Спорт

Юсуп Батырмырзаевты қабылдады

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин еркін күрестен Азия чемпионы, әлем біріншілігінің қола медаль иегері Юсуп Батырмырзаевты қабылдады.

Кездесуге облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров, Ақтөбе облысы бойынша грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясының президенті Жеңіс Жартыбаев, аталған федерацияның вице-президенті Дәурен Жабасов қатысып, аймақ басшысына жас спортшының алдағы уақытта өтетін жарысқа дайындығы туралы баяндады.

Кездесу барысында облыс басшысы біздің өңірдің ғана емес, күллі қазақ елінің мақтанышына айналған жас спортшыны жеңісімен құттықтап, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі.

— Юсуп бауырымыздың бүгінгі жеңісі облысымыздың жетістігі ғана емес, еліміз үшін де үлкен мерей. Бұл — ащы тер мен күнделікті тынбай жасаған жаттығудың және намыстың нәтижесінде келген жеңіс. Оның олимпиадаға лицензия алуға толық мүмкіндігі бар деп есептеймін. Алдағы уақытта да облыс әкімдігі тарапынан Юсупке барлық жағдайды жасайтын боламыз, — деді ол.

Атап өтейік, 1996 жылы туған Юсуп Батырмырзаев қазіргі таңда ҚР еркін күрестен жоғары спорт шеберлігі мектебінде 125 кг салмақта күресіп жүр. Еркін күрестен Моңғолиядағы жарыста топ жарып, Азия чемпионы атанған ол 28-30 қазан күндері Будапешт қаласында жастар арасында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өткен әлем чемпионатында Жапония, Иран, Грузия мемлекеттерінің спортшыларымен белдесіп, қола медальға ие болды.

Өңір басшысы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаровқа Юсуп Батырмырзаевтың тыңғылықты дайындалуы үшін барлық жағдайды жасау керектігі жөнінде арнайы тапсырма берді. Сонымен қатар жас спортшыға қаржылай сертификат табыстап, жеке жаттықтырушыларын Алғыс хатпен марапаттады.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button