Басты бет » Жаңалықтар » Облыс халқының 49 пайызы интернетке қол жеткізіп отыр 

Облыс халқының 49 пайызы интернетке қол жеткізіп отыр 

Цифрландыру

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен цифрландыру мәселесіне арналған отырыс өтті.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың, басқармалар мен департаменттердің басшылары, сондай-ақ селекторлық режимде барлық аудан әкімдері қатысты.
Отырыста тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қауіпсіздік, білім, денсаулық сақтау салаларындағы цифрландыру және «Smart City» бағдарламасын енгізу бойынша атқарылған жұмыстар туралы мәселелер қозғалды.
Жиын барысында облыс басшысы өңірдегі цифрландыру жұмыстарының жай жүріп жатқандығын және елді мекендерде кең жолақты интернет желісі сапасының әлі де төмен екендігін баса айтты.
— Мемлекет басшысының биылғы жылғы халыққа арнаған Жолдауында 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдарын енгізу арқылы цифрлық экономиканы дамыту бойынша жұмыстарды атқару нақты атап көрсетілді. Дегенмен цифрлық қызмет көрсетуді тұрғындардың толыққанды пайдалануы үшін қалада да, ауылда да, ең алдымен, интернет керек. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша елімізде білім, денсаулық сақтау, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және қауіпсіздік салаларында цифрландыруды дамытуға басымдық беріледі. Өкінішке қарай, олардың іске асырылуы қазіргі таңда тиісті деңгейде жүріп жатқан жоқ, — деді облыс әкімі.
Бүгінгі таңда облыс бойынша талшықты-оптикалық байланыс желілерімен облыс орталығынан бөлек, Алға, Жем, Қандыағаш, Темір, Шалқар, Ембі және Хромтау қалалары, сондай-ақ 42 ауылдық елді мекен қамтылған. Ал көліктік инфрақұрылымның басқа түрлерімен облыстағы 136 ауылдық елді мекен қамтылды. Осылайша өңірдегі 184 елді мекен немесе облыс халқының 49 пайызы интернетке қол жеткізіп отыр.
Жиын соңында облыс басшысы цифрландыруды дамыту бойынша облыс әкімінің орынбасарлары мен мемлекеттік мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.