Пікір

Бағыт — жемқорлықтан ада қоғам құру

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог- Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы өз мазмұнымен азаматтар өмірінің барлық салаларын қамти отырып, қоғамның өзекті деген мәселелерін қозғады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі іс-қимыл негізгі мәселе ретінде күн тәртібінен түскен жоқ.

Сыбайлас жемқорлық туралы айтылған кезде, қандай да бір моральдық-рухани қағидалардан аттап, өз өкілеттіліктері мен лауазымдық мүмкіндіктерін теріс пайдаланатын шенеуніктер еріксіз ойға келеді. Бүгінгі күнгі тәжірибе көрсетіп отырғандай, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасауға нормативтік-құқықтық актілерде кездесетін қайшылықтар мен бүркемеленген айла-тәсілдер негіз болуы мүмкін.

Осыған байланысты, Мемлекет басшысы бірінші кезекте сарапшылар мен жұртшылықты қатыстыра отырып, нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама институтын жандандыру қажеттілігіне назар аударады. Аталған механизм азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын маңызды құжаттарды қабылдау алдында, ондағы сыбайлас жемқорлыққа бейім нормаларды анықтауға бағытталған.

Жолдау мазмұнында сонымен қатар сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс жасалған ведомство басшысының дербес жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыда регламенттеудің маңыздылығы атап өтілді. Заман талабына сай мемлекеттік орган басшыларының жауапкершілігі күннен-күнге артуда.

Ашықтық пен қоғаммен тиімді кері байланыс құру мәселесі де назардан тыс қалмай, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аударумемлекеттік органдар қызметіндегі негізгі басымдық ретінде айқындалды. Өйткені орталық және жергілікті орган басшыларының құлықсыздығы мен «бейқамдығы» азаматтар өміріндегі көптеген қолайсыздықтарды туғызуда.

Үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажеттілігі жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы белсенді азаматтық қоғам қалыптастыратынын ерекше атап өту қажет. Өз кезегінде, белсенді азаматтық қоғам — сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы алар асуларымыздың кепілі.

Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында қоғамдағы сыбайлас жемқорлықты жою жөніндегі мақсатын іс жүзінде жүзеге асыруға ниеттенгенін дәл осы Жолдаудың өзі айқын білдіреді.

2019 жылдың 13 маусымындағы Президент Жарлығына сай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі болып қайта құрылған болатын. Жарлыққа сәйкес аталған Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда ерекше кешенді құзыреттер бөлінген, жемқорлықпен күресті күшейтуге және оның алдын алу тиімділігін арттыруға бағытталған тәуелсіз құқық қорғау органы болып табылады.

Заман талабына сай құрылған жаңа Агенттіктің миссиясы — «Қазақстан халқының игілігі үшін сыбайлас жемқорлықты жою» деп тұжырымдалып, әділет, сенім және парасат сынды адам бойындағы ұлы қасиеттер құқық қорғау органының ең басты құндылықтары болып бекітілді.

Әлемнің көшін бастап тұрған мемлекеттердің озық тәжірибелері көрсеткендей, алдын алу, ағарту және қылмыстық-құқықтық шаралардың сындарлы үйлесімі ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы батыл нәтижелерге алып келеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жаңа құрылымы біздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекет саясатындағы алдын алу шараларының басымдылығын көрсетеді.Осыған байланысты, аталған бағытты күшейту мақсатында бүгінгі күннің сын-қатерлері мен қоғам талаптарын ескере келе, үш жаңа департамент құрылды. Олар: превенция, парасаттылық және серіктестік департаменттері.

Сонымен қатар жедел-тергеу бөлімшелерінің қызмет аясы кеңейіп, бүгінгі күні квазимемлекеттік секторда, сондай-ақ сот және құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын анықтап-тергейтін жаңа департаменттер пайда болды.

Бұндай қадам мемлекет қатысатын орасан зор қаражатты игеруші ұлттық компаниялар, холдингтер мен кәсіпорындар қызметіндегі сыбайлас жемқорлықты жоюдың стратегиялық маңыздылығына негізделген.

Ал құқық қорғау және сот органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың бүгінгі ауқымы қоғамның сеніміне орасан зор нұқсан келтіреді. Осы ретте сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетудегі елеулі нәтижелерге қол жеткізген мемлекеттердің бұл бағыттағы жұмысты құқық қорғау органдарынан бастағанын ерекше атап өткен жөн.

