Жаңалықтар

Партиялық кадрлық резервке іріктеу басталды

Nur Otan партиясының Ақтөбе облыстық филиалы 28 қазаннан бастап Мұғалжар ауданында партиялық кадрлық резервке іріктеу жұмыстарын бастады. Осыған орай аудан орталығында партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дариға Исмағамбетова баспасөз мәслихатын өткізіп, партиялық кадрлық резервке ену үшін қойылатын басты талаптарды атап өтті.

21 тамызда  Партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен өткен Nur Otan партиясының кеңейтілген Саяси кеңесінің отырысы барысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасы қабылданып, Партия Көшбасшысы партияның белсенді мүшелерін топтастыру және кадрлық потенциалды қалыптастыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізуді міндеттеген еді. Осы тапсырмаға сәйкес, 28 қазаннан бастап 16 қарашаға дейін еліміздің барлық облыстарында партиялық кадрлық резервке іріктеу бойынша пилоттық жоба іске асырылады. Аталмыш жоба аясында партиялық кадрлық резерв іріктеуіне тікелей үміткер ретінде немесе дауыс беру кезеңіне қатысушы болуға территориалдық филиалдың әрбір партия мүшесінің мүмкіндігі қарастырылған. Бекітілген ережелерге сәйкес, филиалдың Саяси кеңесі бюросының шешімімен ұйымдастыру комитетінің, территориалдық деңгейдегі есептік комиссиясының және дауыс беру партиялық учаскелер бойынша комиссиялар мүшелері бекітілді, — деді Дариға Исмағамбетова.

Партиялық кадрлық резервке іріктеу Ақтөбе облысы бойынша пилоттық жобада тек Мұғалжар ауданында жүзеге асырылады. Оған жасы 20-дан асқан Мұғалжар ауданының азаматтары, яғни партия мүшелері ғана емес, Nur Otan партиясына кіруге ниет білдірген азаматтар да қатыса алады. Олар тиісті құжаттарын партияның Мұғалжар аудандық филиалына ұсынуы қажет.

Партиялық кадрлық резервке үміткерлердің және партия қатарына өткен жағдайда партия жақтаушылардың арыздарын 4 қарашаға дейін Қандыағаш қаласы, Самал шағын ауданы, 51 мекенжайы бойынша Мұғалжар территориалдық филиалында орналасқан ұйымдастыру комитеті қабылдайды.  Ұсынылған құжаттар талаптарға сәйкес болса, үміткерге тіркелгені және жобаға одан әрі қатысуға болатындығы хабарланады. 5 қарашадан бастап тіркелген үміткерлер ашық агитациялық кезеңге қатысады. Партиялық кадрлық резервтің іріктеуі бойынша дауыс беру процесі (жабық, құпия) 16 қарашада сағат 8.00-18.00 аралығында, бастауыш партия ұйымдарындағы партиялық учаскелерінде ұйымдастырылады. Бекітілген уақыт өткеннен кейін, қатысушылар дауыс беруді тоқтатады, ал есептік комиссиялар нәтижесін шығарып, мәліметтерді ұйымдастыру комитетіне жолдайды, ал ұйымдастыру комитеті жалпы филиал бойынша нәтижелерді анықтайды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button