Жастар

Жас кәсіпкерлерге мүмкіндік мол

Қазіргі таңда әрбір жастың кәсіп ашуына мүмкіндік көп. Ол үшін кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жарқын жобаларды, мемлекеттік бағдарламаларды негізге ала отырып, өз ісін бастауға болады. 

Жастар жылы аясында бастау алған «Жас кәсіпкер» бағдарламасы Шалқар ауданында да сәтті жүзеге асырылуда.

Аудандық жастар ресурстық орталығының берген мәліметіне сүйенсек, аталған бағдарлама бойынша биыл 29 жасқа дейінгі 73 жас оқыту семинарына жіберіліп, оның ішінде 23 жас өз кәсіптерін бастау үшін грантқа ие болды.

Солардың бірі — жас кәсіпкер Жанболат Шамшанов. Ол бүгінде тұрғын үйдің архитектуралық жобасын сызу жұмыстарымен айналысады.

5 жылдан бері құрылыс саласында жүрген іскер жігіт биыл жазда «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша бір айлық курсты оқып, кәсібін бастауға қайтарымсыз грант жеңіп алды. Қазіргі таңда өз ісін бастуға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуда.

— Биыл Жастар жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай, Елбасымыздың тапсырмасы бойынша, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіп бастап, өзінің бағытын тауып, табысты болғысы келетін жастарға қолдау көрсетуде. Мұнда үздік бизнес-тренерлер  шеберлік сабақтарын ұсынып,  нәтижесінде, жастар бизнес ашуға алғашқы капитал ретінде грант алуға мүмкіндік алды.

Әрине, тұрғын үй салу үшін алдымен сызбасын әзірлеп алу қажет. Аудан орталығында әзірге  архитектуралық жұмыстармен айналасатын кәсіпкерлер жоқтың қасы. Сондықтан сұраныс та жоғары. Салынатын үйдің немесе ғимараттың жобалық сметалық құжатын дайындап, есептеп береміз. Ішкі дизайнерлік жұмыстарын да үйлестіруге болады.

Кәсібіңді дамытып, әрі қарай кеңейтемін десең, мемлекет тарапынан қолдау бар. Түрлі гранттарға ие болу үшін байқауларға қатысып, жеңілдетілген несие алуға да мүмкіндік мол, — дейді ол.

Сонымен қатар ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» биылғы жылдың мамыр және қараша айының аралығында «JASА» жобасын жүзеге асыруда. Бұл жобаға қатысу үшін Шалқар ауданынан 70 жас (21 жоба) өтініш білдірген. Жоба қорытындысы бойынша 13 жас жоба грантына ие болды. Қазіргі таңда олар оқыту семинарларына қатысып, құжаттарын рәсімдеуде.

Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аясында 40 жас кәсіби мамандықтары бойынша аудан орталығындағы мекемелерде тәжірибелік жұмыстарын бастады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button