Басты бет » Жаңалықтар » Көпбалалы аналар сұлулық курсын тәмамдады

Көпбалалы аналар сұлулық курсын тәмамдады

Сұлулық индустриясының негіздері бойынша тегін курстарды ақтөбелік кәсіпкер Әйгерім Нұрғалиеваның мектеп-студиясы ұйымдастырды.

Оның сұлулық мектеп-студиясын ашқанына біраз болды. Әйгерім Нұрғалиева өз тәжірибесін шыңдау үшін  Алматы, Нұр-Сұлтан, Ресейдің Мәскеу, Орынбор қалаларындағы  шеберлерден дәріс алған.

Бүгінде оның атымен аталатын мектеп-студиясын тек қала тұрғындары ғана емес, ауылдықтар да жақсы біледі. Себебі оның аудандарға шығып, ондағы қыз-келіншектермен танысып, шеберлік сағаттарын өткізіп жүргеніне екі жылдан астам уақыт болған. Өз мектеп-студиясында толық оқу курсын өткізушілер үшін жеңілдіктер де қарастырыпты. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты аналар, көпбалалы отбасынан шыққан қыз-келіншектер үшін тегін курстар да ұйымдастырып жүр.

Жақында Әйгерімнің мектеп-студиясынан аудандар мен қала маңындағы елді мекендерден келген 5 адамға тегін оқу мүмкіндігі жасалды. Олар — көпбалалы аналар Жанаргүл Мешітбаева, Нұргүл Жоламанова, Гүлнара Кенжеғалиева, Аружан Төлеубаева және Шынар Заутбаева. Көпбалалы аналар грант негізінде «Визажист. Салон шебері» және «Қас шебері» шеберлік сағаттары бойынша 15 күндік курстан өтті.

Өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге курсты аяқтағаны туралы сертификаттармен қоса, іс бастауға берілген жиынтықтар салтанатты түрде табысталды. Бағасы 30-50 мың теңге көлемінде тұратын косметикалық жиынтықты өз қалтасынан төлеген Әйгерімнің бұл ісі өзгелерге үлгі болмақ.

А.НҰРБАЕВА.