Жастар

Қайтарымсыз қаржы алып, кәсіп ашты

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау-бизнес» жобасы ауыл тұрғындарының кәсіп ашуына өз септігін тигізіп отыр.

Әйтеке би ауданында аталған жоба аясында 95 адам қысқа мерзімді оқу курсын оқып, оның 39-ы грантқа ие болды. Бүгінде жоба бітірушілеріне сертификаттар табысталып, бірнеше кәсіпкерлік нысандары іске қосылды.

Тігіншілікпен айналысуды көздеген әйтекебилік жас кәсіпкер Балдәурен Бозшина биыл жазда «Бастау-бизнес» жобасы аясында курс бітіріп шықты.

— Оқу барысында теория мен жақсы практика жинадым. Бір айлық оқуға қатысқандарға шәкіртақы да қарастырылды. Сондай-ақ, кәсіби даярлығы бар бизнес-тренерлер дәріс беріп, кәсіпкерліктің қыр-сырына үйретті. 

Жаңадан оқу бітіргендерге кәсібін әрі қарай дөңгелетіп, құрал-жабдықтар алу үшін қаржы бөлінеді. Жасаған бизнес-жоспарды комиссия алдында қорғап шығып, 252 мың теңге грант ұтып алдым, — дейді кәсіптік білім алған бағдарлама қатысушысы.

Бүгінде ол грантқа сатып алған екі тігін машинасы арқылы тапсырыс қабылдап, өзінің сүйікті ісімен айналысып отыр. Аудан орталығындағы бір ғимараттан жалға бөлме алған ісмер ару болашақта кәсібін одан әрі кеңейтуді көздейді.

— Менің негізгі мамандығым — тігінші. Бірнеше жылдан бері осы салада жұмыс істедім. Кейіннен өзімнің жеке тігін орталығымды ашқым келді. Сол ойым сәтті жүзеге асып, бүгінде жұртшылықтың тапсырысына қарай, түрлі киімдерді тігемін. Мәселен, қыздар ұзату тойына арналған қалыңдық көйлектеріне тапсырыс беріп жатады. Аудандық саз мектебінің өнерпаздарына сахналық ұлттық киімдер де тігемін. Ұлттық киім тігудің жауапкершілігі мол. Қазақтың ұлттық ерекшелігін сақтай отырып, басқа дизайнерлердің жұмыстарын қайталамау керек.

Қазір кәсіптің, еңбектің заманы емес пе? Мен де уақыт ағымына ілесіп, кәсіп көзін ашуды мақсат еттім. Алда әлі жоспар­ларым көп,  — дейді ол.

Әйтеке би ауданында «Бастау-бизнес» жобасымен тағы 120 адамды оқыту көзделіп отыр.

Биыл елімізде 24 тамыздан бастап «Жас кәсіпкер» жобасы басталғаны белгілі. Ауданда аталған бағдарлама бойынша  43 жас бизнестің қыр-сырын меңгерді.

Сонымен қатар елімізде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» қолдауымен жастардың бастамашылдық қасиетін дамытып, креативті жобаларын қолдауға бағытталған «JasA» жобасы іске асырылуда.

Осы жоба аясында Әйтеке би ауданындағы Құмқұдық ауылының жастары екі жоба ұсынып, республикалық іріктеуден жеңімпаз атанды.

Жастар ауылдан хоккей және шағын футбол алаңын ашуды көздейді. Сондай-ақ грант сомасына қарай, ауыл жастарына арнап хоккей таяқшаларын, коньки және хоккей ойыны жабдықтарын сатып алуды жоспарлап отыр.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button