2018 жылдың 5 қазанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл алаңындағы жаңалықтарға толы болды. Дәл осы Жолдау Елорданың тәжірибесі негізінде «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасының республикамыздың барлық өңіріне таратылуына негіз болды.

Бүгінгі күннің өзінде өңірімізде жүзеге асырылып отырған «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі парасаттылық қағидатының терең тамыр жаюына арқау болып, мемлекеттік құрылымдар мен қоғам арасын байланыстыратын алтын көпірге айналды.

Бұл жоба Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ортақ іс-әрекет болып табылады. Ең басты мақсаты тұрмыстық сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, әлеуметтік-маңызды салалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде азаматтарға арналған қолайлы жағдай жасау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, қоғамдық бақылауды күшейту және парасаттылық қағидатын қоғамда ауқымды түрде дәріптеу болып табылады.

Жобалық кеңсенің жұмысы аясында қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық қылмысы мен мемлекеттік органдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шаралар үшін бірінші басшылардың дербес жауапкершілігін күшейту бойынша жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күні аталған құжаттарға 259 мемлекеттік орган басшылары мен қалалық 80 мектептің директорлары қол қойды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың негізгі өлшемі ашықтық пен жариялылық қағидаттарына сай мемлекеттік органдармен жұмыс одан әрі жалғасуда. Бүгінгі күні open-space форматындағы ашық кабинеттер Ақтөбе қаласы мен барлық аудан әкімдіктерінде жасақталып, жұмыс жасауда.

Ашық кабинеттерде әкімдер мен барлық деңгейдегі басшылар комиссия отырыстарын, азаматтарды қабылдау, әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы азаматтармен тілдесу өткізеді, тұрғындардың өтініштерін қарайды, бұл ретте олар тиісінше қоғамдық бақылауда болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілердегі белсенді жұмысының маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі күні көпшілікке танымал Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде мемлекеттік орган басшыларының қатысуымен тұрақты түрде онлайн-трансляциялар өткізіліп тұрады. Барлығы өте ыңғайлы. Трансляция барысында тұрғындар өздерін толғандыратын сұрақтарын қойып, басшылар оларға нақты уақыт режимінде жауап береді.

Сонымен қатар Президентіміз барлығымызға ортақ — азаматтардың сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндетін алға қойып, тек қана билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болатынын атап өткен еді.

Осыған байланысты, «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі тарапынан «Халық заңгері» форматындағы азаматтарды қабылдау тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Осындай науқан барысында облыс тұрғындары өңірдің әртүрлі саласын қамтитын мәселелер бойынша мемлекеттік қызметшілерден толыққанды жауаптарды бір жерден алады. Бүгінгі күннің өзінде дәл осындай 6 шара өткізілді.

Сонымен қатар жуырда «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі алаңында облыс басшылығының қатысуымен азаматтарды жеке қабылдауды ұйымдастыру тәжірибеге енгізілді.

Бизнес пен инвесторлардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттыру, сондай-ақ олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында жобалық кеңсенің «Protecting Business and Investments» бағыты жұмыс жасауда. Осылайша, бір жыл ішінде 28 инвестор бизнесті парасаттылық қағидасына сай жүргізуге және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне «мүлдем төзбеушілікке» келісім беріп, инвестициялық жобаны сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу туралы келісімге қол қойды.

Өз кезегінде департамент бизнес пен инвесторлардың мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғалуына нақты кепілдік берді. Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеудегі инвестициялардың жалпы сомасы 4 трлн теңгеден астам соманы құрап, күн тәртібіндегі 55 мәселе өзінің оң шешімін тапты.

Мәселен, ағымдағы жылдың 20 қыркүйегінде «Green Capital Kazakhstan» ЖШС голландиялық инвесторы жылыжай кешеніне арналған жабдықтарды әкелгені үшін мемлекеттік кірістер органдарымен дұрыс есептелмеген 353 млн теңге көлеміндегі кедендік баждан босатылды.

Орын алған мәселе өзінің оң шешімін таппаған ретте компанияға жүктелген баж сомасы оны банкроттыққа ұшыратып, Ақтөбе өңірі 240 жұмыс орны мен жыл сайынғы мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер 480 млнтеңгеге қысқарып қалу қаупі болғанын ерекше атап өткен жөн.

