Жаңалықтар

Сақтандыру жүйесіне дайындық пысықталды

Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалық етуімен облыстық әкімдікте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мәселелері бойынша өңірлік штабтың отырысы өтті. Жиынға штаб мүшелері мен аудан әкімінің орынбасарлары қатысты.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының стратегиялық сұрақтар бойынша директоры Н.Қасымов жаңа жүйенің тиімділігі мен оны енгізуге аймақтың әзірлігі туралы мағлұмат берді. Сондай-ақ жаңа жылдан бастап «Saqtandyrý» ақпараттық жүйесі енгізіледі. Аталған жүйе пилотты жоба ретінде  Қарағанды облысында іске қосылған. Емхананың немесе аурухананың медициналық ақпараттық жүйесі «Saqtandyrý» ақпараттық жүйесінен тұрғынның сақтандырылғаны немесе сақтандырылмағаны жайлы мәліметтерді сұратады. Сол бойынша медициналық көмек кепілдендірілген тегін медициналық қызметтердің есебінен немесе кеңейтілген сақтандыру пакеті есебінен төленеді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев штаб жұмысын баяндады. Бірінші қазандағы дерек бойынша, облыста  357 мың 611 адам үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 9,9 миллиард теңге жарна мен төлемдер аударылған.  Бұл — өңір тұрғындарының 40,8 пайызы. Облыстық статистика департаментінің мәліметінше, облыста 259 мың 400 бала, 86 700 зейнеткер тұрып жатыр. Олар 2020 жылдан бастап автоматты түрде сақтандырылғандар санатына енеді. Олар үшін қорға жарнаны ай сайын мемлекет аударады. Сондай-ақ, Ақтөбе облысында 17 748 заңды тұлға тіркелген. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, яғни МӘМС заңы бойынша олар 2020 жылдан бастап қорға өздері үшін жарна аударуы қажет. Өз-өзін еңбекпен қамтып отырғандар 107 555 адам болса, оның 89 762-сі МӘМС жүйесі туралы жан-жақты ақпараттандырылған. Аталған жүйені халыққа жеткізуге бағытталған, облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың бекіткен «Жол картасы» бойынша, атқарылуы тиіс жұмыстардың барлығы өз уақытында орындалған.  Қала мен облыстың 12 ауданында сақтандыру жүйесі және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі  (ТМККК) бойынша ақпараттық билбордтар орналастырылды. Халық көп шоғырланатын сауда орындарында аудио-бейнероликтер ротацияланды. Барлық 63 медициналық ұйымда  МӘМС, ТМККК туралы бейнероликтер жүріп жатыр. Сондай-ақ 200 көп қабатты тұрғын үйдің подъездерінде МӘМС, ТМККК бойынша ақпарат орналастырылған. Қоғамдық көліктер мен теміржол вокзалы, әуежай аймағындағы бейнероликтерден халық ақпарат ала алады.

Жиында облыстық еңбекпен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ербол Данағұлов өңір халқының әлеуметтік статусын актуализациялау бойынша есеп берді. Осы мәселе бойынша қала мен кейбір аудандарда проблемалар бар. Мәселен, есепте тұрған адам осыдан он жыл бұрын шетелге көшіп кетеді. Бірақ шығыс құжаттары рәсімделмеген. Осындай адамдардың сақтандыру жүйесіне қалай қатысатынын анықтау үшін тиісті орындармен бірлесе жұмыс жүріп жатыр. Марат Тоқжанов қалада атқарылған жұмыстарға көңілі толмайтынын айтып, қала әкімдігіне тиісті жұмыстарды ыждағаттауды тапсырды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button