Білім

Білім саласының жай-күйі талқыланды

Бейсенбі күні №72 ІТ лицей-мектебінде қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және жастар ісі жөніндегі комиссия отырысы өтті. Депутат Алмагүл Бекенованың төрағалығымен өткен отырысқа қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова, қала әкімінің орынбасары Гүлназ Сисенова, депутаттар, Қоғамдық кеңес мүшелері мен қамқоршылық кеңес мүшелері, мектеп директорлары мен ата-аналар комитетінің мүшелері қатысты.

Отырыста Ақтөбе қаласындағы арнайы орта оқу орындарында техникалық және кәсіптік білім беру мен қала мектептерінің жай-күйі, сондай-ақ жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету мәселелері жөнінде хабарламалар тыңдалып, нақты жұмыстар талқыланды.

Отырыста алдымен облыстық білім басқармасы басшының орынбасары Нұргүл Бертілеуова қаладағы техникалық және кәсіптік білім беру мәселелері жөнінде баяндама жасады. Айтуынша, бүгінгі таңда облыста техникалық және кәсіптік білім беретін 43 колледж бар. Аталған колледждерде 97 мамандық бойынша 240805 оқушы білім алады. Соңғы үш жылдың көрсеткіші бойынша колледжде білім алушылар саны едәуір артқан.

— Бүгінгі таңда білім басқармасы тарапынан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында еңбек нарығында сұранысқа ие емес мамандықтарды қысқарту бағытында нақты жұмыстар жасалып жатыр. Үш жылдан астам қабылдау жүргізілмеген мамандықтарды жабу және еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтарды ашу мәселесін қарастыру бойынша тапсырма берілді. Мәселен, технология пәнінің мұғалімі, кітапханашы секілді мамандықтарға сұраныс жоқ, — деген Нұргүл Бертілеуова сұранысты, жаңа инвестициялық жобаларды ескере отырып, жаңа мамандықтар ашу жұмыстары да жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті.

Бұдан соң қалалық білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменов сөз алып, балалардың құқығын қорғау және балалықты қорғау секторының атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады.

Сондай-ақ отырыста қаладағы білім беру мекемелерінің жай-күйі туралы да сөз болды. Саян Сүлейменовтің айтуынша, үш ауысымдық оқытудың мәселесі әлі де шешілмей отыр. Тек Ақтөбе қаласының өзінде үш ауысымдық 8 мектеп жұмыс істейді.

— Бұл мәселелерді шешу мақсатында нақты жұмыстар жүріп жатыр. Қазіргі таңда Рауан елді мекенінде 300 орынға, Шилісай елді мекенінде 300 орынға, «Нұр Ақтөбенің» 1-4-шағын аудандарында 900 орынға шақталған мектептер салынып жатыр. Сонымен қатар №37, №17, №56 мектептердің негізгі ғимаратына қосымша құрылыс жүргізілуде. Ал №23, №63, №64 мектептердегі орын тапшылығын шешу үшін жеке кәсіпкерлердің қолдауымен Батыс-2 шағын ауданынан 600 және 1200 орындық жаңа мектеп салынуда. Аталған білім ордалары мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс жасайтын болады, — деген білім бөлімінің басшысы соңғы үш жылда білім беру ұйымдарының саны 195-тен 250-ге дейін өскенін айтты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button