Жаңалықтар

Қар құрсауында қалғандар құтқарылды

Қыстың басы саналатын қарашаның алғашқы күндері облыстың кей аудандарында боранмен басталды. 3 қараша күні Самара-Шымкент республикалық автомобиль жолының Ырғыз ауданына қарасты аумағында қалың қар жауып, жүздеген адам қар құрсауында қалған.

Төтенше жағдай орнынан 132 адам құтқарылды. Олардың 17-сі бала.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметке сәйкес, 3 қараша күні Самара-Шымкент тасжолының 965-1240 шақырымында жолдың бәрін ұйтқыған бораннан қар басып, көліктер тізбектеліп қалған. Аталған жағдайға байланысты «Қазавтожол» ЖШС мен Ақтөбе облыстық жергілікті полиция қызметінің шешімімен аталған учаскелер уақытша жабылды. Жағдайды бағалап, эвакуациялауға мұқтаж адамдарды анықтау үшін аталған аймаққа дер кезінде аудандық аурухана мен төтенше жағдайлар басқармасынан 3 техника мен 9 қызметкер жіберілген.

— Қалыбай ауылына жақын маңда 196 бірлік техника қар құрсауында қалған. Олардың 125-і жүк көлігі болса, 70-і жеңіл автокөлік және 15 жолаушысы бар 1 автобус. Автобус жолаушыларының барлығы Тәжікстан азаматтары.

Қар құрсауынан құтқарылған 132 адам сол маңдағы «Аят», «Дастан», «Мақсат», «Зина» кафелеріне орналастырылды. Бүгінгі күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінде азаматтарға психологиялық көмек беру үшін тікелей желі жұмыс жасап тұр. Олар кез келген уақытта 87132 – 24-75-29 нөміріне хабарласа алады. Аталған құтқару шараларына барлығы 106 қызметкер мен 39 техника жұмылдырылды, — деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button