Жаңалықтар

Үш тәулікте 113 адам, 46 техника жұмылдырылды

Кеше, 6 қараша күні ауа райының қолайсыздығына байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті 00 сағат 29 минутта Ырғыз ауданындағы жолдарды тазалау үшін арнайы бульдозер жіберді.

01 сағат 00 минутта Самара-Шымкент жолының жабық учаскесінде (965-1240 шақырым, Қызылорда облысының Қарабұтақ шекарасы) екі бағытта да көліктер баяу жүріп шамамен 700 бірлік техника (Ырғыз ауданынан, Қарабұтақ ауылынан 500 бірлік техника, Ырғыз ауданынан Қызылорда облысына дейін 200 бірлік техника) тіркелген. Кейбір көліктер кемпингтер мен жол бойындағы кафелерге тоқтаған.

Жоғарыда аталған учаскеде жолды тазалауға және құм себу үшін 8 бірлік техника және «Казахавтодор» ЖШС-ның 26 қызметкері жұмылдырылды.

Департамент басшылығы Ырғыз ауылына 1 бірлік командалық-штабтық техникасын (1 жүргізуші, 2 байланысшы, құтқарушы) жіберу туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ Самара-Шымкент тас жолының 1112 шақырымында 2 фура ақаулы күйде (Камаз және Вольво) тұр, жүргізушілер көліктерінде қалып, эвакуациядан бас тартқан. Олар Ақтөбе қаласынан қосалқы бөлшектерді күтуде.

Сонымен қатар Қарабұтақ ауылының бекетінде 258 бірлік техника, Ырғыз ауылының қиылысында 250 бірлік техника және Қызылорда облысының шекарасында 193 бірлік техника бар. Ал Ырғыз ауданы аумағында тас жол бойындағы 4 жылыту пунктіне 132 адам орналастырылған.

Кеше таңғы сағат 9.15-тен бастап Самара-Шымкент тас жолындағы барлық бағыттар  ашылып, Ырғыз ауданы, Қалыбай ауылы аумағынан «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы ұшып кетті.

Осылайша 3 тәулік ішінде 46 бірлік техника және жалпы саны 113 адамнан тұратын жұмыс тобы үздіксіз жұмыс жасап, жолаушылар мен көліктерді қар құрсауынан құтқарды.

Өз тілшіміз.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button