Экономика

Облыс орталығының экономикасы тұрақты дамып келеді 

Кеше Ақтөбе қалалық мәслихатындағы «Nur Otan» депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтті. Басқосуға қала әкімі Мавр Абдуллин қатысты.

Жиынды фракция жетекшісі Мұратбай Әжібаев ашты. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе — «Nur Otan» партиясының «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық»  партияның  сайлауалды бағдарламасының және 2016-2020 жылдарға арналған Ақтөбе қаласының  дамыту бағдарламасының орындалуы. Екінші мәселе — 2020-2022  жылдарға арналған қалалық бюджет жобасы.

Алдымен бірінші мәселе бойынша қала әкімі Мавр Абдуллиннің баяндамасы тыңдалды.

2016 жылдан бері қазірге дейін қаламыздың экономикасының дамуында оң динамика бар. Нақтырақ айтқанда, өндіріс саласы 364,1 млрд теңгеден 618,0 млрд теңгеге дейін өсті. Яғни, 70 пайызға көбейген.

2016-2019 жылдар арасында Ақтөбе қаласына жалпы 480,8 млрд теңге инвестиция тартылыпты. Олардың 77,0 пайыздан астамы — инвесторлардың меншікті қаражаты. Биыл қосымша 180 млрд.теңгеге жуық инвестициялар салыну жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығында да жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. 2016-2019 жылдары жалпы өнімнің көлемі — 90,7 млрд теңге. Яғни 33 пайызға өсті. Оның ішінде: өсімдік шаруашылығы — 8,9 млрд теңгеден 13,3 млрд теңгеге өссе, мал шаруашылығы — 9,8 млрд теңгеден 11,8 млрд теңгеге өсті, — деді қала басшысы.

Тұрғын үй салу мәселесі жіті бақылауда тұр. Коммерциялық, жеке тұрғын үй және мемлекеттік тұрғын үйлердің тапсырылған жалпы көлемі 2016 жылдан бері 2019 жылдың жоспарын қоса алғанда 2 млн 518,8 мың шаршы метр болмақ. Мемлекеттік бағдарлама аясында 9  қабатты және аз қабатты 206 тұрғын үй еңсе тіктеп, нәтижесінде 5942 отбасы қоныстойын тойлады.

Қаланың инфрақұрылымын дамыту бойынша да тұрақты жұмыс жалғасып жатыр. Инженерлік желілер бойынша соңғы 4 жылда жылу жүйесінің 20,9 шақырымы, электр желісінің 409 шақырымы, газ жүйесінің 242,2 шақырымы, су жүйесі бойынша 287,2 шақырымы модернизациялаудан өтіп, халықтың сұранысы бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілген.

ؙ— Білім беру саласы бойынша да біршама жұмыстар атқарылды. Мысалы, 8760 орынға арналған 22 мектеп ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2017 жылдан бастап мектептердің маңынан қосымша құрылыстар жүргізілуде, — деді Мавр Абдулиин.

2017-2018 жылдары №15 мектептің қасынан қосымша құрылыс (150 орын) салынған, ал 2018-2019 жылдары №9, №21, №27, №37 мектептердің маңынан құрылыстар жүргізілді.  Биыл №17, №56 мектептердің ауласында қосымша құрылыс  жұмыстары басталды. Бұл —  мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізеді.

Өз сөзінде Мавр Абдуллин қаланың экономикалық даму деңгейі көбіне халықтың кәсіпкерлік белсенділігіне байланысты екендігін тілге тиек етті.

Бүгінгі күнге жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 39,5 мың.  Осы салада жұмыс істейтін ақтөбеліктердің саны 106,3 мың адамға жетіп отыр.

Биылғы жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес иелері құны  770 млрд теңгенің өнімін шығарады деп жоспарланып отыр, — деді қала әкімі.

Жыл сайын жолдарды күрделі жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, жаңа жолдардың да құрылысы қарқынды. Бұл мақсатта 2016 жылдан бері 81 жоба іске асқан.  Биыл 18 жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде, барлық жобалар бойынша жалпы 89,2 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал биыл жөндеу жоспарланған   жол көлемі — 12,7 шақырым.

Жалпы, аймақты дамыту бағдарламасының мақсаттарына қол жеткізу және партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру тұрақты бақылауда болады, — деп баяндамасын түйіндеді қала басшысы Мавр Абдуллин.

Бұдан кейін 2020-2022  жылдарға арналған қалалық бюджет жобасы туралы қаланың экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Амангүл Уристемованың баяндамасы тыңдалды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button