БілімБасты жаңалықтар

Қосымша білім беру:  жұмыс және жоспар 

Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық акдемиясында 8 бағытта 82 үйірме жұмыс жасайды. Орталық дарынды балалардың ордасына айналып, олардың қабілеттерін шыңдай түсуде. Енді мұнда ресурстық орталық та құрылатын болады. Сөйтіп, облыстың 12 ауданындағы қосымша білім беретін мекемелердің педагогтері Шығармашылық академиясындағы білікті мамандардан әдістемелік көмек алып, тәжірибе алмасады.

Біз Шығармашылық академиясының директоры Шамшат Жұбаймен орталықтың тыныс-тірлігі туралы сөйлескен едік.

Кеңес қорытындысы

Күні кеше ғана Астанада Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің қатысуымен балаларға қосымша білім беруді дамытудың мәселелері туралы кеңес өтті. Жиынның мақсаты — қосымша білім беру ұйымдарының жағдайын жақсарту, өзекті мәселелерін талқылау. Басқосуда балаларға қосымша білім беруді дамытуға байланысты көптеген түйінді мәселелер көтерілді. Мысалы, балаларға қосымша білім беруді әрі қарай дамыту, қосымша білім беру жүйесінде жан басына шаққандағы қаржыландыру, оқушылар сарайларын стратегиялық дамыту, балаларға қосымша білім беру жүйесін дамытуды басқарудың әлеуметтік тетігі және педагогтерді аттестациялау мәселелері қарастырылды. Кеңес барысында республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер сөз алып, облыс орталықтарындағы Оқушылар үйі, Шығармашылық академияларының базасында ресурстық орталықтар ашу туралы ұсыныс айтқан болатын. Ресурстық орталықтардың арқасында шалғай ауылдардағы қосымша білім беру ұйымдары дамиды. Ауыл педагогтері тәжірибе алмасады, әдістемелік көмек алады. Бұл ұсынысты Білім және ғылым министрі қолдады. Сондай-ақ, министр жиын қорытындысында колледждер мен жоғары оқу орындарының жанында үйірме, секция және студиялар ашу мәселесін қарастыруды тапсырды. Сонымен бірге, балаларға қосымша білім беру жүйесінде жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігін әзірлеу жоспарланып жатыр. Заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курстарын өткізу жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар Оқушылар сарайларында инновациялық технологиялар енгізу мен технопарктер ашу жұмыстары жалғасатын болады, — дейді Шамшат Оңайқызы.

Шығармашылық академиясы республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Аталған республикалық орталықтың ұйытқы болуымен Ақтөбеде балаларға қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған 80 сағаттық «Балаларға қосымша білім берудің сапасын, қолжетімділігін және тиімділігін қамтамасыз ету» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсы өтті. Курсқа еліміздің барлық өңірлерінен педагогтер қатысып, білімдерін жетілдірді.

8 бағыт. 82 үйірме. 92 аудитория

Бұдан екі жыл бұрын еңсе тіктеген орталықта баланың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Мұндағы барлық кабинеттер заман талабына сай жабдықталған.  Аспан әлемін қамтитын заманауи планетарий, ғимарат шатырында орналасқан телескоп, обсерватория, балалар театр шеберханасы, робототехника, т.б. бірнеше студия мен шеберхана бар.

Аталған орталықта қазір 8 бағытта 82 үйірме жұмыс жасайды. Олар:  IT жаңа технологиялар факультеті, көркем-эстетикалық тәрбие,  қолданбалы өнер, спорт, көркемдік дамыту мектебі, мектепалды даярлау,  «ART-Медиа», би әлемі және музыкалық факультеттер.

Шығармашылық академиясының ғимаратында 3-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің қызығушылықтары мен қажеттіліктерін қамтамасыз ететін соңғы үлгіде, эстетикалық талапқа сай жабдықталған 92 аудитория бар. Мұнда қазір 6000-ға жуық бала тәрбиеленіп жатыр. 160 маман еңбек етеді, — дейді орталық директоры.

Академия ғимаратында бір уақытта 1000-ға жуық бала ғылыми ізденіспен және шығармашылықпен айналысып, өзінің ақпараттық технология саласындағы қабілеттерін дамыта алады.

Шығармашылық академиясы биыл жазда алғаш рет жазғы күндізгі демалыс лагерін ашты. Лагерьде әлеуметтік жағдайлары төмен оқушылар да тынықты.

Тарихтағы жарқын сәт

Шығармашылық академиясы тарихындағы жарқын сәттердің бірі — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келуі. Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомураның келуі де маңызға ие.  Ол «Климатическая шкатулка» атты өз сыйлығын Академияның бизнес мектебіне табыс етті, — дейді Шамшат Жұбай.

Ақтөбедегі Шығармашылық академиясы 2017 жылдың қараша айында Алматы қаласында Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясына мүшелікке кандидаттыққа қабылданып, 2018 жылдың мамыр айында ЮНЕСКО ұйымының мүшесі атанды. Биыл 28 ақпан күні Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының Ақтөбе облысы бойынша аймақтық өкілдік орталығы болып жарияланды. Клубқа мүшелік еткен бір жылдың ішінде Шығармашылық академиясында 285 адам (20 педагог және 265 оқушы) ЮНЕСКО клубының мүшесі атаныпты.

«Рухани жаңғыру», «Бақытты бала» жобалары аясында Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының құрамына мүшелікке ену, жас таланттарды анықтау мен қолдау мақсатында І республикалық «Күй қанаты» балалар мен жасөспірімдер өнер байқауы тегін өткізілді. Байқауға Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Қостанай және Ақтөбе облыстарынан 54 жеке орындаушы, 11 ансамбль, 3 оркестр қатысты. Шығармашылық академиясы үшін бұл айтулы шаралардың бірі болып есептеледі.

Балалар және байқаулар

Шығармашылық академиясының тәрбиеленушілері көптеген халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі конкурстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. «Академия балмұздақтары» КВН командасы «Маусымашар – 2019» республикалық фестивалі аясында мектеп оқушыларына арналған «Жайдарман» сайысына қатысып, І орын иеленді. «Еңлік» үлгілі би ансамблі «Көктем дауысы» халықаралық конкурс фестиваліне қатысып, ІІ орынға ие болды (жетекшісі — Г.Байдилдинова). Сондай-ақ, заманауи би студиясы «Көктем дауысы» халықаралық конкурс фестиваліне қатысып, ІІ орын алды (жетекшісі — А.Оразғалиева).

Шығармашылық академиясында балалар мен жасөспірімдер арасында таланттарды анықтау, дамыту, қолдауға бағытталған «Би толқынында-2018» атты І халықаралық хореографиялық би байқауы өткізілді. Шарада 300-ге жуық өнерпаз  бақ сынады.

 P.S.

Жақын болашақта Шығармашылық академиясында 100-ден астам үйірме мен секция жұмыс жасайтын болады. Аудан орталықтарында 12 филиал ашу да жоспарда бар.   

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button