Экономика

Әлеуметтік жобалар тиімді ме?

Үкіметтік емес ұйымдар

Жергілікті және республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бағдарламалар мен жобалар қаншалықты тиімді? Оларды кім бағалап отыр? Ақша желге ұшып жатқан жоқ па? Жақында «Ақтөбе» қонақүйінде «Мониторинг және бағалау» тақырыбында өткен семинарға қатысушылар осы сұрақтарға жауап іздеді. Аталған шараға облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Нұржамал Тұржанова, аудандардағы ішкі саясат бөлімдерінің өкілдері, Ақтөбе облысындағы үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті Айгүл Дүйсенова, бүгінгі күні белсенді жұмыс істеп келе жатқан үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Жиынға мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындаушылармен бірге мемлекеттік тапсырыс берушілер де қатысты. Облыстық ішкі саясат басқармасының маманы Нұржамал Тұржанованың айтуынша, өткен жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, мониторинг жасау және бағалау жөнінде бұйрық қабылдаған.

Оның мақсаты — республика көлемінде жүзеге асырылатын әлеуметтік жобалардың нәтижелілігін анықтау. Мұндай  бағдарламалар мен жобалардың тиімділігін арттыруға тапсырыс беруші де, оны орындаушы да мүдделі. Сондықтан бұл шараға тоғыз мемлекеттік органның, соның ішінде облыстық ішкі саясат, жастар, дін істері, тілдерді дамыту, мәдениет және мұрағаттар, білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, қалалық, барлық аудандық ішкі саясат бөлімдерінің өкілдері келді, — дейді Нұржамал Тұржанова.

Бұл жерде осы уақытқа дейін әлеуметтік жобаларға берілген бюджет қаржысының есебі алынбаған ба деген ойдың басы қылтиып тұрады. Нұржамал Тұржанованың айтуынша, әрине, қаражат бар жерде, есеп болады.

Алайда жыл өткен сайын әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін қыруар қаржы бөлініп отыр. Айталық, жыл басынан бері 14 бағыт бойынша жүзден астам әлеуметтік жобаға бес жүз миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, қазіргі таңда белсенді ұйымдар аталған жобаларды жүзеге асырып жатыр. Өткен жылдан бері біз мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне осыны айтып жатырмыз, — дейді облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы.

«Ақтөбе облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Айгүл Дүйсенова:

— Бұл — көптен бері ойда жүрген семинар. Әрине, үкіметтік емес ұйым болған соң, әлеуметтік жобалардың тиімділігі, оған бөлінетін қаражатқа ұқыпты қарау, оның жауапкершілігі маңызды. Сондай-ақ, мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан бөлінетін қаражаттың есебі де болатыны анық. Өкінішке қарай, қазір қоғамда «коммерциялық емес ұйымдар тек ақша үшін құрылады» деген пікір бар. Бәлкім, мұндай пиғылдағы ұйымдар бар шығар, бірақ үкіметтік емес ұйымдар негізінен белгілі бір мақсатты аудитория үшін жұмыс істейді. Әрбір коммерциялық емес ұйым өзінің ұстанған бағыты, көтеретін мәселелеріне сәйкес,  мақсатты топтағы адамдармен жұмыс істейді және олар өз ісін мемлекеттік тапсырыс берушілерден де артық білуі мүмкін. Бұдан келіп екінші мәселе туындайды — кейде осындай ұйымдар мемлекеттік тапсырыс аясында сол мақсатта топ үшін пайдасы жоқ шаралар ұйымдастыруға мәжбүр болады. Себебі коммерциялық емес ұйымдар мемлекеттік тапсырыс бойынша техникалық сипаттамада көрсетілген талаптардан ауытқымауы керек. Мысалы, кейде ешқандай мән-мағынасы жоқ флешмобтар ұйымдастырылып жатады, оның орнына әлдеқайда тиімді шаралар ұйымдастырылса, дұрыс болар еді, — дейді.

