Экономика

Мерейлі Мәртөк тынысы

Мәртөк — ауылшаруашылығы саласы бойынша облыс экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отырған аудандардың бірі. Сондай-ақ мұнда кәсіпкерлік бағыты да қарқынды дамыған.

Мәртөкке жасаған арнайы сапарымыз барысында аудан әкімі Ермек Кенжеханұлы ауыл шаруашылығы саласындағы толымды істер туралы айтып өлкенің өзге салаларында атқарылып жатқан жұмыстарға жіті тоқталып, ауданның алдағы жоспарларымен бөліскен еді…

 Зауыт өз өнімдерін еуропа елдеріне экспорттамақ

Мәртөк ауданында облыста теңдесі жоқ құрама жем зауыты салынып жатыр.

Жылына 16 мың тонна өнім өндіруге қуатты өндіріс кешені желтоқсан айында пайдалануға берілмек.

Ақтөбе қаласының солтүстігінде жатқан Мәртөк ауданы ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі. Жыл басынан бері бұл салаға 2157,9 млн теңге көлемінде инвестиция тартылып, 260,6 млн теңге мөлшерінде субсидия алынған. Субсидияның 1 теңгесіне 93 теңге инвестициядан келеді.

Өткен жылмен салыстырғанда мерейлі мекенде төрт түлік саны да едәуір көбейген.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алып, өз кәсібін бастағандар саны да артып келеді. Мәселен, тек биылдың өзінде ауданның ауыл шаруашылығы саласында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 75 жоба мақұлданған.

Біздің бұл жолы әңгімемізге арқау болған «Milker» ЖШС құрама жем зауыты да мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болған өндірістің бірі.

Жоңышқа мен жүгеріні өсіріп, сақтап және түйіршіктеумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жұмыстарының бүгінде көбі бітіп, азы қалған. Жалпы құны 2,5 млрд теңге болатын зауыт толықтай желтоқсан айында аяқталып пайдалануға берілмекші. Жұмсалған қаражаттың 15 пайызы компанияға тиесілі қаржы болса, 85 пайызы Аграрлық несие корпорациясы арқылы қарызға алынған.

— «Milker» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2017-2020 жылдар аралығында бірнеше ірі инвестициялық жобаларды іске асыруды жоспарлап, үлкен жұмыс бастаған болатын. Жобаның алғашқы кезеңі бойынша жалпы алаңы 1780 гектарды құрайтын суармалы алқапта жем-шөп өндіріп, сақтап және оны өңдейтін зауыт салынады. Қазір қажетті техниканың барлығы сатып алынды. Жұмыс аяқталуға жақын. Зауыт іске қосылған жағдайда 20-дан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр, — дейді Мәртөк аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәміл Саринов.

— Мұндай зауыт, қателеспесем, еліміздің солтүстік өңірінде бар. Ал облыста бұған тең келетін өндіріс орны жоқ екендігін сенімді түрде айта аламын.  Технологиялардың барлығы Германиядан әкелінген. Толықтай іске қосылған жағдайда сағатына 4 тонна өнім шығаруды, дайын өнімді Иран, Сауд Арабиясы және Еуропа елдеріне экспорттауды жоспарлап отырмыз, — дейді компанияның атқарушы директоры Данияр Отарбаев.

«Нұрлы жер» бағдарламасы: жыл соңына дейін 16 пәтер беріледі

Ауданда құрылыс жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. 9 айдың құрылыс жұмыстарының жалпы сомасы 3634 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі күнге дейін 18,5 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Жыл соңына дейін тағы 8 екі пәтерлі тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарланған.

Ауданда өткен көшпелі баспасөз мәслихаты барысында журналистер Мәртөк ауылдық округінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан коммуналды-арендалық тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.

Мәртөктің жаңа шағын ауданында салынып жатқан 8 екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы ағымдағы жылдың шілде айында басталған. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрмұхан Құлшанаевтың айтуынша, тұрғын үйлер жаңа жылға дейін пайдалануға берілетін болады.

Бүгінгі таңда үйдің қабырғалары толықтай тұрғызылып, шатыры жабылған. Инженерлік желілердің барлығы тартылып, терезелері орнатылыпты. Қазір ішкі және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Бір пәтердің көлемі 65 шаршы метрді құрайды. Барлық инфрақұрылыммен қамтылған үйдің құны шамамен 7 миллион теңгеге есептелген.

Аудан әкімі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға, оның ішінде көпбалалы отбасылар мен жетім балаларға берілетін болады.

Айта кетейік, Мәртөк ауданы бойынша бүгінгі таңда 560 адам тұрғын үй кезегінде тұр. олардың 47-сі көп балалы отбасылар болса, 180-і — жетім балалар.

Жаңа спорт кешені ашылады

Өңірде Елбасының республика бойынша 100 дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салу тапсырмасын орындау мақсатында қарқынды жұмыстар жүріп жатыр.  Мәселен, өткен жылдың мамыр айында Қобда ауданында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілсе, биыл сондай кешен өңірдің 4 ауданында есігін айқара ашпақ. Соның бірі Мәртөк ауданында пайдалануға беріледі.

Құны 323 миллион теңге тұратын заманауи спорт ғимаратының бүгінгі таңда 85 пайызы дайын. Құрылысы 2018 жылдың тамыз айында басталған кешенді мердігер мекеме жыл соңына дейін толық аяқтап, халық игілігіне пайдалануға бермекші.

— Дене шынықтыру-сауықтыру кешені екі блоктан тұрады. А блогында ұзындығы 25 метр,  ені 9 метр болатын бассейн болады. Ал Б блогында арнайы күрес, бокс, фитнес залдарымен қатар 160 орынға шақталған көрермен залы болады. Бүгінгі таңда блогтың іргетасын қалау, металлдық конструкциясын құрастыру жұмыстары толықтай аяқталды. А блогындағы сендвич панельдер 100 пайыз орнатылып, Б блогындағы сендвич панельдердің 99 пайызы монтаждалды. Сыртқы инженерлік желілер толықтай тартылып, қазандықты монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тезелерінің де 90 пайызы салынды, — дейді «Көктем Строй» ЖШС бас инженері Бердіғали Селбаев.

Нысан құрылысын аяқтауға қаражат толығымен бөлінген. Бүгінгі таңда 45 адам ғимараттың ішкі жұмыстарымен айналысып жатыр.

Бас инженердің айтуынша, құрылысқа пайдаланылған материалдардың 80 пайызы —қазақстандық өнім. Ішінде Ақтөбеден шығатын материалдар да бар.

Аудандық әкімдік берген мәліметке сәйкес, ауданда спортпен шұғылданатын адамдар саны жыл сайын көбейіп келеді. Жыл басынан бері 14 330 адамды қамтыған 100-ге жуық ірі спорттық іс-шара ұйымдастырылыпты. Ал тұрақты түрде спортпен айналысатын аудан халқының саны 28,7 пайызды құрайды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button