Жаңалықтар

Көне жәдігерлер музейге табысталды

Жуырда Темір ауданы аумағындағы І Тасқопа қорғанынан алтын киіммен жерленген сармат көсемінің қабірі табылғаны жөнінде жазған едік. Бұл оқиға Ақтөбе қаласы іргесінен шыққан көне жәдігерлердің облыстық музейге табысталуына себепкер болды.

Темір жерінде Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкерлері қазба жұмыстарын жүргізіп жатқаны белгілі. Археологтар қорғаннан көне алтын бұйымдардан басқа да заттар тауып, олардың суреттерін БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде жариялаған болатын. Ал ақтөбелік Айдос Ақдәулет сол тұста өзінің жер теліміндегі құрылыс кезінде шыққан тастан қашалған шағын, бірақ ауыр, ыдыс тәріздес заттың Темірден археологтар тапқан жәдігерлердің біріне ұқсастығын көріп, мамандарға хабарласқан.

Айдостың жерінен, сондай-ақ темірден жасалған бұйымдардың қалдықтары шыққан. Олардың бірі құстың басы түрінде болып келеді.

Облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Аслан Мәмедовтің болжамынша, бұл заттар — біздің дәуірімізге дейінгі VI-V ғасырлардан қалған жәдігерлер. Соның ішінде, темір бұйымдарды ол ер-тұрман әбзелдерінің бөліктері санайды.

— Бұйымдардың бірі сақ-скифтердің аң стилінде, атап айтқанда бүркіттің басы түрінде жасалған, — дейді Аслан Мәмедов.

Оның айтуынша, ер-тұрман әбзелдеріне жататын көне жәдігерлер, бір жағынан, сол заманда біздің жерімізді жауынгер тайпалардың мекен еткенін көрсетеді.

Ал тастан қашалған ыдыс тәріздес бұйымды әдетте археологтар діни рәсімдер кезінде пайдаланылған заттардың қатарына жатқызады.

Айдос Ақдәулет жер телімінен табылған көне жәдігерлердің барлығын облыстық тарихи-өлкетану музейіне табыстап отыр.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button