Басты жаңалықтарЖастар

Ел үмітін арқалағандар бас қосты

Жексенбі күні Ақтөбеде алғаш рет талантты, еңбекқор жастарды қолдауға арналған «Ел үміті» жастар марафоны өтті. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының бастамасымен Жастар жылында қолға алынған ауқымды жобаның аясында ұйымдастырылған марафонға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин арнайы қатысты.

Жас таланттарды, жаңашылдарды, білікті мамандар мен кәсіпкерлерді насихаттап, Елбасының түрлі бағдарламаларының арқасында қандай да бір нәтижеге қол жеткізген бүгінгі күннің қаһармандарын таныстыру мақсатында өткен шараға Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарынан келген 3000-ға жуық белсенді жас қатысты. Бұл – жеке тұлға ретінде жан-жақты дамып, өз ісінің білікті маманы болған, ел дамуына өз үлесін қосып жүрген жастар.

Марафонның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев:

— Әрбір мемлекеттің дамуы мен болашағы оның білімді, ойшыл жастарына байланысты. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарды қолдау мен дамытуға үлкен көңіл бөлді. Биылғы жылды Жастар жылы деп жариялауы да бекерден-бекер емес.

Елбасы айтқандай, біз дамыған 50 елдің қатарына ендік, ендігі мақсатымыз —дамыған 30 елдің қатарына кіру. Ол үшін біздің елде жасампаз, ойшыл жастар көп болуы керек. Өйткені алдағы уақытта бәсекелестік тек экономикада ғана емес, адамдар арасында да болады. Біз білікті, білімді азаматтардың арқасында ғана бәсекеге қабілетті ел бола аламыз.

Бүгінгі таңда елімізде 30 мыңға жуық дарынды бала бар, 100-ден астам мамандандырылған мектептер мен білім беру орталықтары жұмыс жасайды. Тек биылдың өзінде елімізде мыңнан астам бала халықаралық конкурстар мен олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. «Ел үміті» марафонының Ақтөбеде өтуі де тегіннен-тегін емес. Өйткені осы аталған мыңнан астам баланың ішінде ақтөбелік білімді оқушылардың да үлесі бар.

Елбасының тапсырмасына сәйкес, еліміздегі талантты жастарды қолдауға арналған «Ел үміті» жобасы аясында біз кем дегенде 1000-ға жуық дарынды баланы анықтайтын боламыз, — деді.

Өз кезегінде сөз алған ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев «Ел үміті» жастарға әлеуметтік баспалдақ болатынын жеткізді.

— Біз әлемнен артта қалмауға тиіспіз. Бұл ретте мемлекет көп нәрсе жасап жатыр. «Жас кәсіпкер», «Жас маман», «Болашақ», «Дарын» және басқа да бағдарламалар бар. «Ел үміті» бастамасы аясында жастарды қолдауға арналған бірқатар жобаны қолға аламыз. Әр баланың өзіндік таланты бар. Оны тек аша білу керек. Сондықтан, ең алдымен, қазір әр аймақта «Дарын» орталықтары күшейтілетін болады. Әр баланың әлеуетін ашу үшін, қайда оқи алады, неге көбірек бейім екенін анықтау үшін диагностика жасалады. Одан бөлек тағы да басқа  жобалар болады, — деді Әсет Исекешев.

Айтуынша, қазір Қор көшбасшылық бағдарламасы, балалардың әлеуетін анықтау жүйесі, ынталандыру құралдары, олимпиада жеңімпаздары мен дарынды жастарға гранттық қолдау көрсету жүйесі сынды жобаларды қарастырып жатыр. Жоба аясында әсіресе ауыл жастарына ерекше көңіл бөлінетін болады. Олар үшін жыл сайын «Мың бала» турнирі ұйымдастырылып, нәтижесінде үздік шыққан 1000 ауыл баласы еліміздің үздік білім ордаларында оқуын жалғастыра алады.

Шара барысында марафон қатысушылары өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар өз қатарластары мен кейінгі буын өкілдеріне еңбек етіп, ізденуге шақырды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан түрлі бағдарламалар мен қолдаулар үшін алғыстарын жеткізді.

«Ел үміті» марафонына Ақтөбе облысынан қатысқан жас кәсіпкердің бірі Жанна Алтынбаева 2016 жылы  туристерге арнап «Nice hostel»  халықаралық стандарттарға сай келетін  қонақүй ашқан. 30 жастағы ақтөбелік кәсіпкер шара барысында өзінің бизнес жолында кездескен кедергілері мен тәжірибелерін айтып, діттеген мақсатқа жетудегі басты қағидаларды нақтылады.

Ал  Атырау өңірінен келген  қатысушы Нұрлан Азаматов  азаматтарға сөйлеу мәнерін, ойын дұрыс жеткізу, ораторлық өнерді  үйтеру мақсатында оқу орталығын ашқан. 2012 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан орталық 500-ден аса азаматты өз ортасында ойын ашық айтуға үйретіпті. 2014 жылы Мәскеу қаласындағы Риторика және шешендік өнер университетінде білім алған жас ізденімпаз болашақта оқу орталығын кеңейтіп, еліміздің Бас қаласында ашқысы келетіндігін айтты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел үміті» бастамасын Қор, Үкімет, облыс әкімдіктері мен бизнес-қауымдастық және Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырады.

«Қоныс» спорт сарайында өткен кеш  қазақ эстрадасы жұлдыздарының өнер көрсетуімен аяқталды.

Айта кетейік, Ақтөбедегі марафон — Елбасының «Ел үміті» бастамасының аясында өткізілген алғашқы шаралардың бірі. Бастама талантты балалар мен жастарды кешенді қолдауды көздейді. Бұл үшін бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button