Басты жаңалықтарМәселе

Оқиға тексерілген соң…

19 тамыз күні Шалқар қаласында пойыз астына құлап, екі аяғынан айрылған 33 жастағы Гүлжанат Бұхарбаева туралы жазған болатынбыз. Редакцияға зардап шегушіден хат келді. Ол облыстық еңбек инспекциясының шешімімен келіспейді. Осы орайда екі тараптың пікірін жариялап отырмыз.

 Зардап шегуші: шешіммен келіспеймін

Менің есімім Гүлжанат Бұхарбаева. Жасым 33-те. Үш баланың анасымын. Теміржолшымын. Шалқар стансасының кезекшісі болып жұмыс жасаймын. Осы жылдың 19 тамызы күні түнгі кезекшіліктен шығып, жолаушылар пойызының астына түсіп қалдым. Екі аяғымнан бірдей айырылдым. Екі айдан бері енді есімді жиып өз-өзіме келіп жатырмын. Әлі де алдымда бірнеше ота күтіп тұр.

Бұл оқиға  қалай болды? Кім кінәлі? Бұл сұрақтарға жауапты өзімнен артық ешкім білмейді. Мен туралы әлеуметтік желіде «өз-өзіне қол жұмсады» деген ақпарат тарады. Шалқар стансасының басшысы Жолдыбай Ізтілеуов оқиға болар- болмастан осындай ақпаратты барлық ватсап, инстаграм парақшаларына тараттырған. Мені өліп қалды деп ойласа керек.

Теміржолдың жұмысы өте ауыр, миың тынықпаса болмайды. Ал мен соңғы аптада  қатарынан 5 күн түнгі кезекшілікте тұрдым. Адам  жетіспегендіктен 3 адам ғана  кезекшілікте жүргеніміз тағы бар. 18 тамыз күні түнгі кезекшілігім өте ауыр болды. Жұмысымды бір жұтым су ішпей атқарып шықтым және бұған дейінгі басшымның көрсеткен моральдық қысымы бар қатты шаршап, жұмысты аяқтадым. Сондай әлсіреп келе жатып, пойыздың астына қалай құлап кеткенімді білмедім.  Тек кеудемді көтеріп, шыға алдым. Осыдан кейін іс қозғалып, тергеу басталды. Облыстың еңбек инспекциясына шағымдандым. Комиссия құрылды. Бірақ комиссия  өзімді кінәлі қылып шығарды. Менің бұндай күйге қалай түскенімді тексермеді. Тексеруге қатысты күмәнім көп. Себебі комиссия төрағасы Ұлмағанбетовтің орнынан ешқандай бұйрық шығармай Мұхтаров деген қол қойған. Ал Ұлмағанбетов мүлдем комиссия жұмысына қатыспаған.  Комиссияның қалай тексеру жүргізгені де белгісіз. Мені «функционалдық міндетінде көрсетілген жолмен жүрмеген» деп шешім шығарды. Егер мен рельстен-рельске секірсем бір жөн, мен бүкіл вокзал қызметкерлері жүретін, барлық адам жүретін жолмен жүрдім. Сондай-ақ оқиға мен жұмыстан шыққан  уақытта болды.  Сондықтан мен комиссияның шешімімен келіспеймін. Облыстық еңбек инспекциясының басшысы Саламат Аманбаевтан қайта комиссия құруын сұраймын. Сондай-ақ «Қазақстан теміржолы» АҚ ҰҚ компаниясының басшылығына бұл суицид емес, өндірістік жағдай екенін айтамын. Компания өзінің адал қызмет еткен жұмысшысының  тағдырына бейжай қарамайды деген үміттемін. Жасым отыздан енді асты, менің өмірім алда.  Аяққа тұрып, балаларымды жетілдіргім келеді. Осы мәселені  облыстық прокуратура жан-жақты тексеріп, адал шешім шығарса екен деймін.  Бұл жағдай жалғыз менің жаныма батқан жоқ. Жауапсыз басшының жала жапқандығы, мән-жайды білмей ақпарат таратқандығы отбасым, туған-туыстарымның да жанына қатты батты. Құзырлы органдардан көмек күтемін.

Комиссия: өндірістік жарақатқа жатпайды

Гүлжанат Бұхарбаеваның хаты бойынша облыстық еңбек инспекциясына хабарластық. Инспекцияның бөлім басшысы Талғат Искарин былай деп жауап берді:

—  Инспекцияға хабарлама түскеннен кейін Еңбек заңнамасы бойынша комиссия құрылды. Комиссия төрағасына Қалбибі Баймағанбетова бекітіліп, Серікбай  Елеуов, Самат Ұлмағанбетов мүше болды.  Барлық комиссия мүшесі 10 жұмыс күнінің ішінде мәселенің ақ-қарасын тексерді. Тексеру жұмыстары барлық талап бойынша сұрақ-жауап, оқиға орнына барып тексеру сияқты жан-жақты жүрді. Осы сұрақ-жауап түріндегі тексеруге зардап шегушінің қорғаушысы қатысты. Комиссия төрағасы зардап шегушімен сөйлесті. Аталған теміржол мекемесінде кезекшілердің кестесі бар. Ол жерде жеті кезекші жұмыс жасайды. Оның біреуі бала күтімімен үйде отырса, екіншісі еңбек демалысына шыққан. Қалған бесеуі жұмыс істеген. Еңбек кодексі бойынша ауысым мен демалыс арасы 12 сағаттан кем болмауы тиіс. Бұл талап сақталып отыр. Комиссия мүшелері барлық іс-қағаздарын, табель, кіріс-шығыс, кезекші журналдарын тексерді. Сондай-ақ магниттік дыбыс жазбаларын тыңдадық. Гүлжанат Бұхарбаеваның сол күні жұмыс уақытында соңғы рет жергілікті уақытпен сағат 8.03-те сөйлескені жазылған.  Құжаттарды тапсыру үшін келесі ғимаратқа барған. Ол жерден өзінің сөзі бойынша 8.20-да шыққан.  Осыдан кейін теміржол арқылы перонның келесі бетіне шығады. Жол жабық болғандықтан кейін қайтады. Бұл уақытта «Алматы-Ақтөбе» пойызы келіп тұрады. Оқиға 6-вагонның қасында болады. Пойыз жергілікті уақытпен 8.56-да жүріп кетеді. Тексеру нәтижесі бойынша Еңбек кодексінің 186-бабы 3- тармағы, 1-тармақшасына сүйеніп, комиссия  оқиға өндірістік жарақатқа жатпайды және есепке алынбайды деген шешім шығарды.

P.S.

Аталған мәселе бойынша екі тараптың пікірін бердік. Зардап шегуші Гүлжанат Бұхарбаеваға хабарласып, оқиғаның қалай болғанын өз аузынан сұрадық. Теміржол мекемесінде жеті жылдан бері жұмыс жасайтын келіншек

комиссияның шешімімен мүлде келіспейді. Әрі қарай құзырлы органдарға шағымданатынын айтты. Бес күн бойы түнгі кезекшілікте тұрып, үш адамның ғана жұмыс жасағаны ескерілмегенін жеткізді.  Мәселенің ақ-қарасын құзырлы орындар анықтайды деп сенеміз.  

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button