Жаңалықтар

Әлеуметтік сала қызметкерлері марапатталды

Қалалық Мәдениет үйінде Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин әлеуметтік сала қызметкерлерін құттықтады.

Жалғызбасты қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен науқас адамдарға көмек қолын созатын әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі зор. Қазіргі күні қалада 700-ден астам жалғызбасты қарт болса, соның барлығына осы сала мамандары көмектеседі. Олардың үйлеріне барып, жағдайын жасайды.

Қоғамдағы әлжуаз топтарды мемлекет қай уақытта да назарынан тыс қалдырған емес. Олардың жайлы өмір сүруі үшін бар мүмкіндікті жасап жатыр. Соның ішінде әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Жаны мен тәні ауырған адамға бірінші болып баратын да осы саланың мамандары, — деген Мавр Абдуллин олардың отбасына амандық, дендеріне саулық тіледі. Әлеуметтік салада ұзақ уақыт еңбек еткен 42 қызметкер Алғыс хатпен марапатталды. Оның ішінде екі адам облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің Алғыс хатын алса, төрт адам қаланың 150 жылдығына арналған мерекелік медальға ие болды.

Әлеуметтік көмек орталығының меңгерушісі Татьяна Смертынок еңбегінің еленгеніне дән риза.

Осы салаға алғаш әлеуметтік қызметкер болып келдім. Қазір бөлім меңгерушісімін. Сырт көзге байқалмауы мүмкін бірақ жалғызбасты қариялармен жұмыс жасау, яғни оларға көмек көрсету өте қиын. Әрбір адамның өзінің мінез-құлқы болады, оның ішінде науқас адам болса тіпті қиын. Ал олардың тілін тауып, жағдайын жасау —  әлеуметтік қызметкердің міндеті. Бөлімде екі жүз адам жұмыс жасаса, оның ішінде әлеуметтік қызметкер саны — 10. Әр қызметкер өзіне бекітілген қарттардың жағдайын жақсы біледі. Үйлеріне барып, көмектеседі, — деген Татьяна алғысқа бөленген әріптестерін құттықтады.

Бүгінгі таңда  қалада 276 әлеуметтік қызметкер бар. Олар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүр.

Салтанатты шараның соңында жергілікті өнерпаздар ән айтып, би биледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button