Басты жаңалықтарЭкономика

Малыңызды қалай таңбалайсыз?

«Қазақстан цифрлық экономиканы дамытуды көздеп отыр. Осыған орай көп жұмыс атқаруымыз керек. Біздің міндетіміз — ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірдегі көшбасшылықты нығайту…»

 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан

Қазіргі уақытта әлемде ауыл шаруашылығын цифрландыру ісі қарқынды түрде жүріп жатыр. Уақыт өте келе бұл салада түрлі жаңа технологиялар пайда болып, олар өндірісте қолданылып жүр. Осы бағытта кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен осы бағытта шаруалардың басын қосып, семинар өткізді. Мақсат — малға пайдаланатын чип түрлері мен RFID сканнерін пайдалануды үйрету әрі насихаттау.

Бұрын да,  қазір де малға ен салынып, таңбаланып жүр. Семинарды ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бұрынғы әдіс. Қазіргі күні осы  жұмыстардың барлығын жаңа технологияның күшімен жүзеге асыруға болады. Соның бірі — ірі қара малын чиптеу.

Қазіргі күні мал санын өсіруге ғана емес, сапаға да ерекше мән берілуі қажет.  Ол үшін үнемі мал есебі жүргізілуі қажет. Яғни малдың шығу тегін, жаңа туған кезінен бастап білу маңызды. Қазіргі күні ірі қараға оның бойындағы белгілеріне қарап есеп жүргізіледі. Алайда мұндай әдіс әлдеқашан ескірген, — дейді бұл туралы республикалық «Ангус Қазақстан» палатасының жетекшісі Әнуар Тұрғанов.

Ақтөбелік шаруалардың басын қосқан семинар кезінде малды заманауи цифрлық чиптеу әдісі тәжірибе жүзінде де көрсетілді. Мұндай тәжірибелік сабақ Ақтөбе қаласы маңындағы Қурайлы елді мекеніндегі «Нан» шаруа қожалығы базасында ұйымдастырылды.

Мұндай әдіс жануарларға өмір бойы белгі қоюға, сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Егер сырғаларды жоғалтқан жағдайда, кез келген уақытта чипті сәйкестендіруге болады. Яғни бұл малдың асыл тұқымды мал шаруашылығындағы маңызын анықтау қиын емес. Себебі әрбір нөмірге малдың шығу тегі байланыстырылған. Міне, осындай әдістер генеалогияны сақтауға және селекциялық-асылдандыру жұмыстарын мақсатты түрде жүргізуге мүмкіндік береді, — деді Әнуар Тұрғанов.

Тәжірибе барысында шаруаларға таңбалаудың электрондық тәсілі үйретілді. Ол үшін ірі қараның терісіне арнайы чип орнатылды. Сол чиптің көмегімен үй жануары туралы нақты ақпарат алуға болады.

Мамандардың айтуынша, автоматтандырылған RFID белгілері бар ветеринарлық есеп малға вакцинация жасау кезінде мал дәрігерінің айтарлықтай уақытын үнемдейді. Нақтырақ айтсақ, деректерді қолмен енгізу кезінде кететін қателіктерді болдырмауға ықпал етеді.

— RFID-белгі, яғни радиожиілікті идентификациялау белгісі екі компоненттен тұрады. Олар —  чип және антенналар. Чип малдың бірегей нөмірін сақтаса, антенна оны арнайы оқу құралы арқылы қашықтықтан білуге мүмкіндік береді. Мал шаруашылығы саласында RFID-белгі құлақ биркасы немесе тері асты микрочип ретінде жасалады. Құлақ биркасы — чиптен кейін есте қалатын белгінің жалғыз нұсқасы. Сондықтан онда санауышсыз-ақ  идентификациялау үшін шаруашылықтың атауы немесе жануардың бірегей нөмірі жазылуы мүмкін. Құлақ биркасын бекіту оңайырақ және чиптелген малды табыннан оңай аңғаруға болады, — деді Ә.Тұрғанов.

Оның айтуынша, тері асты микрочип, әрине, жоғалуы немесе арнайы ауыстырылуы мүмкін емес. Ол малға аллергиялық реакциялар тудырмас әрі тері  астында жылжып кетпес үшін  арнайы жабыны бар шыныдан жасалған капсуладан тұрады. Мұндай чипті мал терісіне енгізу өте оңай. Чип  ерекше пішінді инесі бар бір реттік шприцке оралады.

Өз  кезегінде Батыс қазақстан мемлекеттік аграрлық-техникалық университетінің оқытушысы Әділбек Жолдасбеков етті тұқымды ірі қара малын өсіру тақырыбына тоқталып, ветеринарлық-акушерлік және басқа да мәселелер төңірегінде сөз қозғады. Сол сияқты 2018-2027 жылдарға арналған етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында несиелеу шарттары туралы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Ақтөбе филиалының бөлім басшысы Нұрлан Құсмағамбетов баяндады.

«Етті бағыттағы ірі қара малын азықтандырудың, өсірудің және қайта өсірудің тиімді технологиялары» тақырыбындағы оқыту ғылыми-тәжірибелік семинары «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ықпалымен жүзеге асырылды. Бұл шараға отызға тарта ақтөбелік фермер қатысты. Семинардың барлық қатысушысына оқу қорытындысы бойынша сертификаттар берілді.

Бұл өңір фермерлері үшін ұйымдастырылып отырған алғашқы семинар емес. Бұған дейін облыстық кәсіпкерлер палатасы мал импортына байланысты ветеринария бойынша алдын алу іс-шараларын әзірлеу, майлы дақылдарды өсірудің инновациялық технологиялары және Ақтөбе облысындағы жылқы шаруашылығын дамытудың тиімді жолдары, оның ішінде жылқының мұғалжар және көшім тұқымының өнімділігін арттыруға байланысты семинар-тренингтер өткізген болатын.

Біздегі шаруалардың басым көпшілігінің арнайы ауыл шаруашылық білімі жоқ, бірақ тәжірибесі мол. Фермерлердің арнайы ауыл шаруашылығы білімі болса да, агроөнеркәсіптік кешеннің қазіргі заманғы дамуы үнемі біліктілікті арттыруды талап етеді. Өйткені инновациялар, жаңа технологиялар күн сайын келіп, өзгеріп жатыр.  Сондықтан біз мұндай семинарларда қандай да бір технология немесе қандай да бір нақты процесс бойынша білім беруге, тәжірибе жүзінде көрсетуге күш саламыз, — деп атап өтті кәсіпкерлер палатасының өкілі Сағынғазы Құрманалин.

Осы жолы семинар кезінде практикалық жағына көп көңіл бөлінді. Себебі фермерлер семинар өткеннен кейін қандай да бір процесті немесе технологияны өз бетінше меңгеруге ерекше басымдық берілді.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button