Жаңалықтар

Үздіктер ұлықталған күн

Өткен аптада аудандық Мәдениет үйінде «Алтын күз — 2019» шарасы өтті. Онда ауданның ауылшаруашылық техникалар көрмесі мен ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі, спорттық ойындар ұйымдастырылды. Сондай-ақ шара ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мерекесіне орайластырылған конференцияға жалғасты.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин, аудан әкімі Ермек Кенжеханұлы, «Коквест» ЖШС директоры Владимир Проскурин, «Родники-Агро» ЖШС директоры Василий Бондарев, «Дина» шаруа қожалығының басшысы Әділ Құрманаев қатысты.

Конференцияда аудан әкімі Ермек Кенжеханұлы ендігі міндет ауыл шаруашылығы саласының қорытындысын шығару және 2020 жылға қойылған мақсаттарды айқындап, олқылықтардың орнын толтыру екендігін атап өтті.

Бұдан кейін сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин:

— Бүгінге дейін ауыл шаруашылығы саласын халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында дамытсақ, қазір бұл табыс көзі. Сондықтан осы саланың қай бағытымен айналыссаңыздар да оның тиімді жағы мен өміршеңдігін қарастыру керек. Өздеріңіз білесіздер, ауыл шаруашылығы саласына сұраныс барда жаңа технологияларды енгізу маңызды. Қазіргі таңда мүмкіндіктер өте көп. Қаржы институттары да ауданға келіп түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Біздің де негізгі мақсатымыз шаруаларға осындай мүмкіндіктерді жеткізу. Осы салаға біз де атсалысуға дайынбыз, — деді.

Аудан әкімі Ермек Кенжеханұлы Аманғали Бердалиннің сөзін жалғай отырып Мәртөк ауданы ауыл шаруашылығына климаты мен топырағының құнарлылығы жағынан өте қолайлы екенін, ауданның басты ерекшелігі мал және егін шаруашылығын қатар дамытуында екенін жеткізді.

Шарада ауданның аталған салада жеткен жетістіктері мен келер жылға қойған мақсат-міндеттері туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Шамиль Саринов баяндама жасады.

Жиында Хазірет ауылдық округіндегі ірі серіктестіктің басшысы Владимир Проскурин көпшілікке өзінің сан жылдар бойы өсімдік пен егін егудегі, мал шаруашылығын дамытудағы тәжірибесімен бөлісіп, Жездібай ауылында мал бордақылау алаңын ашу жоспарын жеткізді. Әріптестерін бәсекелес болмай, аудан экономикасын көтеруде жұмыла еңбек етуге шақырды. Ал «Дина» шаруа қожалығының басшысы Әділ Құрманаев өз тәжірибесімен бөліссе, «Родники-Агро» ЖШС директоры Василий Бондарев цифрлы технология ауыл шаруашылығы өнімділігін еселеп арттырып, қарқынды дамуға, оны жаңа деңгейге көтеруге зор ықпал ететінін жеткізді.

Бұдан кейін ауданда ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып жүрген бір топ азамат ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында «Коквест» ЖШС басшысының орынбасары Александр Немчинов, «Акбар» ШҚ басшысы Серік Жақсыбаев, «Айс» ЖШС басшысы Данияр Отарбаевтар бар.

Сондай-ақ облыс әкімінің Алғыс хаты «Ақтанау Элит» ШҚ басшысы Өтеген Нұрмағанбетов, «Айс» ЖШС сауыншысы Сайра Бекешова, Мәртөк ауылдық округінің бал өндірушісі Надежда Усова мен «Дина» ШҚ басқарушысы Зәкір Құрманаевқа берілді.

Ал облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатымен «Мәртөк сүт» ЖШС технологы Ләззат Шүренбаева, «Аякөз» ШҚ басшысы Еркінай Оразымбетова, жеке кәсіпкер Мазымбике Тасымбетова, «МТС АгроТех Алем» ЖШС директоры Кәкіш Жұмағазин марапатталды.

Сонымен қатар жиында аудан әкімінің Алғыс хаты оннан астам адамға табыс етілді.

Шарада «Үздік өсімдік шаруашылығы» номинациясын «Коквест» ЖШС директоры Владимир Проскурин, «Үздік мал шаруашылығы» номинациясын «Есбол» ШҚ басшысы Мұхаметхан Карсахов, «Үздік асыл тұқымды мал өсіру шаруашылығы» номинациясын «Ақбар» ШҚ басшысы Серік Жақсыбаев, «Ақылды ферма» номинациясын «Айс» ЖШС директоры Данияр Отарбаев, ал «Үздік көкөніс шаруашылығы» номинациясын «Влэна» ШҚ басшысы Вячеслав Кимге берілді.

Шара соңында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төс белгісімен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Шамиль Саринов марапатталды.

Елена Ониськова,

Әлиянұр Келбатырова.

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button