Жаңалықтар

Юнеско-мен бірге 10 жыл

Шығармашылық академиясында  Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының  10 жылдығына арналған гала концерт ұйымдастырылды. Шараға облыстық ЮНЕСКО клубтары басшылары (8 қосымша білім беру ұйымы), қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері және оқушылар қатысты.

Концерттің өтуіне Шығармашылық академиясы ұйытқы болды.

Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының  10 жылдығына арналған шараға облыстағы ЮНЕСКО клубтарының барлығы да қатысып жатыр.  Концерт барысында ЮНЕСКО клубтарының 10 жылдыққа орай ұйымдастырған байқауларының жеңімпаздарын марапаттаймыз.

Жалпы облыс бойынша Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының 8 клубы бар. 5 клуб — үміткер. Шығармашылық академиясы — Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының Ақтөбе облысы бойынша аймақтық өкілдігі, — дейді Шығармашылық академиясының директоры Шамшат Жұбай.

Салтанатты шарада бірнеше үздіктер марапатталды. Олардың арасында Шығармашылық академиясының ұйымдастыруымен өткен қалалық «Тіл мәртебесі — ел мәртебесі» атты жас ақындар айтысының, қалалық көркемсурет лицейі ұйымдастырған облыстық көркемсурет байқауының жеңімпаздары бар. Сондай-ақ, Темір аудандық көркемсурет мектебінің, Қарғалы аудандық балалар өнер мектебінің, қалалық оқушылар сарайының, «Білім-инновация» лицей оқушыларының, қалалық №1 музыкалық мектебінің ұйытқы болуымен өткізілген байқауларының жеңімпаздарына да тарту жасалды.

Концертте Шығармашылық академиясының балалар хоры, би әлемі факультетінің бишілері және балалар театр шеберханасының оқушылары, сонымен қатар қалалық №1 музыка мектебінің оқушысы Рахим Сатиев пен қалалық оқушылар сарайының «Арлекин» қуыршақтар театры оқушылары өнер көрсетті.

Кең көлемде өткізілген шара барысында Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтары Федерациясы мүшелері өз туындыларын көрмеге қойды.

Концерт би кешіне жалғасты.

Айта кету керек, Ақтөбедегі Шығармашылық академиясы 2017 жылдың қараша айында Алматы қаласында Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясына мүшелікке кандидаттыққа қабылданып, 2018 жылдың мамыр айында ЮНЕСКО ұйымының мүшесі атанды. Клубқа мүшелік еткен бір жылдың ішінде Шығармашылық академиясында 285 адам (20 педагог және 265 оқушы) ЮНЕСКО клубының мүшесі атаныпты.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button