Жаңалықтар

«Сіздердің алдарыңызда қарызымның көп екенін мойындаймын…»

Кеше «Жастар» мәдени орталығында мүгедектер күніне арналған «Ашық әлем» облыстық әлеуметтік форумы өтті.

Ақтөбе облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында «Ақтөбе қаласының сал ауруға шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған форумға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық және қалалық мүгедектер бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген өңір басшысы Оңдасын Оразалин әуелі облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалып жатқан игі істерге тоқталып өтті. Одан соң әлі де болса шешімін күтіп тұрған шаруалардың барын жеткізді.

— Шешілмей жатқан мәселелер әлі де көп. Оны біз мойындауымыз керек. Мен тек өңір басшысы ғана емес, осы елдің азаматы ретінде сіздердің алдарыңызда қарызымның көп екенін мойындаймын. Әлі де болса көптеген ғимараттарда пандустардың жетіспеуі қанша айтылып жүрсе де түбегейлі шешілмей тұр. Бар болса да, олардың біразы пайдалануға ыңғайлы емес екені мені алаңдатпай қоймайды, оны мен өз көзіммен көріп отырмын, сезіп те жүрмін. Қоғамдық көлікті пайдаланудың қолжетімсіздігі, аялдамалардың тиісті деңгейде жабдықталмағаны да біздің кемшілігіміз. Басқасын айтпағанда, әркімнің тұрып жатқан пәтерінің таза ауаға  шығып серуендеуде кедергілердің көп екені маған жасырын емес. Бірінші қабаттан тоғызыншы қабатқа дейін көтерілерде лифт жасамай қалса, не істей аламыз, бұл да ең әуелі өзіміздің кемшілігіміз. Сіздерге пайдалануға берілетін көптеген жабдықтардың да сапасы сын көтермейтінінен де хабардармын. Себебі, маған қабылдауға өзінің өкпе-ренішісін, назын айтып келетін азаматтар осы проблемаларды менің алдымда қайта-қайта көтеріп жүр. Қарамағымдағы қызметкерлер осыларды назарға алып, бірігіп шешуіміз керек. Дегенмен, қаншама кедергілерге қарамастан, сіздердің қоғамдағы болып жатқан жайттарды қалт жібермей, белсенді араласатындарыңыз көңілге қуаныш ұялатады. Кейде он екі мүшесі сау адамдар салы суға кетіп, мемлекетке масыл болып отыратын жағдайлар да болады. Ал сіздердің араңызда тағдырдың сынына төтеп беріп қана қоймай, өзін және өз отбасын ғана емес, шаруасын дөңгелетіп, қаншама адамға нәпақа тауып беріп отырған мүгедек жандар жүр?! Өз тарапымнан сіздердің өмірлеріңіздің бояуы қанық болуына қолымнан келетін жәрдемімді жасауға дайынмын, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Одан соң өңір басшысы әлеуметтік әріптестік аясында үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өзара қарым-қатынасына белсене еңбек еткені үшін 10 қоғамдық ұйымның өкіліне Алғыс хат табыстады. Сондай-ақ, облыстық  мүгедектер қоғамының төрағасы Құбайдолла Бітіковке «Ақтөбе қаласына — 150 жыл» мерейтойлық медалін тапсырды. Ал кеш жүргізушілері марапатталғандармен «Менің жетістігім — менің елімнің жетістігі» тақырыбында блиц-сұхбат жүргізді.

Облыстық басқармалардың басшылары өз салалары бойынша мүгедектерді әлеуметтік қолдау және қорғауға арналған жобалары, жасалып жатқан жұмыстары туралы әңгімелеп берді. Бәрі де өз сөздерінде «Біз сіздермен біргеміз!» деуді ұмытпады. Қолдарынан келгенше көмектерін аямайтындарын айтып, уәде берді. Мұнда біз Батыс-2 шағын ауданынан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенін салу жоспарланып жатқандығын білдік. Болашақта ақтөбелік спортшыларымызды Паралимпиада чемпиондары тұғырынан көретін боламыз. Сондай-ақ, алдағы уақытта танымал әншілер, мемлекеттік қызметте жүрген өнерпаздар мүмкіндігі шектеулі жандармен бірігіп, «Екі жұлдыз» жобасын ұйымдастыратыны да белгілі болды.

Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ербол Данағұлов алғашқы қадамдарында жетістікке жеткен жаңа үкіметтік емес ұйымдарға аймақтың әлеуметтік өміріне белсене қатысқаны үшін Алғыс хат тапсырды.

Ал Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменова үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық қоғам құрудағы алатын орны мен рөлі туралы әңгімелеп, қоғамның ауыр жүгін көтеріп, әлеуметтік топтармен жұмыс істеп жүрген үкіметтік емес ұйымдардың басшыларын ортаға шығарып, оларға тоқталып өтті. Өз сөзін қатысушыларды жігерлендіретін сөздермен аяқтады. Ақтөбедегі ірі кәсіпкерлердің бірі Бану Тілегенова Құралай Байменоваға «Зәру» пантомен емдеу шипажайында демалып, ем қабылдауға 5 жолдама сыйлады.

Шара Ақтөбе облыстық оңалту орталығының педагогикалық түзету бөлімінің меңгерушісі Рауан Сейіттің «Ашық әлем» облыстық форумының қорытынды резолюциясын таныстыруымен түйінделді. Соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button