Рухани жаңғыру

Жаңа ұрпақтың даму ортасы

Семинар

Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық балалар кітапханалары қызметкерлерінің қатысуымен өзара кәсіби іс-тәжірибе алмасу мақсатында «Балалар кітапханасы — жаңа ұрпақтың даму ортасы» тақырыбында облыстық семинар өткізді.

Семинарда «Электронды кітапхана: заманауи қызмет жүйесі», «Кітапханашы және оқырман: қазіргі кезеңдегі қарым-қатынас негіздері», «Балаларды кітап оқуға тартуда инновациялық әдістерді қолдану» тақырыптары талқыланып, кітапханашылар іс-тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.

«Жас Отан» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының мүшесі Мұрат Мұстафин дәстүрлі кітапханадағы жаңа заман талаптарына сай нағыз білім орталығы ретінде қайта жаңғырған, жастардың жиі бас қосатын жеріне айналған коворкинг орталықтары жұмысының маңыздылығын атап өтті.

Семинарды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Назимат Бекқазықызы ашты. Кітапхана директоры Сұлушаш Хакимова:

— Ұлтымыздың барлық асыл мұрасын сақтаушы, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші кітапхана болғандықтан, жас ұрпақтың қоғамдық көз­қарасының қалыптасуына ықпал ету, елінің мұрасын жалғастырушы азамат болып өсулеріне бағыт-бағдар беру — кітапханашылардың басты міндеті, — деп атап өтті.

Кітап қорын жасақтау және сақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Досанова кітап қорының сандық жүйеге көшуі туралы және WebRABIS бағдарламасымен жүргізілетін жұмыстары бойынша тәжірибесімен бөлісті. Кітапхана әдіскері Айнұр Құдабай «Заманауи кітапхана жұмысының креативті тәсілдері» тақырыбында баяндама оқып, әлеуметтік желіде балалар әдебиетін насихаттау бойынша жаңа бағыттағы әдістерімен таныстырды.

Сондай-ақ басқосуда жыл басында ақын Ізтай Мәмбетовтің 90 жылдығына орай жарияланған «Оқы, ақтөбелік өренім!» облыстық оқу марафонының жұмысы қорытындыланып, аудандық балалар кітапханаларының белсенді оқырмандарына Алғыс хаттар табысталды.

Эльмира КАШКЕНОВА,

Н.Байғанин атындағы

облыстық балалар

кітапханасының әдіскері,

Ақтөбе қаласы.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button