Жаңалықтар

«Оксана» — бірінші!

Фестиваль

«Оксана» ұлттық-мәдени орталығы IV халықаралық «Мы вместе, мы одна семья» фестивалінде І орын иеленді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұрхан Ағниязов хабарлады.

IV халықаралық  «Ми разом, ми одна сім᾿я!» фестивалі Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының  қолдауымен «Рада украинцев Казахстана» заңды тұлғалар бірлестігі және «Оберег» украиндар қоғамы» бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.

Қазақстан, Украина, Ресей және Польша мемлекеттерінің  этномәдени бірлестіктерін жинаған іс-шара  қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті, Қазақстанның бауырлас халықтары арасындағы достық байланыстарды нығайту, қазақстандық этностардың мәдениетін көпшілікке тарату, азаматтық бірегейлікті қалыптастыру мақсатында өткізілді.

— Фестиваль аясында  Ақтөбе облысының «Оксана» украин ұлттық-мәдени орталығы сәндік-қолданбалы өнер көрмесінде украин халқының ұлттық бұйымдарын, сондай-ақ жастар жылына арналған «ХХІ ғасыр жастары —объективте» атты фотокөрмеге өз  жұмыстарын ұсынды. «Барвинок» балалар үлгілі фольклорлы  би ансамблі мен «Оксана» халықтық хоры 1-орынға ие болып,  Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасы мен Украина елшілігінің атынан Алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды, — дейді «Қоғамдық келісім» КММ директоры Н.Ағниязов.

Естеріңізге сала кетейік, «Оксана» украин орталығы 1996 жылы Ақтөбе облысының ҚХА жанынан құрылды.  Жыл сайын құрамына 110-нан астам адам кіретін ұлттық-мәдени орталық  4 ауқымды мерекелік іс-шара өткізеді. Сондай-ақ, украин этномәдени бірлестігінің жанында қазақ және украин тілдерін үйрететін жексенбілік мектеп жұмыс істейді.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button