Әдебиет

27 томдық жинақ жарық көрді

Жуырда облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен, белгілі ақын, көсемсөзші, «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлының бастамасымен «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен жергілікті ақын-жазушылардың 27 томдық еңбектері жарық көрді.

«Ақжар АБК» ЖШС баспаханасынан басылып шыққан кітаптардың әрқайсысының таралымы — 1000 дана. Көлемі — әрқайсысы 20 баспа табақ, 300 бет.

27 томдық жинаққа Ақтөбеден шыққан белгілі ақын-жазушылардың, сондай-ақ жас қаламгерлердің таңдаулы шығармалары енгізілген. Атап айтсақ, олардың қатарында Мейірхан Ақдәулетұлы, Төлеміс Меңдіғалиев, Жұманазар Асанов, Зәкіржан Кәлкенбаев, Амантай Өтегенов, Зияш Телеуова, Бижан Қалмағанбетов, Гүлімай Әбішқызы, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Тынымбай Төлепбайұлы, Жақсылық Айжанов, Бауыржан Құрманқұлов, Қуаныш Ахметов, Сағындық Ниянқұлов, Нұрлыбек Қалауов, Серік Сатанов, Индира Кереева, Жанна Елеусіз, Ершат Қайболдин, Нұрлыхан Аитова, Гүлжайнар Қалдина, Балагүл Бакиева, Гүлжаһан Төреханова, Ақілгек Мырзабай, Әлімбай Ізбай, Ардақ Қонақбаева, Бердібай Кемал, Сәтжан Дәрібай, Есентүгел Әзи, Индира Өтеміс, Жанар Нұрғали, Сәндібек Жұбаниязов, Базарбай Иман, Талғат Тілеулесов, Нұрлыбек Жұбатқан, Зиядин Әбдуалиев, Мұханбетәли Есмағанбетов, т.б. бар. Аталған қаламгерлердің көбінің шығармалары жеке жинақ болып шықса, бірқатарының туындылары бір жинаққа біріктілген. Ал серияның соңғы 50-томы ең дарынды жастардың шығармашылығына арналған.

Аталған кітаптарды шығаруда елеулі еңбек етіп, жобаға жетекшілік еткен белгілі ақын, көсемсөзші Мейірхан Ақдәулетұлының айтуынша, «Ақтөбе кітапханасы» сериясы бойынша бұған дейін жергілікті қаламгерлердің 50 томдық жинағы шығуы тиіс болатын.

2011 жылы басталған, әдебиет үшін өте қайырлы серияның кешеге дейін 23 томы ғана жарық көрген, қалған 27 томы биыл облыс әкімінің тікелей көмегімен басылып шығып, бастағы жоспар толық орындалды.

Енді толық серия жинақ облыстағы кітапханаларға қойылып, оқырмандардың жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын оқуына мол мүмкіндік туады.

Үш айда жүзеге асырылған жобаның арқасында осылайша ақтөбелік қаламгерлердің таңдаулы шығармалары оқырманға жол тартты.

Айта кету керек, 27 томдық жинақтың тұсаукесер рәсімі қараша айына жоспарланған.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button