Кез келген бизнесті заңсыз қол сұғушылықтан қорғау, олардың дамуына жағдай жасау және орын алған кедергілерді жою Агенттік қызметіндегі басым бағыт болып табылатынын атап өткен жөн, яғни келісімнің болуына немесе болмауына қарамастан бизнес пен инвесторлар әрқашан да біздің қолдауға сенім арта алады.

Өңірдегі жастарға үлкен көңіл бөлінуде. Бүгінгі студент — келешек маман. Мамандықтың қай түрі болмасын, «парасаттылық қағидаты» барлығына ортақ. «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің студенттік ортада сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған «Саналы ұрпақ» атты бағыты бар. Бүгінгі таңда білім беру мекемелерінде 41 «Саналы ұрпақ» студенттік клубы ашылып, оған 2 мыңнан астам студент мүше болып табылады. Әр алуан сипаттағы 327 іс-шара өткізілді.

Сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу тек қана мәдениетті парасаттылыққа негізделген қоғам болған жағдайда жүзеге асады. Бұл өз кезегінде ауқымды ағарту жұмыстарын жүргізуді, қоғамның риясыз сенім мен заңның әрбір сөзіне деген құрмет қалыптастыруды талап етеді.

Осыған байланысты, жобалық кеңсе аясында облыста 30-дан астам «Парасаттылық мектебі» жұмыс жасайды. Қоғам белсенділері, мемлекеттік қызметшілер, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамынан арнайы дәріскерлер тобы іріктеліп, бүгінгі күні тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Бізде алғашқы парасаттылық мектебінің ашылу салтанатына облыс басшысы Оңдасын Оразалиннің өзі қатысып, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенттері, яғни болашақ дәрігерлермен ашық әрі жарқын диалог ұйымдастырылды.

Облыс орталығынан бастап шалғай жатқан ауылдық округтерге дейін халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда.

Жоғары оқу орындарындағы магистратураға, докторантураға және техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне түсу емтихандарының объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бақылаушылар ретінде «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, өңірлік арнайы мониторингтік топтың өкілдері және белсенді тұрғындар тартылды.

Жобалық кеңседе қай уақытта да адамзат өмірі мен экономиканың күре тамыры болған — жолдар сапасының мониторингін жүзеге асыратын «Сапалы жол» жобасы бар. Бүгінгі күні жобалық кеңсе және арнайы мониторингтік топ өкілдерінің қатысуымен жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы қызметкерлерімен бірлесе Алға-Қарабұлақ, Ақтөбе-Хромтау, Ойыл ауданының ішкі жолдарының қазіргі ахуалын анықтауға бағытталған көшпелі мониторинг жұмыстары ұйымдастырылды. Осы бағыт шеңберінде өңір тұрғындарын Агенттікпен таныстырылған арнайы мобильдік қосымша арқылы облыстың жол сапасын бағалауға атсалысуға шақырамыз.

Биылғы жылдың 20 мамырында Мемлекет басшысының төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңес өткізілген болатын. Президент күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың бірі ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатта өңірлердің рөлін күшейтуді атап өтті. Осы тұрғыда ол Елбасының бастамасымен жүзеге асырылған «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасын бүгінгі күні тиімді жүзеге асыру маңыздылығына ерекше тоқталды.

Осыған байланысты, бүгінгі күні «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік органдар мен қоғамның күш-жігерін біріктіретін бірегей жоба ретінде көрсетеді.

Сыбайлас жемқорлық — мемлекеттің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай деңгейде төмендетеді, қоғамдағы демократиялық өзгерістердің іске асырылуын тежейді, елдің экономикалық мүдделері мен ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Ең бастысы, адамдардың құқықтық негізге, заңға, әділеттілікке, бостандыққа және билікке деген сеніміне теріс әсер етеді. Осыған байланысты, азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға және қоғамдық бақылауға белсенді атсалысуға, «параны бермеуге» және «алмауға», өсіп келе жатқан жастарды парасаттылық пен адалдыққа тәрбиелеуге шақырамыз.

Сыбайлас жемқорлық фактілерімен кездескен жағдайда 1424 республикалық Call орталығына хабарласуларыңызды сұраймыз! Сыбайлас жемқорлық көріністеріне «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қамтамасыз ету — қазіргі заманғы мемлекет азаматтарының жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік беретініне сенімдіміз.

Ғалымбек ДОСАНОВ,

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Back to top button