Экономика

Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша Ақтөбе облысы 3-орында тұр

Өңір экономикасына тартылған инвестициялар,  соңғы қолданыстағы аймақтық жобалар облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен инвесторларды тарту және өңірдің инвестициялық ахуалын  жақсарту жөніндегі өңірлік кеңестің кезекті отырысында талқыланды.  Кеңеске қазақстандық және шетелдік инвесторлар,  кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.

Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген  Астана халықаралық қаржы орталығы  басқармасы төрағасының кеңесшісі  Болатбек Қуандықов   бағалы қағаздар және   капитал рыногын дамытудағы Астана   халықаралық қаржылық орталығының мүмкіндіктері туралы айтты.

Инвестициялар үшін күрес жүріп жатқан қазіргі әлемде Өзбекстан мен Ресей Федерациясы аймақтағы ірі ойыншыларға айналуда. Соңғы кездері  Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын жоғарылату үшін елімізде инвестицияларды қолдаудың нақты жолдары іске асырылып жатыр. Мысалы, Минвесторларды кедендік салықтардан босату, жоба құнының 30 пайызына дейін мемлекеттік грант беру, шикізат пен материалдарды сырттан әкелгенде 5 жылға дейін қосымша құн салығынан босату, жер, мүлік салығынан босату шаралары  бар. Қазіргі уақытта еліміздегі инвестиция тартуға артықшылық берілетін  секторлар — ауыл шаруашылығы, тамақ өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, өңдеу өндірісі.

Ақтөбе облысының инвестициялық мүмкіндіктері туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалин былай деді:

— Өңірде «Кедергісіз бизнес» жобасы іске асырылып, инвесторлар үшін фронт-офис ашылды. Облыста қолайлы инвестициялық климаттың қалыптастырылуы арқасында  Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия, Нидерланды, т.б. мемлекеттердің 900-ден астам компаниясы жұмыс істеп жатыр.  Ақтөбе облысы шикізаттық  тәуелділіктен арылып,  өңдеу өнеркәсібінің салаларын  дамыту бойынша Қазақстанда көшбасшыға айналды.  Алдағы уақытта біздің алдымызда  экономикалық әлеуетті арттыру, отандық және  шетелдік инвесторларды тарту, жұмыс орындарын құру және салық  базасын кеңейту жоспары тұр.  Осыған  байланысты салалық басқармалар, «Қазақ инвест» компаниясының өңірлік өкілдігі,  «Ақтөбе«ӘКК» АҚ экономиканың түрлі секторына  инвестициялар тарту жұмысын күшейтуі тиіс».

Облыс әкімі атап өткендей, Дүниежүзілік Банктің сараптамалық  қорытындысы бойынша  Ақтөбе облысы бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша республикада 3-орынға ие болды.

Өңір экономикасына  9 айда 371,6 миллиард теңгенің инвестициясы тартылған.

Инвестициялық тартымдылығы жағынан оң рейтингке жоғарылаған Қазақстанның ішкі жалпы өнімі жыл соңында  3,8-3,9 пайызға, ал 2020 жылы 4,1 пайызға көтеріледі деген болжам бар. ҚР Ұлттық экономика министрлігі 2024 жылы еліміздегі ішкі жалпы өнімдегі  инвестиция үлесі 30 пайызға жетеді дейді.  Бұлай жалғасса, елімізде 2025 жылы ішкі жалпы өнімнің өсуі 5 пайызды құрамақшы.

Өңірлік кеңестің отырысында Қарғалы ауданында  жел электр стансаларын салып  жатқан «Eni»  компаниясының жұмысы туралы компания  менеджері Джованни Бекеруччи жоба туралы айтып берді.

— Жоба құны — 100 миллион АҚШ доллары.  Жел трубиналық генераторларды іске қосу үшін 26 метр іргетастарды тұрғызып, 1300 тонналық бетон  блоктарды орнату керек.  2020 жылдың  маусымында басталатын  құрылысқа  412 жұмысшы керек, — деді Джованни Бекеруччи.

— Жыл соңына дейін облыс экономикасына 600 миллиард теңге, 2020 жылға қарай 800 миллиард теңге,  2024 жылға қарай 1,6 триллион теңге инвестиция тарту көзделіп отыр, — деп қорытындылады жиынды облыс әкімі О.Оразалин.

 

                                                                        Баян СӘРСЕМБИНА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button