Басты бет » Жаңалықтар » Қадағалау қызметінің көмегі көп

Қадағалау қызметінің көмегі көп

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қобда аудандық аумақтық инспекциясының құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр.

Асылтұқымды мал басының өсуі, сапалы егін егу, дәнді, майлы дақылдар өндірісі саласы жұмыстары, тағы да басқа осы ауқымдағы шаруалар біздің инспекция тарапынан жіті қадағаланып, мерзімінде және талапқа сай жүзеге асырылуы ескеріліп отырылады.

Аталған жиырма жыл ішінде мекеме атауы бірнеше рет өзгеріске ұшырағанымен, негізгі міндет ауқымы сол күйінде қалды. Біздің ұжымды осы кезеңде Тоқмырза Ашықбаев, Үргенішбай Рысқұлов, Нұрлыбек Кереймағамбетов секілді білікті басшы-мамандар басқарды. Ал 2013 жылы осы кезеңде ұжымда қалыптасқан жақсы дәстүрлерді жалғастыра отырып, ары қарай уақыт ағымымен жұмыс істеу тізгінін қолға алдым.

Біздің инспекцияда қазіргі уақытта үш бөлім жұмыс жасайды. Олар — өсімдік қорғау, өсімдік карантині және асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту бөлімдері.

Өсімдіктерді қорғау жөніндегі заңнамалар, нормативтік-құқықтық актілер қандай дәрежеде сақталады? Біз өз жұмысымызда осы бағыттағы шараларға қатты көңіл бөлеміз. Сондай-ақ мемлекеттік азық-түлік қауіпсіздігін, қолайлы фитосанитарлық ахуалды қамтамасыз ету де маңызды.

Қазақстан Республикасы өсімдік қорғау туралы заңнамасын бұзған жеке және заңды тұлғаларға тиісті нұсқамалар беріледі, егер де ол нұсқамалар дер кезінде орындалмаса, айыппұл салынады. Айрықша жағдайларда үш күннен аспайтын мерзім ішінде сотқа міндетті түрде талап-арыз бере отырып, аталған мерзімге жеке және заңды тұлғалардың қызметін сот шешімінсіз тоқтата тұрады немесе оған тыйым салады.

Ал, өсімдік карантиніне қатысты да маңызды міндеттер аз емес. Әдетте карантинге жатқызылған жүктер мен обьектілер тексеріліп қаралады, фитосанитарлық сараптама және қажет болған кезде залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.

Карантиндік объектілердің таралу ошақтарын анықтап, оларды оқшаулау, жою және карантинге жатқызылған өнімді зарарсыздандыру жөніндегі іс-шаралардың жүргізілуін ұйымдастыру белгіленген жоспарға сәйкес іске асырылады.

Бүгінгі күні елімізде мемлекеттік бағдарламалар арқылы асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту кең ауқымда қолға алынып жатқаны белгілі. Мұнда да ұдайы назар аударып, қадағалауда ұстауға тиісті жәйттер аз емес. Біздің қызметкерлеріміз асылтұқымды мал шаруашылығы саласындағы субьектілердегі, бюджеттік субсидиялар алған жеке және заңды тұлғалардағы селекциялық және асылтұқымдық жұмыстың жай-күйін, оның есепке алынуы мен есептелігін мемлекеттік бақылауды жүзеге асырып отырады.

Қобда ауданының жер көлемі 1 402 980 га, оның ішінде мемлекеттік жер 442 185 га болып есептеледі.

Осы аумақтағы мал басының өсуі, егін егу мен дәнді және майлы дақылдарды өндіру саласы біздің инспекция тарапынан алдағы уақытта жіті қадағалауда бола бермекші. Мұның барлығы сайып келгенде қоғам игілігінің көбеюіне, өнім сапасының артуына жол ашатын, негіз қалайтын алғышарттар.

Рас, кейде біздің инспекторларымыздың жанкешті еңбегі, тынымсыз жұмыстары сырт көзге байқалмай да жатуы мүмкін. Бірақ біз жұмыс істеп келе жатқан жиырма жылдық белес инспекция қызметінің тиімділігін толық дәлелдеді ғой деген ойдамын.

Биылғы жиырма жылдық мерекемізді лайықты түрде атап өтудеміз. Мерекеміз күні біздің инспекторларымыз Алға ауданындағы «Актеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, ондағы жұмыс барысымен танысады. Сондай-ақ осы күні аталған сала қызметкерлері арасында футболдан, волейболдан спорттық жарыстар өткізіледі. Еңбек озаттары, өз ісінің мамандары марапатталады.

 Ұлықпан СҰЛТАШЕВ,

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қобда аудандық аумақтық инспекциясының басшысы.