Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбенің инновациялық жобалары: хром оксидін өндіретін цехтан жел электр станциясына дейін…

Кез келген мемлекеттің, соның ішінде облыстың негізгі тіні — экономика екені сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жаһандық сипаттағы қиындықтарға қарамастан, экономиканың өсіміне айрықша мән беріп, ішкі жалпы өнімнің көлемін жыл сайын 5 пайызға арттыруды тапсырғаны белгілі. Бұл — Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында баса айтылған мәселелердің бірі.

Осы орайда облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Ермағанбетовпен екеуара сұхбат барысында жоғарыда аталған жұмыстардың өңірде қалай жүргізіліп жатқаны мен тартылған инвестицияның жай-жапсарын, биылдыққа іске қосылған жаңашыл жобалар, жалпы Ақтөбенің экономикалық ахуалын білген едік.

— Ресми деректерге сүйенсек, биылғы 9 айда облыстың негізгі капиталындағы инвестиция көлемі — 371,6 миллиард теңгені құраған. Бұл қаражат негізінен қай салаға, болмаса өнеркәсіп түріне тиесілі?

— Тарқатып айтсам, кен өңдеу өнеркәсібіне — 164,9 миллиард теңге, өңдеу өнеркәсібіне 29,2 миллиард теңге, ауыл шаруашылығына 16,5 миллиард теңге, білім беру саласына 5,4 миллиард теңге, денсаулық сақтау және әлеуметтік салаға 5,9 миллиард теңге тартылды.

— Шетелдік инвесторлар тарапынан көбіне-көп қандай талаптар қойылады? Және олардың саны қанша?

— Олар әдетте мемлекеттік қолдау шаралары, мәселелер туындаған жағдайда қол ұшын созу, жалпы бизнеске көмек көрсету бойынша талаптар қойып жатады.

Осы жылдың 1 қыркүйек күнгі ресми ақпаратқа сәйкес, облыс аумағында 979 шетелдік компания жұмыс істейді.

— Енді импорт пен экспортқа тоқталсақ. Біздің өңірде осы екеуінің қайсысы басым?

— Биылғы 8 айда Еуразиялық одаққа мүше елдермен өзара сауда үлесі 694,6 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 20 пайызға кем.

Ақтөбе облысының Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен сыртқы сауда айналымының жалпы көлемінің ішінде Ресей Федерациясы 96 пайыз, Қырғызстан 0,57 пайыз, Беларусь Республикасы 2,44 пайыз, Армения 0,05 пайызды құрайды.

2019 жылдың 8 айындағы басқа елдермен сыртқы сауда айналымы 2216 миллион АҚШ долларына жетті. Соның ішінде экспорт — 1 865,1 миллион АҚШ доллары, ал импорт — 350,8 миллион АҚШ доллары.

Экспорттың негізгі үлесін металдар мен олардан жасалған бұйымдар алады. Сырттан біз машина, оған қажетті құралдар, түрлі жабдықтарды сатып аламыз.

— Осы көктемде сізбен сұхбаттасқанда, Ақтөбе құрылыс материалдары шығарылатын республикадағы жетекші өңірлердің бірі болса да, әлі күнге кірпіштің сырттан импортталатынын айтып, экспорттың атымен жоқтығын сөз еткен едік. Құрылыс заттарын өндіретін кәсіпорындардың бүгінгі халі қалай, оларға мемлекеттен қолдау бар ма? 

— Қазіргі таңда облыста құрылыс материалдарына деген қажеттілік жоқ. Керісінше, көршілес өңірлерге өнімнің 20 пайыздан астамын жөнелтеміз.

Қолда бар мәліметтерге жүгінсем, жыл басынан бері 22,8 миллиард теңгеге құрылыс материалдары өндірілді. Биыл облыстың құрылыс индустриясы лак-бояу өнімдерін өндіретін зауытпен толыққаны («Баумастер» ЖШС — А.Т.) да көп нәрсені аңғартса керек. Жыл соңына дейін керамогранит, керамикалық плитка, мәрмәр қиыршықтарын өндіретін зауыттар іске қосылмақ.

«Қарапайым заттар экономикасы» аясында құрылыс материалдары өндірісін дамыту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы жасақталып, жүзеге асырылып жатыр. Сол бойынша құрылыс саласында мынадай бағытта мемлекеттік қолдау шаралары жүргізіледі: жұмыс істеп тұрған өндірістерді шикізатпен қамтамасыз ету, қазақстандық қамту үлесін арттыру, тауар өндірушілердің өнімін ішкі нарықта өткізу. Сонымен қатар, жеңілдетілген несиелер де қарастырылған. Осының барлығы айналып келгенде компанияларға медеу болатыны анық.

Жыл басталғалы 1 409,6 миллиард теңгеге өнім өндіріліпті. Ақтөбе облысы қандай тауар түрін шығарудан елімізде жетекші орында?

— Бүгінде облыстың экономикалық әлеуеті жоғары. Ақтөбе минералды шикізатқа бай. Айталық, өңіріміз хром кенінің қоры бойынша дүниежүзінде I орында болса, мыс кенінен Қазақстанда III орында, газ қоры жөнінен IV орында тұр. Жалпы, бүгінде республика бойынша бірқатар өнімдерді өндіруде жетекші өңірлердің біріміз. 2019 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы облыстың республикадағы өнеркәсіп өнімі көлеміндегі үлесі — 7 пайыз.

Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша еліміздегі ферроқорытпа өнімдерінің 35 пайызы мен құрылыс саласындағы силикат және қож (шлак) кірпіштерінің 55 пайызы Ақтөбе облысында өндірілгенін атап кетуге болады.

Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша хром кені мен хром концентратының жалғыз өндірушісі Ақтөбеде орналасқан.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Қолайлы  инвестициялық ахуалдың арқасында облыста Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия, Нидерланды, т.б. 900-ден астам шетелдік компания жұмыс істейді.

Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, Ақтөбе — елімізде өңдеу өнеркәсібінің көлемі бойынша көшбасшы өңірлердің қатарына кірді.

Былтыр 20 өнеркәсіптік жоба іске қосылса, биыл олардың саны 5-еуге артыпты. Ол қандай жобалар?

— Иә, биыл 140 миллиард теңге сомасына 25 өнеркәсіптік нысанды іске қосу жоспарланған. Жобалардың көпшілігі жүзеге асырылып үлгерді: қыс мезгілінде «АКМЭЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің май-экстракциялық зауыты, Қазақстан мен Ресей  инвесторларының қатысуымен ұялы автоклавты газ бетонын өндіру зауыты ашылса, көктем айларында голландиялық кәсіпкерлердің бастамасымен «Green Capital Kazakhstan» серіктестігінің бесінші буын жылыжайы, хром оксидін өндіру цехы өз жұмысын бастады. Сол сияқты «Ақтөбе» индустриялық аймағында биг-бэг, лакбояу материалдарын шығаратын цехтар пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін құрылыс материалдар, керамогранит пен керамикалық плитка өндіретін зауыттар ашылады деп күтілуде.

— Сөзіңіз аузыңызда, жыл соңына дейін Ақтөбеде жел электр станциясының ашылатыны жөніндегі хабар рас па?

— Өткен жылдың желтоқсан айында Қарғалы ауданында «ENI» компаниясының алғашқы жел электр станциясының құрылысы басталған болатын. Жобаның құны — 33 миллиард теңге, ал қуаты — жылына 48 МВт. Жобаның иесі — «Arm Wind» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Жобаның техникалық іске қосылуы шынымен биылғы желтоқсан айында өтеді. Ал келер жылдан бастап толықтай пайдалануға берілмек. Бәрі жоспарлағандай іске асса, аталған кәсіпорын екінші жобаны көп ұзамай қолға алады.

Осы шілдеде Мәртөк ауданында «Желэнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жел энергетикалық қондырғысы іске қосылғанын да айта кету керек. Жобаның құны — 88 миллион теңге.

— Жыл сайын Ақтөбеде халықаралық инвестициялық форумды өткізу дәстүрге айналды. Оның нақтылы игіліктері, келісілген меморандумдардың пайдасы бар ма?

— Әрине. Ең бірінші инвестициялық форум бізде 2013 жылы өткізілген еді. Сол кезден бері жыл сайын Ақтөбе қаласында халықаралық форумды ұйымдастырып келеміз. Форум аясында 27 жобаның меморандумына қол қойылып, тиісті жұмыстар жүргізілді.

Осы жобаларды іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына                        423 миллиард теңге көлеміндегі қаржы әкелді. Сол арқылы 2700-ден астам адам жұмыспен қамтылды.

— Дархан Жанысханұлы, облыста қолға алынған инновациялық жобалар бар болғанмен, халыққа оның жарнамасы кемшін болып жатады. Сәтті іске асырылған қандай ерекше жобалар бар?

— Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтеріне сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы 1174 кәсіпорынның инновациялық қызметіне статистикалық байқау жүргізілді. Есепті кезеңде 125 шаруашылық жүргізуші субъектіде инновациялар байқалды. Ал осы жылдың алдын ала есебі бойынша кәсіпорындардың инновациялық-белсенділік жоспары 11 пайызды құрады.

Былтыр осы мақсатта облыстың тау-кен және металлургия өнеркәсібінің 5 кәсіпорнына цифрландыру жүргізілді. Биыл 1,4 миллиард теңгеге тағы 3 өндіріс орнын осы жүйемен қамту басталды. Осының өзі — инновация. Өйткені мұндай жаңашылдық бұрын-соңды болмаған, оның игілігін көп ұзамай көреміз деген ойдамыз.

Сұхбат барысында мен айтқан өнеркәсіптік жобалардың арасында да инновацияға жататыны бар.

Екі жыл бұрын елордада ұйымдастырылған халықаралық ЭКСПО көрмесіне ақтөбелік өнертапқыштар да белсенді қатысып, өз жобаларын ұсынғаны белгілі. Соның бүгінгі аужайын айтсаңыз.

— «ЭКСПО-2017» көрмесінде ұсынылып, қазіргі таңда облыста жүзеге асырылған  жаңа технологиялар мен жобалар саны — 6. Олар: «Зәру» шаруа қожалығының жел энергиялары және күн панельдері, «ЖелЭнерго» серіктестігінің жел электр станциялары және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының мұнай мен газ өндірудің автоматты топтық өлшеу құрылғыларын ауыстыру жобалары, тағы басқа.

Сонымен бірге, аталған көрменің негізгі тақырыбы баламалы қуат көздері мен «жасыл технологияларға» арналған-ды. Осы бағыттағы ең ірі жоба ретінде әлемдегі энергетика саласындағы жетекші орынға ие, италиялық «ЕNI» трансұлттық компаниясы, американдық энергетикалық қондырғылар мен технологиялар шығарудағы үздік компаниялардың бірі «General electric» компаниясымен бірлескен Ақтөбедегі «Бадамша-1» жел электр станциясының құрылысын атап кетуге болады.

Сұхбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button