Спорт

12 жастағы София ел чемпионатында 6 алтын иеленді

Жақында жасөспірімдер арасында жүзу спортынан өткен  «Көңілді дельфин» республикалық чемпионаты мәресіне жетті.   Жас жүзгіштер үш кезеңді қамтыған жарыстың соңғы жүлделерін Шымкент қаласында сарапқа салды. Атырау қаласында өткен республикалық жарыстың алғашқы кезеңінде  София брасс, баттерфляй, еркін стиль, кешенді және шалқалай жүзу бойынша 9 алтын медальді мойнына ілсе, Қарағанды облысының Теміртау қаласында өткен екінші кезең қорытындысында да 9 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Жүзу сайысының алғашқы екі кезеңі республикалық турнир түрінде, үшіншісі ел чемпионаты деңгейінде ұйымдастырылды. Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған «Чайка» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Степан Валюстің жетекшілігімен жаттығатын София Әбубәкірова чемпионатта облыс намысын абыроймен қорғап,  6 бірдей алтын медальдің иегері атанды. 50 және 100 метрлік брасс, 50 метр баттерфляй, 50 және 100 метр еркін стильде және 200 метр кешенді жүзу әдістері бойынша оған тең келер қарсылас табылмады. Осы жолы жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінің жалпыкомандалық есебінде облыс құрамасы екінші орынға ие болды.

София Әбубәкірова — республикалық жарыстарда ғана емес, құрлықтық чемпионаттарда да жүлде иеленіп жүрген спортшы. Қыркүйек айында Үндістанның Бангалор қаласында өткен Азия чемпионатында 50 метрге брасс және баттерфляй әдістерімен жүзуде екі күміс және 100 метрлік брасс қашықтығында қола медаль жеңіп алған. Енді 12 жастағы София 2021 жылы жасөспірімдер арасында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына дайындық мақсатында  Катарда оқу-жаттығу жиынына аттанып кетті. Софиядан бөлек, облыс атынан сынға түскен «Чайканың» балалары — Карина Бычкова, Сайора Сақыпкереева, Маргарита Бруева, Анжелика Олейник, Ерсұлтан Елутаевтар  күміс, қола медальдарды еншілеп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ақтөбе облысы жалпыкомандалық есеп бойынша Атырауда екінші орынға ие болса, Теміртауда төртінші орыннан көрінді. «Веселый дельфин» республикалық чемпионатына Қазақстанның барлық облыстары мен қалалық жерлерден 21 команда қатысты. Облыс құрамасы үш кезең нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы облысын алға жіберіп, үздік үштікті түйіндеді.

                                                                                                        Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button