Жаңалықтар

Құрылысшылар одағының алғашқы отырысы өтті

«Қазақстан құрылысшылары одағы» заңды тұлғалардың республикалық бірлестігі облыстық филиалының алғашқы жиыны өтті. 

«Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залына жиналған ақтөбелік құрылысшылар жиын барысында өңірде құрылыс саласында кездесетін өзекті мәселелерді қозғады. Сондай-ақ «Құрылыс саласындағы өңірлердің проблемаларын шешу жөніндегі Жол картасы» жобасы талқыланды.

Сондай-ақ күн тәртібінде «Қазақстан құрылысшылары одағы» облыстық филиалының жұмыс жоспары ұсынылды. Филиал директоры Самат Ормағамбетов одақ жұмысына тоқталып өтті.

«Қазақстан құрылысшылары одағы» заңды тұлғалардың республикалық бірлестігін құрудың негізгі мақсаты — одақ мүшелерінің кәсіпкерлік қызметін үйлестіру, сондай-ақ мемлекеттік және басқа да ұйымдарда одақ мүшелерінің ортақ мүліктік мүдделерін білдіру, қорғау, инвестициялық қызметтің барлық қатысушылары арасында шоғырландыру әрі іскерлік ынтымақтастық орнату. Сол сияқты құрылысшы мамандығының беделін арттырып, ұжымдардың бастамаларын қолдау және оларды іске асыру.

«Қазақстан құрылысшылары одағы» — құрылыс саласындағы  230-дан астам кәсіби компанияны біріктіретін қоғамдық ұйым. Одақ барлық құрылыс кешеніне табысты жұмыс жасауға, туындаған проблемаларды шешуге және біздің саланың ел экономикасын дамытуға лайықты үлес қосуына ықпал етпек, — деді С.Ормағамбетов.

Құрылыс саласындағы кәсіпкерлердің айтуынша, қазіргі уақытта елімізде бұл саланың даму тенденциялары қуантарлықтай емес, көптеген проблемалар бар. «Тек ұжымдық күш-жігер ғана проблемаларды шешуге көмектесе алады», — дейді отырысқа қатысушылар.

Құрылыс саласы — экономиканың негізгі локомотивінің бірі. Жалпы ішкі өнімнің көрсеткішінде құрылыс саласының үлесі айтарлықтай жоғары, шамамен 8 пайыз.  Бұл сала біздің өңірімізде 1800-ге жуық кәсіпорынды біріктіреді. Өкінішке қарай, осы кәсіпорындардың тең жартысы жұмыс жасамай тұр. Тәжірибе көрсеткендей, тек бірлестікке шоғырлану арқылы ғана  сол салаға қатысты мәселелерді бірігіп шешудің мүмкіндігі зор, — деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

Отырысқа қатысушылар Ақтөбеде құрылыс саласы қарқын алған аумақтарға инфрақұрылым тарту мәселесін де сөз етті. Самат Ормағамбетов бұл мәселе елордада өткен одақтың отырысы кезінде көтерілгенін де айтып өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша филиалдың алдағы іс-шаралары мен жұмыс жоспарлары жасалды, атқарылған жұмыстарға мониторинг жүргізілді, сондай-ақ өңірдің құрылыс саласындағы жағдайын жақсарту бойынша идеялар ұсынылды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button