында қалада 7 мыңның үстінде оқушы мектепке қабылданды. Талдау көрсеткендей, оның 1500-і — басқа өңірлерден, аудандардан көшіп келген отбасының балалары. Қазіргі күні Батыс-2 шағын ауданында №63 және №64 мектептер бар. Екі мектеп те үш ауысымдық негізде оқытылады, — деді М.Абдуллин.

Қала әкімінің айтуынша, шаһарда үш ауысымдық мектептер мәселесі бірінші сыныпқа келетін оқушылар мен мектепті тәмамдайтын түлектердің балансы сәйкес келген жағдайда ғана бұл проблема түбегейлі шешіледі. «Қазір бұл баланс сәйкес келмей тұр. Себебі жылына 7 мыңның үстінде оқушы қабылданғанмен, 3 мыңға жуық түлек мектепті тәмамдайды. Үш ауысымдық мектептер проблемасы келетін бала мен кететін түлектің балансы сақталғанда ғана шешілетін болады», — деді ол.

Көшпелі баспасөз мәслихаты кезінде Мавр Абдуллин бастаған топ Батыс-2 шағын ауданында құрылысы осыдан бір ай бұрын басталған 1200 орындық мектептің құрылыс алаңына барды. Тапсырыс беруші — ақтөбелік кәсіпкер Зәмзәгүл Баймағанбетова. Кәсіпкер жиналғандарға мектеп құрылысын таныстырып, мердігер мекеменің жұмысына өз ризашылығын білдірді.

205 отбасы жаңа үйге көшіріледі

Қаланың ең өзекті мәселелерінің бірі — апатты жағдайда тұрған ескі үйлер. Қазіргі уақытта шаһарда «апатты» деп танылған 17 көппәтерлі тұрғын үй тіркелген. Шамамен ол үйлерде 540 адамның тұратыны анықталған. Апаттық үйлердің мәселесін мемлекет пен жекеменшік әріптестік шеңберінде шешу қаралуда. Жаңақоныс ауылында 250 пәтерлі көп қабатты 5 үй салуға мердігер мекеме «Жастар Құрылыс компаниясы» ЖШС қызығушылық танытып отырғаны осының бір дәлелі. Егер құрылыс сәтті аяқталса, «апатты» деп танылған 17 үйдің тұрғындарын Жаңақоныстың «Сәттілік» тұрғын үй кешеніндегі жаңа баспаналарға көшіру жоспары бар. Қазіргі уақытта құрылыс компаниясы тұрғын үй құрылыс аумағын дайындап жатыр.  Құрылысты жобалаушы — «Рудстрой ЛТД» ЖШС. Мұнда тұрғызылатын 5 үйдің жалпы ауданы — 19,3 мың шаршы метр.

Қазіргі күні Ақтөбе қаласында 497 иесіз үй бар. Ертеректе салынған үйлердің бүгінде тозығы жеткен. Апатты жағдайдағы 17 үй бар. Біз мердігер компаниялармен келісіп, бүгінде Маресьев көшесінде құрылыстар басталып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, қаланың Чекалин көшесі бойындағы ескі үйлерде тұратын тұрғындар баспаналарының әбден тозығы жеткенін айтып, шағымданған болатын. Тұрғындардың өтініші бойынша Жаңақоныс елді мекенінен жер бөлініп, мердігер компания анықталып, жобалық-сметалық құжат әзірленді. Енді жақын аралықта құрылыс жұмыстары басталуы керек деп жоспарлап отырмыз. Бұл жерде апатты жағдайдағы үйлерде  тұрған 205 отбасы үшін 5 жаңа үй салынбақ. Олардың барлығы — Чекалин көшесіндегі ескі үйлердің тұрғындары. Жоспарымыз ойдағыдай жүзеге асса, апатты жағдайдағы 17 үйдің тұрғындарының үштен бірін жаңа баспанамен қамтамасыз етпекпіз. Алдағы үш жылда бұл мәселені толық шешуді жоспарлап отырмыз, — деді М.Абдуллин.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, апатты жағдайдағы үйден жаңа баспанаға көшірілетін тұрғындардан қосымша қаражат алынбайды. «Бір бөлмелі үйде тұрған отбасыға жаңа үйден де бір бөлме тиесілі. Бірақ ескі үй мен жаңа үйдің пәтерлерінің жалпы ауданы сәйкес келмейді. Ең бастысы — қоныс аударушы жаңа үйге тегін қол жеткізеді, айырмашылығын төлемейді. Ал бір бөлмелі үйде тұратындар екі бөлмелі пәтерге қоныс аударғысы келсе, онда арадағы айырмашылық бағасын есептеседі. Тұрғындармен осы мәселеде келіссөздер жүргізіліп жатыр», — деді М.Абдуллин.

Қала тұрғыны Алтын Асқарова сегіз жылдан бері Чекалин көшесіндегі апатты жағдайда тұрған үйлердің бірінде тұрады. Бұл — Алтын үшін күтпеген жаңалық.

Биыл шілде айында қалалық әкімдіктің мамандары осындай жаңалықты айтқанда, ерекше қуандық. Екі балам бар, 63 шаршы метр аумақта тұрамыз. Ресейден қоныс аударған кезде осы үйге орналасқанбыз. Қазір үйіміз апатты жағдайда тұр. Енді Жаңақоныстан бізге жаңа үй салып беретін болды. Қуана-қуана келістік, — деді Алтын.

2011-2019 жылдар аралығында Ақтөбе қаласында 141 үй модернизациядан өткізілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, үйлерді қайта жаңғырту бағдарламасы бойынша биыл республикалық бюджеттен қосымша қаражат қарастырылған. Ақтөбеде 92 үйдің тұрғыны модернизациядан өткізуге келісім берген. Бүгінгі күні жергілікті билік сол үйлердің 45-нің жобалық-сметалық құжатын әзірлеп жатыр.

Үйлерді модернизациялау — бұл апаттық жағдайлардың алдын алу. Кеңестік кезеңде салынған үйлердің төбесінен төменгі бөлігіне дейін су кетіп, мұндай үйлер күтімсіз қалды. соның нәтижесі апаттық жағдайға әкеліп соқтырды, — деген М.Абдуллин көшпелі баспасөз мәслихатының соңында журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button