Бүгінде облыста әділет басқармасында тіркелген 700-ге жуық коммерциялық емес ұйым бар. Оның 110-ы ғана белсенді жұмыс істеп жатыр. Бірлестік төрайымының айтуынша, қазір осындай белсенді жұмыс істеп жатқан коммерциялық емес ұйымдардың базасы жасақталып жатыр.

Мемлекеттік тапсырыстың техникалық сипаттамасы жасалар кезде белгілі бір мақсатты топтың қажеттіліктері анықталуы тиіс, бұл бағытта тапсырыс беруші мемлекеттік орган әлеуетті жеткізушілердің де ұсыныстарын тыңдағаны жөн, — дейді Айгүл Дүйсенова.

Аталған жиын барысында біз әлеуметтік жобаларды орындап жүрген белсенді үкіметтік емес ұйымдардың бір-екеуімен әңгімелескен едік.

Семинарға қатысушылардың бірі — «Қарғалы-Бастау» қоғамдық ұйымының төрағасы  Айнұр Қартбаева.

 — Осыдан он шақты жыл бұрын үкіметтік емес ұйымның не екенін білмейтінбіз. Ол қандай ұйым? Қалай бастаймын? Неден бастау керек? Сол кезде осындай сауалдар маған маза бермеді. Содан әкімдіктегілер маған біздің облыста бірінші боп үкіметтік емес ұйым ашқан Айгүл Дүйсеновамен кездесуге кеңес берді. Ақтөбеге арнайы барып, кездесіп, кеңесіп қайттым. Сөйтіп, 2013 жылы «Қарғалы-Бастау» қоғамдық бірлестігін құрдым. Содан бері аудандағы барлық қоғамдық шараларға қатысып келеміз. Ал мынадай семинардан үйренеріміз көп. Мемлекеттік тапсырысқа конкурс жариялау, оған қатысу, ұтып алған жағдайда шараларды тиімді ұйымдастыру, тапсырыс берушімен жұмыс істеу, есеп-қисап жасау мәселелерін үйрендік. Өте пайдалы ақпараттар айтылды, — дейді Айнұр Қартбаева.

«Қуаныш — дыбыста» кохлеарлы импланттағы азаматтар мен балаларды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәрзия Мұхамбетьярованың айтуынша, белгілі бір мақсатта құрылған коммерциялық емес ұйымдар мақсатты топтың мәселелерін мемлекеттік органдардан әлдеқайда жақсырақ біледі, әлбетте осы топпен қалай тиімді жұмыс істеу қажеттігін де жақсы біледі.

Мысалы, кохлеарлы импланттағы азаматтар мен балалар үшін не қажет екенін біз жақсы білеміз. Мемлекеттік органның әлеуметтік тапсырысы бойынша техникалық сипаттама аясында  кейде біздің мақсатты топқа аса қажет емес шаралар болады, мұндай тиімсіз шаралар үшін ақшаны да, уақытыңды да босқа жұмсағың келмейді, одан да сәл де болса пайдалы жұмыстармен айналысқың келеді, — дейді Мәрзия Мұхамбетьярова.

Қатысушылар осы саланы жетік білетін Абай Мырхиннің дәрісінде мемлекеттік тапсырыс беруші мен орындаушылар үшін аса қажетті ақпараттар берілгендігін, семинардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, осы бағытта осындай шаралардың жиі ұйымдастырылуы қажеттігін айтты. Оқу семинары соңында қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.

Р.S. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы өзінің Жолдауында азаматтық қоғамды дамыту қажеттігін, осы мақсатта үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру керектігін айтқан болатын. Осыдан 10 жыл бұрын құрылған Ақтөбе облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына барынша үлес қосып келеді. Айталық, жастарға патриоттық тәрбие беру, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау, қайырымдылық шараларын, еріктілерді қолдау бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік органдар қоғамдағы түрлі мәселелерді бірлесе шешуде үкіметтік емес ұйымдарға үлкен сенім артады. Қай кезде де «келісіп пішкен тон келте болмайтыны» анық.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button