Мәдениет

Маңызы зор семинар

Жақында Ақтөбеде Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Шанс» кәмелетке толмағандарды әлеуметтік – психологиялық, құқықтық қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Деструктивті діни ұйымдардың құрбандарымен жұмыс. Жасөспірімдердің девиантты мінез-құлқын алдын алу» атты семинар-тренинг өткізілді.

Семинарға Нұр-Сұлтанқаласындағы «Право» қоғамдық қорының төрайымы Ольга Рыль арнайы шақырылды. Шараға сондай-ақ «Шанс» орталығының басшысы Айдана Нұрмағамбет, психология ғылымдарының докторы, халықаралық психологиялық ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі Наталья Фесенко, психология ғылымдарының докторы, халықаралық психология ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі  Құралай Алина секілді кәсіби мамандар қатысты.

Семинардың басты мақсаты — білім мекемелеріндегі директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына және әлеуметтік қызметкерлерге деструктивті діни ұйымдардың құрбандарын дерадикаландыруға бағытталған іс-шаралар кешеніне, сондай- ақ оқушыларға позитивті ұстанымдарды қалыптастыру арқылы девианттық мінез-құлықтың алдын алуды оқыту.

Шара барысында девиантты, делинквентті, криминалдық мінез-құлықтың көрінісі, яғни ауто және гетероагрессия, сонымен қатар оның әлеуметтік, экономикалық, психологиялық, физиологиялық және діни аддикция сынды себептері талқыланды. Дисфункционалдық отбасы, жасөспірім кезеңдегі дағдарыс, балалар мен ата-аналардың қарым-қатынасы мәселелері туралы айтылды. Практикалық дәрістер өткізілді. Семинар соңында қатысушыларға сертификат тапсырылды.

 М.Табын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button