Спорт

Еркін күрестен республикалық турнир өтеді

Қарашаның 13-15 күндері Жекпе-жек спорт кешенінде еркін күрестен жасөспірімдер арасында Әйтеке би бабамыздың 375 жылдығына арналған ашық республикалық турнир өтеді. Биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отырған жарысқа Біріккен Күрес халықаралық Федерациясының (FILA) жаңа ережелеріне сәйкес, 35 кг, 38 кг, 41 кг, 44 кг, 48 кг, 52 кг, 57 кг, 62 кг, 68.85 кг, 75 кг, 100 кг салмақ дәрежелері бойынша 13-15 жастағы балуандар қатысады. №4 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв даярлау спорт мектебінің директоры Болат Еңсепбаевтың айтуынша, турнирдің өткізілу аясы жыл сайын кеңейіп келеді.

  • Бұл жарысты ең алғаш 2012 жылы мектеп біріншілігі есебінде ұйымдастырдық. Екі жыл оқушылар арасында, кейін облыстық чемпионат дәрежесіне жетті. Бірнеше рет облысымыздағы аудандардан балуандар шақыртып, турнирдің өту деңгейін республика көлеміне жеткізу мақсатында Қазақстан Күрес федерациясына хат жаздық. Сол бастамамыз нәтиже беріп, биыл турнирдің республикалық статус алғанына 3 жыл болды. Жасөспірімдер арасындағы жарысқа еліміздегі облыстардан бөлек, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Дағыстан мемлекеттерінің спортшылары қатысады. Жекпе-жек спорт сарайына стандартқа сай екі бозкілем төсеп, ашылу салтанаты қарсаңында үлкен ас береміз. Жастар мен ересектер арасында жақсы жетістікке жетіп жүрген жігіттеріміз осы жарыстан шықты, — дейді ол.

12 қараша күні мандаттық комиссия өкілдері және төрешілер отырысы өтіп, жарыстың жеребесі тартылады. Аталған турнир олимпиадалық спорт түріне енетін еркін күрестің жасөспірімдер арасында беделін көтеру, кәмелет жасына толмағандар арасында спортты кеңінен наисхаттау, сонымен қатар жас балуандардың жарыстан тыс уақытта достық қарым-қатынастарын нығайтуды көздейді. Белдесулер барысында халықаралық дәрежедегі төреші Әліби Аманжолов бастаған білікті мамандар қызмет атқарады. Жарысты Ақтөбе облысы денешынықтыру және спорт басқармасы мен №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв даярлайтын спорт мектебінің басшылығы ұйымдастырмақ. 260-қа жуық бала қатысатын бәсекеге ересектер арасындағы әлем чемпионатының қола медаль иегерлері Нұрислам Санаев пен Мейрамбек Айнағұлов, 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатының жүлдегері Юсуп Батырмырзаев құрметті қонақ ретінде шақырту алған.  Әйтеке бидің тікелей ұрпағы саналатын меценат, еркін күрестің шынайы жанашыры Нұрсейіт Аманкелді, сондай-ақ Марс Шынтасов, Оғлан Асылханұлы есімді азаматтар жыл сайын турнирдің жоғары деңгейде өтуіне  қаржылық қолдау көрсетіп жүр. Нұрсейіт Аманкелдінің көмегімен бірнеше жыл қатарынан әр салмақтағы жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйақы мен бағалы сыйлықтар табысталған. Республикалық күнтізбеге енгізілген жарыс жеңіс тұғырына көтерілген жас өрендерге «спорт шеберлігіне үміткер» атағы беріледі. Мұндай спорттық іс-шаралар жасөспірімдердің шеберлігін шыңдап, еркін күрестегі мансабына тың серпіліс берері анық.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button