Денсаулық

37 адам вич жұқтырған

Биыл соңғы он айда облыста 37 адам АИТВ (адам иммун тапшылығы вирусы) вирусын жұқтырған. Оның 33-і ел азаматтары болса, қалғаны шетелдіктер. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталған аурудың алдын алу және емдеу жолдары айтылды.

Облыстық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Әлия Шапиева мен орталықтың  алдын алу бөлімінің меңгерушісі Айжан Жайлаубаева аталған ауруға қатысты толық мәлімет берді. Бесінші қарашадан бастап бір ай бойы ВИЧ инфекциясына қарсы кампания жүреді. Осы шара шеңберінде ашық есік күндері өткізіледі.  Жастарға ЖИТС, яғни СПИД туралы ақпараттар беріліп, аурудан сақтану жолдары айтылады. Қаладағы жоғары және арнаулы оқу орындары қамтылады. Ірі сауда орталықтарында арнайы шаралар өтеді.

Соңғы мәлімет бойынша облыста 266 адам АИТВ вирусымен есепте тұр. Оның 225-і халықаралық стандарт бойынша ем алып жатыр. Ал 14 адам жазбаша түрде емделуден бас тартқан. Қазір облыста ауру жұқтырғандардың емделу көрсеткіші — 85 пайыз. Ауру жұқтырғандар арасында 20 мен 29 жас аралығындағы азаматтар көп. Науқастардың 63 пайызы вирусты жыныстық жолмен жұқтырған. Жыл бойы дәрігерлер жастарға індет туралы мағлұмат беріп, парақшалар таратады. Бүкіләлемдік күрес кампаниясы кезінде қаладағы барлық емханаларда және аудандардағы денсаулық сақтау мекемелерінде ашық есік күндері өтеді. Тұрғындар жедел тест арқылы тексеріледі. Қазір Ақтөбе республика бойынша ауру көрсеткіші жөнінен 14-орында тұр.  Биылғы он  айда вирус жұқтырған 37 адамның 30-ы  жыныстық жолмен жұқтырып алған. Дәрігерлердің айтуынша, вирус жұққаннан кейін бірден белгі бермейді. Мәселен есірткі қабылдайтын ақтөбелік өзінің жазылмайтын ауруға шалдыққанын тоғыз жылдан кейін бір білген. Сондықтан дәрігерлер аталған ауруға тексеріліп тұрғанның ешқандай зияны жоқ екенін айтады. Ал тексерілу тегін.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button